ТМД елдері архив саласының ортақ мәселелері талқыланды
Алматы қаласында Архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының 3-ші отырысы өтті. Кездесуде екі елдің архив саласын цифрландыру, бірлескен жобаларды іске асыру, Ресей Федерациясы архивтерінің қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттарды табуға, олардың көшірмелерін алуға, пайдалануға және ғылыми айналымға енгізу аясында өзара ынтымақтасу, сондай-ақ, «Ресей мен Қазақстандағы ашаршылық. 1927-1934 жж.» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты бірлескен құжаттар жинағын аяқтау және жариялау, оның тұсаукесерін бірлесіп өткізу мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды.
Күннің екінші жартысында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения архив саласы өкілдерінің қатысуымен ТМД мүшелерінің мемлекеттік архив қызметтері басшылары Консультативтік кеңесінің 18-ші отырысы өтті.
Отырыс барысында барлық қатысушылар еліміздегі архив ісінің жай-күйі туралы, оның ішінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер, ақпараттық жүйелер мен электрондық архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және архив саласының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы ақпаратпен танысты.
Сонымен қатар, 2020-2021 жылдардағы ТМД елдеріндегі архив ісінің жай-күйі мен дамуы туралы талдамалық шолу ақпараттары (құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және есепке алуды, архив қорларының құжаттарына ғылыми-анықтамалық аппарат жүйесін ұйымдастыру, архив құжаттарын пайдалану және оларға қол жеткізу, мұрағаттарды ақпараттандыру) баяндалды.
Шетелдік тараптар архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелермен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш еліміздің архив саласының жетістіктерін, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу барысы туралы тоқталып өтті.
ТМД елдері азаматтарының әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру мен құқықтарын қорғау мақсатында кеңеске қатысушы елдердің архившілері «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеке құрамы бойынша құжаттарды сақтау орындары туралы» деректер базасына қосылу бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жолдарын анықтады.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары шеңберінде Консультативтік кеңестің қатысушыларымен Қазақстан тарихы бойынша шетелдік архивтердегі құжаттарды анықтау мен сатып алу және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында архив құжаттарымен алмасуға арналған өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Жиналыс барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова Қазақстан мен Ресей архивтерінің арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа тоқталып өтті.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «…бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр», – деген болатын.
Осыған байланысты 2019 жылдың 20 желтоқсанында Үкіметтің Қаулысымен «Архив-2025» кешенді жоспары қабылданған еді. Бұл жоспар бойынша Ұлттық архив қорын шетелдік архивтерде, музейлер мен ғылыми мекемелерде сақталған тарихи құжаттарды елімізге әкеліп, ғылыми айналымға енгізу мақсаты алға қойылған.
Аталмыш бағдарлама аясында еліміздің архившілері Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург. Омбы, Красногорск, Саратов, Самара және басқа да қалаларының архивтерінде болып, 5 мыңнан астам парақ болатын құжаттар көшірмелері мен 114 көне фотосуреттерді елімізге алып келді», – деп атап өтті С. Нұрланова.
Басқосудың екінші күнінде Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта Ұлы Отан соғысында қаза болғандары еске алу мақсатында Даңқ Мемориалының жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоғы қойылды.
Халықаралық іс-шара аясында шетелдік делегаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің және Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жұмыс барысымен және Ұлттық архив қорының тарихи құжаттарынан әзірленген көрмемен танысты.