Тәңірдің тәтті сыйы – Тәуелсіздік!
Құрметті қазақстандықтар!
Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Сіздерді Тәңір тартуындай болған, атамыздың қанымен, анамыздың жасымен келген қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтайды!
Шапса – тұлпардың тұяғы тозатын, ұшса – сұңқардың қанаты талатын, ұшы-қиыры жоқ кең байтақ қазақ жеріне ықылым замандардан бері кімдер көз алартпады?!
Сайын даланы ен жайлаған сақтарға парсылардың патшасы Кир де соқтықпап па еді. Елінің еркін өскен ерке қызы Томирис қанқұмар патшаны қанға бөктіріп, бір тойғызбап па еді!
Сібірден Қара теңізге дейінгі ұлан-асыр атырапта Көкбөрі тектес Көктүркілер үстемдік етіп, жаз жайлауын, қыс қыстауын қалдырмап па екен!
Осы Ұлы мемлекеттердің заңды мұрагері ретінде Қазақ хандығы да жан-жақтан анталаған арсыз дұшпанмен арпалысып, қайсар хандарымыз бен батыр бабаларымыз осынау киелі жерді бізге аманаттап кеткені ақиқат!
Міне, мың жылдар бойы жүлгесі үзілмей, бүгінге жеткен ата-баба аманаты, еркіндік аңсаған өр рухы Қазақстан Республикасының бірден-бір ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күніне бастап әкелді. Осыншама ұзақ жол жүріп, замана дауылдарына төтеп берген еркіндік рухы енді ешқашан өшпек емес! Ол рух қат-қабат тарихтарда, сөре-сөре архивтерде сақтаулы тұр!
Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!