Көшпенділер көкжалдарының соңғы көші
2021 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен «Көшпенділер көкжалдарының соңғы көші» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Офлайн және онлайн форматында өткен халықаралық іс-шараға ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Еркін Әбіл, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің экс-спикері, Қырғыз Республикасы Дипломатиялық академиясының вице-президенті, т.ғ.д., академик Зайнидин Қурманов, Ресей Федерациясы Удмурт мемлекеттік университеті «Қазіргі этносаяси зерттеулер» ғылыми-білім беру орталығының директоры, т.ғ.к., доцент Денис Черниенко және басқа да отандық һәм шетелдік тарихшы ғалымдар қатысты.
І. Есенберлин шығармаларының негізінде өткен ғылыми-практикалық конференция барысында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Амангелді Қашқымбаев ғалымдарды «Көшпенділер көкжалдарының соңғы көші» атты кітабының сигналдық нөмірімен таныстырып, кітаптың баспадан басылып шығып жатқанын атап өтті. Аталмыш кітаптың тұсаукесері 14 қаңтарда ұлы жазушы І. Есенберлиннің туған күніне орай өткізілетінін хабарлады.
Жуырда 70 жас мерейтойын атап өткен тарихшы ғалым Амангелді Нұркейұлын Ұлттық архивтің директоры Сағила Есімсейітқызы арнайы құттықтап, мақтау марапатын ұсынды.
– Осынау саналы ғұмырыңызда сіз туған халқыңыздың өлгенін тірілтіп, өшкенін жағу жолында аянбай тер төгіп, еліміздің тарих ғылымдарына өлшеусіз үлес қосып келе жатырсыз. Осы ұлы жолда сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, сарқылмас сабыр мен темірдей төзім тілейміз! – деп атап өтті Сағила Есімсейітқызы.