ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ұлттық архив жұмысымен танысты
Бүгін, 10 ақпан күні ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ұлттық архив мекемесінде болды. Министр алдымен Ұлттық архивте сақталған ведомстволық құжаттар көрмесімен танысты. Көрмедегі мемлекетіміздің жаңа тарихындағы тағдырлы өзгерістердің куәсі болған құнды құжаттарға зер салып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында елімізге жеткізілген жауһар-жәдігерлерді көрді.
Одан әрі министрге Ұлттық архивтің негізгі бағыттарын мекеме директоры Сағила Нұрланова баяндап, «Архив-2025» жобасы аясында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды толығырақ тарқатты. Жоба аясында ұлт қазынасын қалпына келтірумен белсенді айналасып жатқан зертхана жұмысын да көрсетті. Мекеме директоры «Мұнда құжаттар жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін планетарлық сканердің арқасында сканерден өткізіледі. Құжаттарды сканерден өткізу түпнұсқаның сенімді қорғалуына негіз болады. Сонымен қатар архивте сақталған құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыру да жеңілдейді. Архив құжаттарын цифрландыру оны ғылыми айналымға енгізумен қатар, зерттеушілер мен халыққа цифрлық форматта қолжетімді етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Өз кезегінде министр құжаттарды цифрландыру, саланы автоматтандыру бағытында атқарылған шараларды оң бағалап, жүйелі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Келесі кезекте Дәурен Абаев архивтік құжаттар сақталатын қойманы аралады. Мәдениет министрі мекеме жанынан ашылған Мемлекеттік архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының жұмысымен де танысты. Мекеме директоры орталықтың жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, орталыққа ақпараттық технологияларды енгізу бойынша қабылданған шараларды атап өтті. Айта кету керек, мұнда архив ісінің мамандары құжат айналымы, ұлттық архив қорын толықтыру, сақтау және пайдалану мәселелері бойынша дәрістер тыңдап, кеңінен ақпарат ала алады.
Мекеме ғимаратын аралау барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ұлттық архив жұмысына оң баға беріп, дәуір демі, ғасырлар қазынасы жинақталған архив қызметіндегі әрбір мәселе басты назарында болатындығын айтты. Сондай-ақ архив ісін одан әрі дамытуға қашан да қолдау білдіретіндігін жеткізді.
*
*
*
*
*
*
*