Жолдасбеков жолы
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің алғашқы жеке қор құрушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, түрколог, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың туған күні.
Атағы Алатаудай биік ағамыз сексеннің төртіндегі сеңгірде сергек қалпымен, биік тұлғасымен, абыройлы атағымен асқақ көрінеді.
Жыр алыбы Жамбылдың атымен аталатын облыстағы Талас ауданы, Ақтөбе ауылында өмірге келген тұлға 17 ақ жасында Ақкөл аудандық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарып, үлкен де күрделі өмір жолын бастаған. ҚазМУ-ді үздік бітіріп, университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасында ассисент, аспирант, аға оқытушы, доцент, филология факультетінің деканы, Талдықорған педагогика институның ректоры сияқты сатылармен біртіндеп жоғары көтеріле түсіп биіктерді бағындырды. Аянбай еткен еңбек, төккен ащы тері мен елге деген үлкен жүрек, сүйіспеншіліктің арқасында тіпті де шарықтай түсіп, Қазақстанның білім министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі дәрежесіне дейін көтерілді.
Тәуелсіздіктің басынан бастап тәжірибелі де білікті тұлға ел ісіне белсене араласып, Мемлекеттің қалыптасуы жолында жемісті еңбек етті. 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-минстрінің орынбасары қызметін атқарып, ел дамуына үлесін қосты. Атқарған адал қызметі, жоғары біліктілігі үшін 1993-1997 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сынды жауапты қызмет істеді, кейін елге оралып Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры болды. 2000-2006 жылдары Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарды.
Ұзақ та күрделі қызмет жолдары бұнымен тоқтап қалмайды, ел ісіне бел шешіп кіріскен М. Жолдасбеков Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры болды. Жылдан жылға өсе түскен тұлғаның ел мен жер, ұлт пен тарих үшін сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Қазақ әдебиетін зерттеп, Жамбыл Жабаев шығармашылығын танытуға мол үлесін қосты, Түрік қағанаты дәуіріндегі Орхон-Енисей ескерткішіндегі жазбаларды көптеген ғалымдардың арасынан алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын жасап шықты және ғылыми айналымға енгізді.
М. Жолдасбековтың Ұлттық архив қоймасында сақталған жеке қоры болашақ ұрпақтың тәлім-тәрбие алуына, зерттеп-зерделеуіне, үлгі алуына таптырмас қазына болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архив ұжымы осы шағын жазбамызда Жолдасбековтың өмір жолын шолып өту арқылы жеке қор иесін мамырдың мамыражай шағына тұспа-тұс келген 84 жас туған күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тілейді және «Ел ағасы болып аман жүре беріңіз, қара ормандай халқыңызды өрлік пен ерлікке, рух пен сенімді жаңашылдыққа бастай беріңіз!»- деген тілегін білдіреді.