Архив ісінің майталманы
Бүгінде еліміздің архив саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан отандастарымыз баршылық. Солардың арасында еңбексүйгіштігімен, белсенділігімен көзге түскен, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің тұңғыш директоры, жеке қор иесі Рысты Халесқызы Сариеваны ерекше атап өтуге болады.
***
***
Рысты Сариева 1949 жылы 28 наурызда Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы, Орда селосында дүниеге келген. Өз ісін әркезде де абыроймен атқара білген Р.Сариева 1974-1989 жылдары аралығында Торғай облысы Халықтық депутаттар кеңесінің Арқалық аудандық атқару комитетінің төрайымы, Қазақстан Коммунистік партиясы Қима аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Ол 1991 жылы Қазақстан Министрлер кабинеті мен Президент Аппаратының Халыққа білім беру, мәдениет және жастар ісі бөлімінің аға референті, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыс министрлігі Торғай облыстық сыртқы экономикалық байланыс басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
«Тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Сол тарих архив қойнауында жатыр. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен тұста егемен еліміздің архив саласына елеулі өзгерістер енгізіп, жандандыру Р.Сариеваға тапсырылып, 1997 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивіне директор болып тағайындалды. Р.Сариева аз уақыт ішінде архив төңірегіндегі мәселелерді меңгере отырып, еліміздің тарихындағы алғашқы 1998 жылдың 22 желтоқсанындағы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңның қабылдануына зор үлес қосты. Алғаш рет архив ісінің мемлекеттегі орны мен атқаратын рөлі заңды түрде анықталып, оның құзырының шеңбері, қызмет ету және басқа салалармен қатынасы тұжырымдалды.
Осы кезеңде заңнан тыс, архив ісі бойынша 70-тен астам нормативтік-құқықтық құжаттар дайындалды. Р. Сариеваның басқаруы мемлекеттік архивтер жүйесін нығайтып қана қоймай, жаңа ғимараттардың ашылуына септігін тигізді. Елордада 1 млн сақтау бірлігіне арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің құрылысы жүргізілді, Үкіметтің қаулысымен 5 республикалық мемлекеттік архив мекемесіне жеке заңды тұлға статусы берілді. Тарихи деректер көзін зерттеу және пайдалану әдістемелерін дайындау, археография және деректану төңірегінде ғылыми зерттеулер жүргізу, шетел мемлекеттерінің ғылыми мекемелері мен архивтеріндегі Қазақстан тарихына қатысты архив құжаттарының көшірмелерін алу жұмыстарын жүргізді. Р.Сариеваның тікелей басшылығымен Үкімет қаулысымен бекітілген «2001-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы архив ісінің дамуының тұжырымдамасы және бағдарламасы» дайындалып, халықаралық қатынас орнығып республика үшін ғылыми, мәдени-тарихи маңызы бар шетел мемлекеттерінің ғылыми мекемелері мен архивтерінен XV-XX ғасырлар аралығындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды іздеу мен алу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. 2005 жылы «Қазақстан архивтері» атты ақпараттық және ғылыми-тәжірибелік журналды шығаруға тікелей атсалысты, қазіргі таңда аталған журнал архив саласының қызметкерлеріне әдістемелік-тәжірибелік журнал болды. Сондай-ақ жұмыс тәжірибесінде ғылыми-әдістемелік құралдармен алмасу, тарихи-мәдени құжаттық мұраны сақтау мәселелері бойынша дүниежүзілік мәселелер мен міндеттерді шешу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын қазіргі заман талабына сай ақпараттық технология енгізді. Сонымен қатар Р.Сариева бірнеше кітаптың және 110-нан астам ғылыми басылымдар мен мақалалардың авторы.
***
***
Р.Сариеваның Исландия, Франция, Австрия, Қытай елдеріндегі бас ассамблея отырыстарына, халықаралық мұрағаттар кеңесінің конференцияларына қатысуы нормативтік-құқықтық, ғылыми-әдістемелік базаларын құру мәселелері бойынша және архив ісі жөнінде мекемені материалды-техникалық базамен жетілдіру, жаңа ақпараттық технологияны енгізу, халықаралық ұйымдарға Қазақстан және оның астанасының жетістіктері туралы насихаттауы мемлекетіміздің мәртебесін көтеруге үлес қосты.
2001-2008 жылдары аралығында Р.Сариева екі мәрте Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімі төрағасының орынбасары болып сайланды. Соның нәтижесінде еліміздің астанасында қабылданған құжаттар еуразиялық ұғымның қалыптасуына, әріптестіктің нығаюына, ТМД елдерінің қатысушы архивтер қызметтері арасында тиімді ынтымақтастықтың қалыптасуының негізіне айналды.
Мемлекеттік басқару органдарында көп жылғы және мүлтіксіз атқарған еңбегі мен лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін мемлекеттік медальдармен марапатталды.
2003 жылы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен мемлекеттік қызмет барысында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының және мәдениетінің дамуына маңызды үлес қосқаны үшін Р.Сариеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Рысты Сариева архив саласына қажырлы еңбегі сіңген қайраткер, өз ісіне деген сүйіспеншілігі арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларын тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы бола білді.
Әсия Керімтаева,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің бөлім басшысы