Орталық мемлекеттік архивке жаңа басшы тағайындалды
Құрметті Сәбит Қамытбекұлы, Сізді өзімнің және басшылық ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві ұжымы атынан жаңа лауазымға тағайындалуыңызбен құттықтаймын!
Сіздің архив қауымдастығы саласының қордаланған өзекті мәселелерін көтеріп, еліміздің құжаттық мұрасын сақтауға үлкен мән беретініңіз белгілі. Оның ішінде атап айтар болсақ қазіргі жаһандану заманында құжаттарды сандық форматқа ауыстыру, кадрлар дайындау, тарихи құнды құжаттарды көздің қарашығындай қорғаумен қатар, оны қалың көпшілікке таныту және халық игілігіне айналдыру!
Бүгінде Сіз тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары, беделі зор тұлғаның бірісіз. Қандай сала болмасын сапалы қызметіңіз бен ұтымды істеріңіз, аса қарапайым мінезіңіз бен байыптылығыңыз, азаматтық бітім – болмысыңыз көпке үлгі болып, тиімді жұмыс істеуге көмектеседі деп сенім білдірем.
Сізге жүрер жолыңыздың ұзақ, асар асуларыңыздың биік, кәсіби жеңістеріңіз мол болуын тілеймін!
Құрметпен,
ҚР Ұлттық архивінің директоры
Сағила Нұрланова
Сәбит Қамытбекұлы – 1998 жылы Абай атындағы АлМУ-дың тарих факультетін, 2001 жылы аспирантурасын бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты (2001 жыл).
Ол Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Әкімшілік департаменті Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы (2002 ж.), Қоғамдық пәндер кафедрасының аға оқытушысы (2002-2006 ж.ж.), доцент міндетін атқарушы (2006-2008 ж.ж.); Абай атындағы ҚазҰПУ доценті міндетін атқарушы (2008-2011 жж.), Магистратура және PhD докторантура институты директорының ғылым және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары (2011-2014 жж.); «Алматы» университетінің деканы (2014-2015 жж.), «Алматы» университетінің ректоры (2015-2017 жж.); Абай атындағы ҚазҰПУ Білім алушыларды қабылдау орталығының директоры (2017-2018 жж.); Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі (2019 жылдың қаңтарынан) қызметтерін атқарған.
200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 200-ден аса публицистикалық, журналистік зерттеу және саяси сараптама сипатындағы мақаласы ҚР БАҚ-да жарық көрген. М. Әуезов атындағы сыйлықтың (2003 ж.) және ҚР Жастар Одағы «СЕРПЕР» сыйлығының лауреаты (2010 ж.).