Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншiк құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 507-IV Заңы

 

"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 618-621 (27013); "Казахстанская правда" от 13.12.2011 г., № 401-402 (26792-26793); Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 21 (2598), 163-құжат


 

      1970 жылғы 14 қарашада Парижде қабылданған Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншiк құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенция ратификациялансын

      Қазақстан Республикасының
      Президентi                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы

МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЗАҢСЫЗ ӘКЕЛУГЕ, ӘКЕТУГЕ ЖӘНЕ ОЛАРҒА
МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫН БЕРУГЕ ТЫЙЫМ САЛУ МЕН ОЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА
      БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

Бас конференцияның он алтыншы сессиясында қабылданған
Париж, 1970 жылғы 14 қараша

      Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас конференциясы 1970 жылғы 12 қазан - 14 қараша аралығында Парижде өзiнiң он алтыншы сессиясына жиналып,
      Бас конференцияның он төртiншi сессиясында (1966 ж.) қабылданған Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық қағидаттары декларациясы ережелерiнiң маңыздылығын еске сала отырып,
      бiлiм, ғылым және мәдениет мақсаттары үшiн елдер арасында мәдени құндылықтар алмасу адамзат өркениетi туралы бiлiмдi кеңейтедi, барлық халықтардың мәдени өмiрiн байытады және елдер арасында өзара сыйластық пен түсiнiстiктi туындатады деп есептей отырып,
      мәдени құндылықтар халықтар өркениетi мен мәдениетiнiң негiзгi элементтерiнiң бiрi болып табылады және олар шығу төркiнi, тарихы мен қоршаған ортасы нақты белгiлi болған жағдайда ғана өзiнiң шынайы құндылығына ие болады деп есептей отырып,
      әрбiр мемлекет өз аумағындағы мәдени құндылықтардан тұратын игiлiктi ұрлау, жасырын қазу мен заңсыз әкету қауiптерiнен қорғауға мiндеттi деп есептей отырып,
      осы қауiптердiң алдын алу үшiн әр мемлекет өзiнiң мәдени игiлiгiне де, сондай-ақ барлық халықтардың мәдени игiлiгiне де қатысты моральдық мiндеттемелерiн одан сайын терең сезiне түсуi керек деп есептей отырып,
      мәдениет мекемелерi болып табылатын мұражайлар, кiтапханалар мен мұрағаттар өз коллекцияларын жалпыға танылған моральдық қағидаттардың негiзiнде құрудың қамын ойластыруға тиiс деп есептей отырып,
      мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншiк құқығын беру ЮНЕСКО жәрдемдесуге мiндеттi халықтар арасындағы өзара түсiнiстiкке, атап айтқанда, мүдделi мемлекеттерге тиiстi халықаралық конвенцияларды ұсыну арқылы нұқсан келтiредi деп есептей отырып,
      тиiмдi болуы үшiн мәдени игiлiктi қорғау ұлттық деңгейде де, сондай-ақ халықаралық ауқымда да ұйымдастырылуға тиiс және мемлекеттер арасында тығыз ынтымақтастықты талап етедi деп есептей отырып,
      1964 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы осы мәселе бойынша ұсыным қабылдағанын назарға ала отырып,
      мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншiк құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шараларға қатысты жаңа ұсыныстарды ала отырып (сессияның күн тәртiбiнiң 19-тармағы),
      өзiнiң он бесiншi сессиясында осы мәселе халықаралық конвенцияның мәнi болып табылады деп шеше отырып, 1970 жылғы он төртiншi қарашада осы Конвенцияны қабылдады.

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн әрбiр мемлекет археология, тарихқа дейiнгi кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшiн маңызы бар деп қарайтын дiни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады және сол құндылықтар төменде санамаланатын санаттарға жатады:
      (а) сирек коллекциялар және флора мен фаунаның, минералогияның, анатомияның үлгiлерi және палеонтология үшiн қызығушылық тудыратын заттар;
      (b) ғылым мен техниканың тарихын, соғыстар мен қоғамдардың, сондай-ақ ұлт қайраткерлерiнiң, ойшылдардың, ғалымдар мен әртiстердiң өмiрiне және iрi ұлттық оқиғаларға байланысты тарихты қоса алғанда, тарихқа қатысты құндылықтар;
      (с) археологиялық олжалар (кәдiмгi және құпиялы олжаны қоса алғанда) мен археологиялық жаңалықтар;
      (d) бөлшектелген көркем және тарихи ескерткiштер мен археологиялық орындардың құрамдас бөлiктерi;
      (е) жазулар, нақышталған монеталар және мөрлер сияқты жасалғанына 100 жылдан асқан көне заттар;
      (f) этнологиялық материалдар;
      (g) мынадай:
      (i) кез келген негiзде және кез келген материалдардан тұтастай қолдан жасалған полотнолар, көркемсуреттер мен суреттер (қолмен безендiрiлген сызбалар мен өнеркәсiп бұйымдарын қоспағанда);
      (ii) кез келген материалдардан жасалған мүсiн өнерiнiң бiрегей туындылары;
      (iii) бiрегей гравюралар, эстамптар мен литографиялар;
      (iv) кез келген материалдардан жасалған бiрегей көркем топтамалар мен монтаждар сияқты көркем құндылықтар;
      (h) сирек қолжазбалар мен инкунабулалар, көне кiтаптар, ерекше қызығушылық тудыратын (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби және т.б.), құжаттар мен басылымдар, жеке немесе коллекцияларда;
      (i) пошта маркалары, салық және соған ұқсас маркалар, жеке немесе коллекцияларда;
      (j) фоно-, фото- және киномұрағаттарды қоса алғанда, мұрағаттар;
      (k) жасалғанына 100 жылдан асқан жиһаз бен көне музыка аспаптары.

2-бап

      1. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншiк құқығын беру осы құндылықтар шығарылған елдердiң мәдени мұрасының жұтаңдануының басты себептерiнiң бiрi болып табылады және халықаралық ынтымақтастық өздерiне тиесiлi мәдени құндылықтарды осыған байланысты барлық қауiптерден қорғауды қамтамасыз етудiң неғұрлым пәрмендi құралы болып табылатынын мойындайды.
      2. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер оның себептерiн түбiрiмен жою, оның жүзеге асуын тоқтату және қажеттi өтеу жүргiзуге көмектесу арқылы өздерiнiң билiгiндегi құралдармен осындай практикаға қарсы iс-қимыл жасауға мiндеттенедi.

3-бап

      Осы Конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер қабылдаған қағидаларды бұза отырып жасалған мәдени құндылықтарды әкелу, әкету және оларға меншiк құқығын беру заңсыз болып есептеледi.

4-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттарына сәйкес әрбiр мемлекеттiң мәдени мұрасы төменде санамаланған құндылықтардың санаттарын қамтитынын мойындайды:
      (а) осы мемлекеттiң азаматтары болып табылатын жеке адамдар немесе адамдар ұжымдары жасаған мәдени құндылықтар және осы мемлекет үшiн ерекше маңызы бар және осы мемлекеттiң аумағында шетелдiк азаматтар немесе осы мемлекеттiң аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдар жасаған мәдени құндылықтар;
      (b) ұлттық аумақтан табылған мәдени құндылықтар;
      (с) осы құндылықтар шыққан елдiң құзыреттi билiктерiнiң келiсiмiмен археологиялық, этнологиялық және жаратылыстану-ғылыми экспедициялар тапқан мәдени құндылықтар;
      (d) ерiктi айырбастар нәтижесiнде алынған мәдени құндылықтар;
      (е) тарту ретiнде алынған немесе осы құндылықтар шыққан елдiң құзыреттi билiктерiнiң келiсiмiмен заңды түрде сатып алынған мәдени құндылықтар.

5-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер өздерiнiң мәдени құндылықтарын заңсыз әкелуден, әкетуден және меншiк құқығын беруден қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, егер мұндай қызметтер әлi құрылмаса, әр елдiң жағдайын ескере отырып, өз аумағында төменде санамаланған функцияларды тиiмдi түрде жүзеге асыру үшiн қажеттi сандағы бiлiктi персонал құрамымен қамтамасыз етiлген, мәдени мұраны қорғайтын бiр немесе бiрнеше ұлттық қызметтер құруға мiндеттенедi:
      (а) мәдени мұраны қорғауды, атап айтқанда заңсыз әкелудiң, әкету мен маңызды мәдени құндылықтарға меншiк құқығын берудiң жолын кесудi қамтамасыз ететiн заңнамалық және регламенттейтiн мәтiндердiң жобаларын әзiрлеуге жәрдемдесу;
      (b) ұлттық қорғау тiзiлiмi базасында әкетiлуi ұлттық мәдени мұраның айтарлықтай жұтаңдануын бiлдiретiн мемлекеттiк және жеке маңызды мәдени құндылықтар тiзбесiн жасау және жаңарту;
      (с) мәдени құндылықтарды сақтау және танымал ету үшiн қажеттi ғылыми және техникалық мекемелердi (мұражайлар, кiтапханалар, мұрағаттар, зертханалар, шеберханалар және т.б.) дамытуға немесе құруға жәрдемдесу;
      (d) археологиялық қазба жұмыстарын бақылауды ұйымдастыру, белгiлi бiр мәдени құндылықтардың «in situ» (өз орнында) сақталуын қамтамасыз ету және болашақ археологиялық қазба жұмыстары үшiн қалдырылатын кейбiр аудандарды қорғау;
      (е) мүдделi тұлғалар (сақтаушылар, коллекционерлер, антикварлар және т.б.) үшiн осы Конвенцияда тұжырымдалған этикалық қағидаттарға жауап беретiн қағидаларды белгiлеу және осы қағидалардың сақталуын қадағалау;
      (f) барлық мемлекеттердiң мәдени игiлiгiн құрметтеу сезiмiн ояту мен оны нығайту және осы Конвенцияның ережелерiн танымал ету мақсатында тәрбиелiк қызметтi жүзеге асыру;
      (g) мәдени құндылықтың жоғалуының кез келген жағдайына тиiстi жариялылық берудi қадағалау.

6-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      (а) экспорттаушы мемлекет бiр немесе бiрнеше мәдени құндылықтарды әкетуге рұқсат бергенiн куәландыратын тиiстi куәлiк жасауға мiндеттенедi. Бұл куәлiк қолданыстағы қағидаларға сәйкес әкетiлетiн бiр немесе бiрнеше мәдени құндылықтарға қоса берiлуге тиiс;
      (b) жоғарыда аталған куәлiк қоса берiлмеген мәдени құндылықтарды өз аумағынан әкетуге тыйым салуға;
      (с) осы тыйым салуды жұртшылықтың және, атап айтқанда, мәдени құндылықтарды әкете немесе әкеле алатын адамдардың назарына тиiстi түрде жеткiзуге мiндеттенедi.

7-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      (а) осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттен шыққан, заңсыз әкетiлген мәдени құндылықтарды өз аумақтарына орналасқан мұражайлар мен басқа да ұқсас ұйымдардың сатып алуын болдырмауға бағытталған ұлттық заңнамаға сәйкес барлық қажеттi шараларды қабылдауға мiндеттi. Мүмкiндiк болған барлық жағдайда бұл мәдени құндылық шығатын және осы Конвенцияның қатысушысы болып табылатын мемлекеттi осы Конвенция екi мемлекетте де күшiне енгеннен кейiн бұл мемлекеттен заңсыз әкетiлген осындай мәдени құндылықты қайтару ұсынысы туралы хабардар етуге;
      (b) (i) осы Конвенция мүдделi мемлекеттерде күшiне енгеннен кейiн осы Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттiң мұражайынан немесе дiни немесе зайырлы тарихи ескерткiшiнен немесе ұқсас осындай мекемеден ұрланған мәдени құндылықтарды, мұндай құндылықтың осы мекемеге тиесiлi заттардың тiзiмдемесiнде болуы шартымен әкелуге тыйым салуға;
      (ii) қатысушы мемлекеттiң талап етуi бойынша, алайда, өтiнiш жасаушы мемлекет адал сатып алушыға немесе осы құндылыққа заңды құқығы бар адамға әдiл өтемақы төлеуi шартымен осы Конвенция мүдделi екi мемлекетте де күшiне енгеннен кейiн әкелiнген кез келген ұқсас мәдени құндылықты табу және қайтару үшiн тиiстi қадамдар жасауға мiндеттенедi. Iздестiруге немесе қайтаруға қатысты өтiнiштер дипломатиялық арналар арқылы жiберiледi. Талап етушi тарап iздестiруге және қайтаруға қатысты талап ету құқығын белгiлеу үшiн қажет құжаттама мен басқа да айғақтарды өз есебiнен ұсынады. Осы бапқа сәйкес қайтарылатын мәдени құндылықтарға тараптар ешқандай кедендiк алымдар немесе басқа да алымдар салмайды. Аталған бiр немесе бiрнеше мәдени құндылықтарды қайтаруға байланысты барлық шығыстарды талап етушi тарап көтередi.

8-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, жоғарыда, 6 (b) және 7 (b) баптарда көзделген тыйым салуларды бұзғаны үшiн жауапты барлық адамдарды қылмыстық немесе әкiмшiлiк жазаға тартуға мiндеттенедi.

9-бап

      Мәдени мұрасы археологиялық немесе этнологиялық материалдары ұрлау қаупiне ұшырайтын осы Конвенцияға қатысушы кез келген мемлекет осыған қатысы бар басқа қатысушы мемлекеттерге жүгiне алады. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер мұндай жағдайларда тиiстi нақты мәдени құндылықтарды әкетудi, әкелудi және олардың халықаралық саудасын бақылауды қоса алғанда, қажеттi нақты шараларды айқындау мен жүзеге асыру жөнiндегi келiсiлген халықаралық iс-қимылдарға қатысуға мiндеттенедi. Келiсiмге дейiн әрбiр мүдделi мемлекет өтiнiш жасаған мемлекеттiң мәдени мұрасына орны толмас нұқсан келтiрудi болдырмауға бағытталған ықтимал шекте алдын алу шараларын қабылдайды.

10-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      (а) осы Конвенцияға қатысушы кез келген мемлекеттен заңсыз әкетiлген мәдени құндылықтарды тасымалдауды бiлiм, ақпарат және қырағылық арқылы шектеуге және әрбiр елдiң жағдайына қарай қылмыстық санкциялармен қорқыту арқылы антикварлардың мiндетiне, әрбiр мәдени құндылықтың шығу төркiнi, жеткiзушiнiң аты-жөнi мен мекенжайы, әрбiр сатылған заттың сипаты мен құны көрсетiлетiн тiзiлiм жүргiзудi енгiзуге, сондай-ақ мәдени құндылықтарды сатып алушыларды осы құндылықтарды әкетуге тыйым салынуы мүмкiн екенi туралы хабардар етуге;
      (b) ағарту құралдарының көмегiмен қоғамдық пiкiр алдында мәдени құндылықтардың маңызы және мәдени мұраға ұрлық, жасырын қазу жұмыстары мен заңсыз әкету төндiретiн қауiп туралы түсiнiк қалыптастыруға және оны дамытуға ұмтылуға мiндеттенедi.

11-бап

      Елдi шетелдiк держава оккупациялауының тiкелей немесе жанама нәтижесi болып табылатын мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп әкету және оларға меншiк құқығын беру де заңсыз болып есептеледi.

12-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер сыртқы қатынастарын жүргiзуге жауапты болатын аумақтардағы мәдени игiлiктi құрметтейдi және өздерiнiң аумақтарында мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншiк құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алу үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.

13-бап

       Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер әрбiр мемлекеттiң заңнамасына сәйкес бұдан басқа:
      (а) осы құндылықтарды заңсыз әкелуге немесе әкетуге ықпал ететiн мәдени құндылықтарға меншiк құқығын берудiң барлық тиiстi құралдар арқылы алдын алуға;
      (b) заңсыз әкетiлген мәдени құндылықтарды заңды меншiк иелерiне мүмкiндiгiнше неғұрлым тез қайтару мақсатында өздерiнiң құзыреттi қызметтерiнiң ынтымақтасуы үшiн шаралар қабылдауға;
      (с) заңды меншiк иесiнiң тарапынан немесе соның атынан жоғалған немесе ұрланған мәдени құндылықтарды қайтаруға бағытталған талап қоюға рұқсат беруге;
      (d) бұдан басқа, осы Конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекеттiң, осыған байланысты әкетiлмеуге тиiстi кейбiр мәдени құндылықтарды иелiктен шығарылмайды деп жiктеуге және жариялауға ажырамас құқығын тануға және егер мұндай мәдени құндылықтар бұрын әкетiлген жағдайда, оларды мүдделi мемлекеттерге қайтаруға жәрдемдесуге мiндеттенедi.

14-бап

      Заңсыз әкетудi болғызбау және осы Конвецияны жүзеге асыруға байланысты мiндеттемелердi орындау үшiн Конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет өз мүмкiндiктерiне қарай мәдени мұраны қорғау жөнiндегi ұлттық қызметтерге жеткiлiктi қаражат беруге тиiс және қажет болған жағдайда жоғарыда аталған мақсаттар үшiн қорлар құра алады.

15-бап

      Осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге өзара арнайы келiсiмдер жасауға немесе осы Конвенция мүдделi мемлекеттерде күшiне енгенге дейiн шығарылған аумақтардан қандай да бiр себептер бойынша әкетiлген мәдени құндылықтарды қайтару туралы жасалған келiсiмдердi қолдануды жалғастыруға ешқандай кедергi жасамайды.

16-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас конференциясына ол белгiлеген мерзiмде және нысанда осы Конвенцияны орындау мақсатында өздерi қабылдаған заңнамалық және регламенттеушi ережелер мен басқа да шаралар, сондай-ақ осы салада өздерi жинақтаған тәжiрибе туралы мәлiметтердi беретiн мерзiмдi баяндамаларда хабарлайтын болады.

17-бап

      1. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан техникалық, атап айтқанда:
      (а) ақпарат пен ағартуға,
      (b) сарапшылардың консультациялары мен қызметтерiне,
      (с) үйлестiру мен iзгiлiк қызметтерiне қатысты жәрдем сұрай алады.
      2. Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы өз бастамасымен мәдени құндылықтарды заңсыз өткiзуге қатысты мәселелер бойынша зерттеулер жүргiзiп, монографиялар жариялай алады.
      3. Осы мақсаттарда Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы, сондай-ақ ынтымақтасуға кез келген құзыреттi үкiметтiк емес ұйымға жүгiне алады.
      4. Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы өз бастамасымен қатысушы мемлекеттерге осы Конвенцияны орындауға бағытталған ұсыныстар жасай алады.
      5. Осы Конвенцияны қолдануға қатысты араларында келiспеушiлiктер туындаған кемiнде екi қатысушы мемлекеттiң өтiнiшi бойынша ЮНЕСКО олардың арасында келiсiмге қол жеткiзу үшiн өзiнiң iзгiлiк қызметтерiн ұсына алады.

18-бап

      Осы Конвенция ағылшын, испан, француз және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық төрт мәтiннiң де тең күшi бар.

19-бап

      1. Осы Конвенция Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердiң өз конституцияларында көзделген тәртiппен ратификациялауына немесе қабылдауына жатады.
      2. Ратификациялық грамоталар немесе қабылдау туралы актiлер Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас директорына сақтауға тапсырылады.

20-бап

      1. Осы Конвенцияға Ұйымның Атқарушы кеңесiнен оған қосылуға шақыру алатын Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мүшесi болып табылмайтын кез келген мемлекет қосыла алады.
      2. Қосылу қосылу туралы актiнi Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас директорына сақтауға тапсыру жолымен жүзеге асырылады.

21-бап

      Осы Конвенция өздерiнiң ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы актiлерiн көрсетiлген күнi немесе ерте сақтауға тапсырған мемлекеттерге ғана қатысты үшiншi ратификациялық грамотасын немесе қабылдау немесе қосылу туралы актiсiн сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан соң күшiне енедi. Конвенция басқа кез келген мемлекетке қатысты ол өзiнiң ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы актiсiн сақтауға тапсырғаннан кейiн үш айдан соң күшiне енедi.

22-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер оның қолданысы өздерiнiң метрополияларының аумағына ғана емес, сыртқы қатынастар үшiн өздерi жауапты болатын аумақтарға да таралатынын мойындайды; олар, егер қажет болса, ратификациялау, қабылдау немесе қосылу кезiнде немесе одан бұрын Конвенцияның осы аумақтардағы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн осы көрсетiлген аумақтардың үкiметтерiмен немесе құзыреттi билiктерiмен консультациялар өткiзуге, сондай-ақ Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас директорын, Конвенция жүзеге асырылатын аумақтар туралы нотификациялауға мiндеттенедi. Осы нотификация оны алғаннан кейiн үш ай өткен соң күшiне енедi.

23-бап

      1. Осы Конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет өз атынан немесе сыртқы қатынастары үшiн жауапты болған кез келген аумақтың атынан Конвенцияның күшiн жоя алады.
      2. Күшiн жою Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас директорына тапсырылатын жазбаша актiмен нотификацияланады.
      3. Күшiн жою туралы актiнi алғаннан кейiн он екi айдан соң күшiн жою күшiне енедi.

24-бап

      Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас директоры Ұйымға мүше мемлекеттерге, 20-бапта аталған Ұйымға мүше емес мемлекеттерге, сондай-ақ Бiрiккен Ұлттар Ұйымына 19 және 20-баптарда аталған ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы барлық актiлердiң сақтауға тапсырылғаны туралы, сондай-ақ 22 және 23-баптарда көрсетiлген нотификациялау және күшiн жою туралы хабарлайды.

25-бап

      1. Осы Конвенцияны Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас конференциясы қайта қарай алады. Алайда оның қайта қаралған мәтiнi қайта қаралған Конвенцияның тараптары болатын мемлекеттердi ғана мiндеттейдi.
      2. Егер Бас конференция осы Конвенцияны толық немесе iшiнара қайта қараудың нәтижесiнде жаңа конвенция қабылдаған болса және егер жаңа конвенцияда басқа нұсқаулар қамтылмаса, осы Конвенция қайта қаралған мәтiннен тұратын жаңа Конвенция күшiне енген күннен бастап ратификациялау, қабылдау немесе қосылу үшiн жабық болады.

26-бап

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Конвенция Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас директорының өтiнiшi бойынша Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркеледi.

      Куәландырылған көшiрмесi

      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бiлiм, ғылым және
      мәдениет мәселелерi жөнiндегi заң кеңесшiсi

      РҚАО-ның ескертпесi. Бұдан әрi Конвенцияның мәтiнi ағылшын, испан және француз тiлдерiнде берiлген.

astana 20

ЛОГО ПРОМРЕВОЛЮЦИЯ КАЗ

egovkz kz

   
   
Разработка сайтов - SEOPRO