Елордада Ұлттық архивтің 15 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
2021 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 15 жылдығына арналды.
Конференция жұмысына еліміздің жоғары саяси басшылығының, ақпараттық-зерттеу орталықтарының, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстанның мемлекеттік және ұлттық архивтерінің өкілдері, Қазақстанның жаңа тарихы мен ғаламдық саяси трансформациялар саласындағы сарапшылар мен мамандар және т.б. қатысты.
Қатысушылар дербес Қазақстанның қалыптасу стратегиясының ерекшеліктерін және Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың архив саласын дамыту призмасы арқылы елді өркендету мен жаңғырту жолындағы тарихи рөлін талқылады.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің құттықтау хаты оқылды. Құжатта: «Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерткіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызы бар құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды.
Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – Сіздер атқарып жатқан ізгілікті іс екені сөзсіз!
Отандық архив ісі саласын жетілдіру, құжаттық мұраны сақтаумен қатар, шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына қомақты үлес қосып келе жатырсыздар!», – деген ізгі тілектері мен парасатты пайымы қатар өрілген.
Ал ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатында Ұлттық архивтің атқарып отырған қызметіне: «Адам санасының тұңғиығына жетіп болмайтын, ұшы-қиырсыз тарихтың асыл қазынасы – ол архив. Архив шежіре-кеніш, шежіре-сыр. Олай болса, мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған тарихтың қарашаңырағы – Ұлттық Архивтің 15-жылдық мерейтойы да құтты болсын!
Архив – ата-бабаларымыздың тарихын ғана емес, олардың арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын, парасаты мен үлгі-өнеге өсиеттерін сақтап отыратын киелі орын. Архив қорындағы әрбір құжат – өткенді саралайтын, тарихты түгендейтін екінші нұсқасы жоқ ақпараттар болып табылады. Айғақтар мен дәйектер арқылы көмкерілген тарихи сана – түптеп келгенде сананы қалыптастыратын құнды құрал.
Тарихымыздың тереңдігін, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің баяндылығын төрткүл дүниеге мойындатудағы Қазақстан архивтерінің рөлі өте зор», – деген жоғары баға берілді.
Сонымен қатар, іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков те құттықтау хат жолдап, ізгі тілегін білдірген: «Кез келген мемлекеттің мұрағаты сол елдің қағазға қатталған өткені мен бүгінін көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат етеді. Архив – ұлт тарихының алтын қоймасы, қастерлі қазынасы. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргесі қаланған Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві егемен елдің құнды құжаттарын шашау шығармастан болашаққа жеткізу миссиясын бұлжытпай орындап келеді. Бүгінде ол ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану арқылы мұрағат құжаттарының жалпы әлеуметке қолжетімділігін едәуір арттырып, архив ісі және құжаттану мәселелері бойынша халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыра алатын әдістемелік орталыққа айналып отыр. Қазақстанның жаңа тарихын жасауға тікелей атсалысып, архив қоймасында егемендіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейінгі ең маңызды оқиғаларды баяндайтын құжаттық деректер қорын қалыптастыруда көз майын тауысып, маңдай терін төгіп келе жатқан архив қызметкерлеріне әрқашан алғысымыз зор».
Конференцияның пленарлық бөлігінде Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтау баяндама жасады.
– 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңның қабылдануымен Қазақстан архив ісінің дамуындағы шешуші кезең басталды. Кейін оны дамыту үшін архив саласында негізгі нормативтік құқықтық құжаттар әзірленіп, қабылданды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Архив-2025» бағдарламалары архив саласын дамытудың басымдықтарын айқындаған тұжырымдамалық құжаттарға айналды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және Президент Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақалаларының маңызы жоғары болды. Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құру туралы тапсырмасын да осы тұрғыдан қарастырған жөн», – деп атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ұжымын 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Тәуелсіздік жылдарында архив ісі саласындағы көптеген мәселелер зерделеніп, қайта қаралды. Атап айтқанда, Үкіметтің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен Ұлттық архив қорын отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханаларда және ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихы жөніндегі құжаттарды толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік архивтердің жұмысын толықтай автоматтандыратын және олардың келешек ұрпақ үшін сақталуын қамтамасыз ететін «Электронды құжаттардың бірыңғай мұрағаты» ақпараттық жүйесін әзірледі. Бүгінде республикада 200-ден астам мемлекеттік архив мекемелері мен олардың филиалдары жұмыс істейді, олардың бесеуі – республикалық деңгейде. Ұлттық архив қоры құжаттарының және жеке құрам бойынша құжаттардың көлемі 25 миллионнан астам сақтау бірлігін құрайды. Жыл сайын архив қорының көлемі орта есеппен 400 мың сақтау бірлігіне артып келеді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві Ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары Мирболат Жақыпов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстан ТМД-да цифрландыру бойынша көшбасшы елге айналғандығын тілге тиек етті.
Конференцияның бірқатар отандық және шетелдік қатысушылары бейне байланыс арқылы талқылауға қосылды.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас және достас Қазақстан Республикасын тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және Ұлттық архивтің 15 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Елдеріміз бен мекемелер арасындағы тығыз қарым-қатынас пен сенімді серіктестік одан әрі жақсарады деп үміттенемін. Біз Қазақстанмен архив саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз, – деді Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтің директоры Угур Юнал.
БАӘ Ұлттық архивінің бас директоры Абдулла Аль-Райси өз бейнежолдауында Қазақстан Республикасын тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
– Ұлттық архив делегациясымен 2019 жылы Абу-Дабиде өткен архив саласын дамыту жолдарын талқылаған алғашқы кездесуіміз еске түсіп тұр. Біз Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық архивтер қызметін өркендетуге бағытталған ынтымақтастық және тығыз байланыс орнату Меморандумына қол қойғанымызға қуаныштымыз. Бір-бірімізге жиі келіп, идеялармен, тәжірибемен, делегациялармен алмасамыз деп үміттенеміз, – деп атап өтті ол.
Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Жумабай Бечеков өз баяндамасында Қырғызстандағы архив ісінің даму тенденциялары мен болашағы туралы айтты. Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Аманжолова өз баяндамасында «Қазақстанның жаңа тарихының жасампаз векторы: мемлекет және көшбасшы тұлғасы» тақырыбын тарқатты. Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев және түркі халықтарының бірлігі идеясы» тақырыбында баяндама жасады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры Аққали Ахмет ақпарат ғасырындағы архивтің рөлі тақырыбына тоқталды. Өзбекстан Республикасы «Узархив» агенттігінің ақпараттық қызметінің жетекшісі Анваржон Алиев архив ісін басқару үшін ақпараттық жүйелерді құру мен енгізудің әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша ой бөлісті.
Конференция соңында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова Ұлттық архивтің 2006 жылы құрылған кезінен бастап бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолы мен атқарған қызметі туралы баяндама жасады.
«ҚР Ұлттық архивінің қызметкерлері көптеген жылдардан бері «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапон, Ресей елдерінің архивтеріне іс-сапарлармен барып, еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттар мен бағалы жәдігерлерді елге алып келгенін атап өту керек.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нақтылап айтсақ, негізгі мақсаттар мен міндеттер белгіленіп, архив тарапынан берілген шетел архивтері мен мәдени орындарында сақталған Қазақстан тарихына қатысты деректерді айқындап, көшірмелерін алу, жариялау, оларды сандық жүйеге көшіру, материалдық базаны жақсарту, қажетті заманауи құралдармен қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер қамтылған», – деп атап өтті ол өз сөзінде.
Конференция қорытындысы бойынша қарарға қол қойылды.