Ақпараттандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы N 217 Заңы

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., N 2, 13-құжат; "Егемен Қазақстан" 2007 жылғы 2 ақпан N 28-29; "РЕСМИ ГАЗЕТ" 2007 жылғы ақпан N 8


 

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша «ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi ұйым», «ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi ұйымды», «Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi ұйымның», «Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi ұйым», «ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi ұйымға» деген сөздер тиiсiнше «мемлекеттiк техникалық қызмет», «мемлекеттiк техникалық қызметтi», «Мемлекеттiк техникалық қызметтiң», «Мемлекеттiк техникалық қызмет», «мемлекеттiк техникалық қызметке» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Осы Заң ақпараттандырудың құқықтық негiздерiн белгiлейдi, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi құру, пайдалану және қорғау кезiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автоматтандыру – адам еңбегiн жеңiлдету және оның нысандарын ығыстыру, үдерiстердiң өнiмдiлiгi мен ашықтығын арттыру мақсатында ақпаратты өңдеу, жүйелендiру, сақтау және беру үшiн ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
      1-1) ақпараттандыру – ақпараттық технологияларды пайдалану негiзiнде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi қалыптастыруға және дамытуға бағытталған ұйымдастыру, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық үдерiс;
      2) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      3) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      4) ақпараттандыру саласындағы оператор – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылған, мемлекеттiк ақпараттық жүйелер мен мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау жөнiндегi, ақпараттандыру саласындағы бiрыңғай техникалық саясатты iске асыруға қатысу жөнiндегi мiндеттер, «электрондық үкiметтiң» инфрақұрылымы жобалық интеграторының функциялары жүктелген заңды тұлға;
      5) ақпараттық жұмыстар – электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi құру жөнiндегi қызмет;
      6) ақпараттық жүйе – аппараттық-бағдарламалық кешендi қолдана отырып, ақпаратты сақтауға, өңдеуге, iздестiруге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған жүйе;
      7) ақпараттық жүйелердi, бағдарламалық өнiмдердi, бағдарламалық кодтар мен нормативтiк-техникалық құжаттаманы депозитке беру (бұдан әрi – депозитке беру) – бағдарламалық өнiмдердiң, бағдарламалық кодтар мен нормативтiк-техникалық құжаттаманың даналарын депозитарийге сақтауға беру;
      8) ақпараттық жүйелердiң аудитi – ақпараттық жүйенiң ағымдағы жай-күйiнiң, онда болып жатқан iс-әрекеттердiң және оқиғалардың белгiлi бiр критерийлерге, техникалық регламенттерге, стандарттарға, нормативтiк-техникалық құжаттамаға және (немесе) тапсырыс берушiнiң талаптарына сәйкестiк деңгейiн белгiлейтiн, оларды бағалаудың жүйелi процесi;
      9) ақпараттық жүйелердiң, бағдарламалық өнiмдердiң, бағдарламалық кодтар мен нормативтiк-техникалық құжаттаманың депозитарийi (бұдан әрi – депозитарий) – бағдарламалық өнiмдердiң, бағдарламалық кодтардың даналарын оларға iлеспе нормативтiк-техникалық құжаттамасымен бiрге жинақтауды, сипаттауды, сақтауды және жүйелеудi қамтамасыз етуге арналған арнаулы сақтау орны;
      10) ақпараттық-коммуникациялық желi – ақпараттық жүйелер арасындағы немесе олардың құрамдастары арасындағы өзара iс-қимылды, сондай-ақ ақпараттық ресурстарды берудi қамтамасыз ететiн техникалық және аппараттық-техникалық құралдардың жиынтығы;
      10-1) ақпараттық-коммуникациялық желiлер мониторингi жүйесi – компьютерлiк оқиғаларға ден қоюды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауiпсiз пайдалану мәселелерi бойынша ақпараттық жүйелердiң, ақпараттық-коммуникациялық желiлер мен электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иелерiне, иеленушiлерiне және оларды пайдаланушыларға жәрдем көрсетуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенi;
      11) ақпараттық қызмет көрсету – пайдаланушыларға ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнiнде қызмет көрсету;
      12) ақпараттық процестер – ақпаратты құру, жинау, өңдеу, жинақтау, сақтау, iздеу, тарату және тұтыну процестерi;
      13) ақпараттық технологиялар – әдiстердiң, өндiрiстiк процестердiң және ақпаратты жинауды, құруды, сақтауды, жинақтауды, өңдеудi, iздестiрудi, шығаруды, көшiрмесiн түсiрудi, беру мен таратуды қамтамасыз ететiн технологиялық кешенге бiрiктiрiлген бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы;
      14) аппараттық-бағдарламалық кешен – ақпараттық процестердi қамтамасыз ететiн бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;
      15) ашық кiлттер инфрақұрылымы – Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес тiркеу куәлiктерiн басқаруға бағытталған ақпараттық жүйелер, ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенi;
      16) бағдарламалық өнiм – ақпаратты өңдеу жүйесiнiң компьютерлiк бағдарламаларының, рәсiмдерiнiң, әдiстерiнiң, қағидалары мен iлеспе құжаттамасының жиынтығы;
      17) дербес деректер (дербес сипаттағы электрондық ақпараттық ресурстар) – жеке тұлға өмiрiндегi фактiлер, оқиғалар, мән-жайлар туралы мәлiметтер және (немесе) оның жеке басын сәйкестендiруге мүмкiндiк беретiн деректер;
      18) домендiк атау – Интернет желiсiндегi адрестеу ережелерiне сәйкес қалыптастырылған, желi объектiсiне атаулы жолданымға арналған және белгiлi бiр желiлiк мекенжайға сәйкес келетiн нышандық (әрiптiк-цифрлық) белгi;
      19) интерактивтiк қызмет көрсету – өзара ақпарат алмасуды қажет ететiн, пайдаланушыларға олардың сұраулары бойынша немесе тараптардың келiсiмi бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнiнде қызмет көрсету;
      20) интернет-ресурс – ашық ақпараттық-коммуникациялық желiде жұмыс iстейтiн электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргiзу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара iс-қимылды қамтамасыз ететiн ұйымдық құрылым;
      21) интернет-ресурстың меншiк иесi – интернет-ресурсты иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын толық көлемде iске асыратын субъект;
      22) компьютерлiк оқиға – ақпараттық жүйелердiң, ақпараттық ресурстардың, ақпараттық-коммуникациялық желiлердiң тиiсiнше жұмыс iстеуiне қауiп төндiретiн және (немесе) олардың айналысындағы ақпаратты заңсыз алу, көшiрмесiн түсiру, тарату, бұрмалау, түрлендiру, жою немесе бұғаттау үшiн жағдай жасайтын, олардың жұмысында жекелеген немесе сериялы түрде туындайтын олқылықтар;
      23) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы – «электрондық үкiметтi» қалыптастыруды және мемлекеттiк органдарды ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестiрудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган;
      24) құжатталған ақпарат – материалдық жеткiзгiште тiркелген, өзiн сәйкестендiруге мүмкiндiк беретiн деректемелерi бар ақпарат;
      25) құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар – мемлекеттiк құпияларды қамтымайтын электрондық ақпараттық ресурстар, оларға қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектеледi немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда олардың меншiк иесi не иемденушiсi шектейдi;
      26) «Мекенжай тiркелiмi» ақпараттық жүйесi – мекенжайлар және олардың құрамдас бөлiктерi туралы мәлiметтердi жасауға, жинақтау мен өңдеуге және Қазақстан Республикасының мекенжай алаңын бiрiздендiруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
      27) мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасы - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, ведомствоаралық ақпараттық-коммуникациялық желiден тұратын, басқару және ұйымдастыру мақсаттарын iске асыруға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарын қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың өзара iс-әрекетiне арналған, сондай-ақ «электрондық үкiметтiң» электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiнiң өзара iс-әрекетiн қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желiсi;
      28) мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының операторы - мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының аппараттық-бағдарламалық кешенi бар және мемлекеттiк органдарға, аумақтық бөлiмшелер мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға байланыс қызметiн көрсететiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға;
      28-1) мемлекеттiк техникалық қызмет - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған, шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорын;
      29) пайдаланушы – өзiне қажеттi электрондық ақпараттық ресурстарды алу үшiн ақпараттық жүйеге жүгiнетiн және оларды пайдаланатын субъект;
      30) транзакциялық қызмет көрсету – электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, өзара ақпарат алмасуды талап ететiн, пайдаланушыларға электрондық ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнiнде қызмет көрсету;
      31) электрондық ақпараттық ресурстар – электрондық түрде сақталатын (ақпараттық дерекқорлар), ақпараттық жүйелердегi ақпарат;
      32) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi иемденушi – аталған объектiлердi олардың меншiк иесi айқындаған шекте және тәртiппен иелену, пайдалану және оларға билiк ету құқықтарын iске асыратын субъект;
      33) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi қорғау – ақпаратты алу, көшiрмесiн түсiру, тарату, бұрмалау, жою немесе бұғаттау жөнiндегi заңсыз iс-әрекеттердi қоса алғанда, электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi сақтауға, оларға заңсыз қол жеткiзудi болғызбауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар кешенi;
      34) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi – электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi иемдену, пайдалану және оларға билiк ету құқықтарын толық көлемде iске асыратын субъект;
      35) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмi – электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер сипаттамаларының жиынтығын қамтитын жүйеленген тiзбе;
      36) «электрондық әкiмдiк» – жергiлiктi атқарушы органдардың функцияларын оралымды және сапалы орындауға бағытталған, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым негiзiнде өңiрлiк мемлекеттiк басқару жүйесi;
      37) электрондық қызмет көрсету – ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық, интерактивтiк және транзакциялық қызмет көрсетудi ұсыну; 
      38) электрондық мемлекеттiк қызмет көрсету регламентi – мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарын сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгiлейтiн және мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының, лауазымды адамдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың электрондық мемлекеттiк қызмет көрсету жөнiндегi қызмет тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;
      39) электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету – ақпараттық технологияларды қолдана отырып, электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету;
      40) электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерi – мемлекеттiк органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, өзге де жеке және заңды тұлғалар;
      41) «электрондық үкiмет» – мемлекеттiк функцияларды уақтылы және сапалы орындауға бағытталған, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым негiзiнде мемлекеттiк басқару жүйесi;
      42) «электрондық үкiмет» инфрақұрылымының жобалық интеграторы – «электрондық үкiметтiң» ведомствоаралық ақпараттық жүйелерiнiң өзара iс-қимылын қамтамасыз ету жөнiндегi жобалық-ұйымдастырушылық және техникалық iс-шараларды жүзеге асыратын ұйым;
      43) «электрондық үкiметтiң» веб-порталы – нормативтiк құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкiметтiк ақпаратқа және электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетуге қол жеткiзудiң бiрыңғай терезесi болатын ақпараттық жүйе;
      44) «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi – жеке және заңды тұлғалардың төлемдерiн жүзеге асыру кезiнде екiншi деңгейдегi банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және «электрондық үкiметтiң» ақпараттық жүйелерi арасындағы өзара iс-қимылды қамтамасыз етуге арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
      45) «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзiнiң операторы – дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесiлi, «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi жүзеге асыратын заңды тұлға. «Электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi операторының дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) иемденушiлерi Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылады;
      46) «электрондық үкiметтiң» шлюзi – электрондық қызметтер көрсетудi iске асыру шеңберiнде «электрондық үкiметтiң» ақпараттық жүйелерiн интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

      3. Алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4. Осы Заңның күшi ақпараттың мазмұны мен таратылу тәсiлдерiне қолданылмайды.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      3-бап. Ақпараттандыру объектiлерi мен субъектiлерi

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық жүйелер, ақпараттық жұмыстар мен электрондық қызметтер көрсету ақпараттандыру объектiлерi болып табылады. 

      2. Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттандыру саласындағы қызметтi жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға қатысатын мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар ақпараттандыру субъектiлерi болып табылады.

2-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК
РЕТТЕУ МЕН БАҚЫЛАУ

      4-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеудiң
              мақсаттары мен принциптерi

      1. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары Қазақстан Республикасының ақпараттық инфрақұрылымын дамыту, оның iшiнде "электрондық үкiметтi" қалыптастыру, сондай-ақ елдiң әлеуметтiк және экономикалық дамуын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады. 

      2. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеу:
      1) азаматтардың жеке өмiрiне қол сұғылмаушылық және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қатаң сақтау; 

      2) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қызметке қатысуға және оның нәтижелерiн пайдалануға тең құқылығы; 

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қол жеткiзу шектелген электрондық ақпараттық ресурстардан басқа мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркiн қол жеткiзу және оларды берудiң мiндеттiлiгi (ашықтық презумпциясы); 

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қол жеткiзу шектелмеген кез келген электрондық ақпараттық ресурстарды iздеудiң, өндiру мен берудiң еркiндiгi; 

      5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану және ақпараттық технологияларды қолдану кезiнде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; 

      6) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды жариялы таратудың не мемлекеттiк органдарға берудiң мiндеттi сипаты белгiленiп, олардың уақтылы берiлуi, объективтiлiгi, толықтығы мен дұрыстығы; 

      7) адал бәсекенiң қамтамасыз етiлуi; 

      8) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелердi орталықтандырылған басқарудың қамтамасыз етiлуi; P070863

      9) ақпараттандыру саласының сенiмдiлiгi мен оны басқарудың Қазақстан Республикасының аумағындағы бiрыңғай стандарттар негiзiнде қамтамасыз етiлуi; 

      10) ақпараттық технологияларды қолдануға қойылатын талаптарды белгiлеу кезiнде технологиялық бейтараптылықтың сақталуы; 

      11) дербес деректердi алуды, өңдеудi және пайдалануды оларды жинауға арналған мақсатпен шектеу принциптерiне негiзделген.

      3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ақпараттандыру
              саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ақпараттандыру саласындағы құзыретiне: 

      1) басым дамудың, сондай-ақ мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу, салалық (секторлық) бағдарламаларды бекiту; 

      2) халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету; 

      3) ақпараттық жұмыстардың және электрондық қызметтер көрсетудiң нарығын қалыптастыру үшiн жағдайларды қамтамасыз ету; 

      4) "электрондық үкiметтi" қалыптастыру мен оның жұмыс iстеу, мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды және мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi құру мен дамыту және олардың Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiнде өзара iс-қимыл жасау жағдайларын қамтамасыз ету;

      5) мемлекеттiк органдардың электрондық құжат айналымының жүйесiн дамытуға, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдануға жағдай жасау; 

      6) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастыру, оны пайдалану жөнiндегi шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыру, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерге мемлекеттiк және жеке меншiк құқығын қорғауды қамтамасыз ету; 

      7) ақпараттандыру саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;

      8) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы туралы ереженi және оның құрамын бекiту; 

      9) ақпараттандыру саласындағы операторды, «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзiнiң операторын және мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының операторын айқындау;

      10) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелердiң тiзбесiн бекiту; 

      11) мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар мiндеттi түрде беретiн құжатталған ақпарат пен электрондық құжаттардың тiзбесiн бекiту; 

      12) мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың құрамына енгiзiлетiн жеке тұлғалардың дербес деректерiнiң тiзбесiн бекiту;

      12-1) халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесiнiң мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу тәртiбiн бекiту;

      13) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң және депозитарийдiң мемлекеттiк тiркелiмiн жүргiзу ережелерiн бекiту;

      14) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi және мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердi олардың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестiгiне аттестаттау жүргiзу тәртiбiн бекiту; 

      15) мемлекеттiк органдар туралы электрондық ақпараттық ресурстардың тiзбесiн және оларды мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарында орналастыру тәртiбiн айқындау;

      16) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      17) алып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18) мемлекеттiк органдардың өз құзыретiне кiретiн электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету мерзiмдерiн белгiлеу;

      19) электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң үлгiлiк регламентiн бекiту;
      19-1) бақылау-кассалық машиналардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу үшiн компьютерлiк жүйенiң техникалық талаптарға сәйкестiгi туралы қорытындыны беру қағидаларын бекiту;
      20) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 178-IV, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi органның құзыретiне:
      1) ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      3) ақпараттандыру саласындағы стандарттау және сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарға қатысу;
      4) ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламалар әзiрлеудi ұйымдастыру, ақпараттандыру саласын дамыту мен жетiлдiрудiң негiзгi бағыттары мен басымдықтарын iске асыру, оның сапасын, қолжетiмдiлiгiн және жұмыс iстеуiнiң орнықтылығын арттыру;
      5) ақпараттандыру саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;
      6) электрондық қызметтер көрсету нарығының жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасау;
      7) «электрондық үкiметтi» қалыптастыру және мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық желiлердi дамыту, олардың Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiндегi үйлесiмдiлiгiн және өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
      8) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар тұжырымдау;
      9) ақпараттандыру саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, оның iшiнде ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық желiлердi қалыптастыру және олардың жұмыс iстеу тәртiбiн, ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларға және бағдарламаларға аудит жүргiзу тәртiбiн, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту;
      10) инвестициялар тарту жүйесiн және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды әзiрлеудi және iске асыруды ынталандыру тетiктерiн жетiлдiру;
      11) ақпараттандыру саласындағы және «электрондық үкiметтi» қалыптастыру кезiнде қызметтi салааралық үйлестiрудi жүзеге асыру;
      12) ақпараттандыру саласында және «электрондық үкiметтi» қалыптастыру кезiнде халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
      13) Қазақстан Республикасының электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiн тiркеу;
      14) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу мәселелерi жөнiндегi, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн белгiленген тәртiппен қарау;
      15) бағдарламалық өнiмдердi, бағдарламалық кодтарды, депозитарийдегi нормативтiк-техникалық құжаттаманы сынақтан өткiзу, тiркеу, беру, сақтау, депозитарийге берiлуiнiң толықтығын қамтамасыз ету және оларды тiркеу, беру және сақтау туралы мәлiметтердi ұсыну тәртiбiн бекiту;
      16) мемлекеттiк органдардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiн, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн пайдалану және олардың өзара iс-қимыл жасау қағидаларын әзiрлеу және бекiту;
      17) мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын бағалау әдiстемесiн әзiрлеу және бекiту;
      18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мiндеттi ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерiн, тексерулер жүргiзудiң жартыжылдық жоспарларын әзiрлеу және бекiту;
      19) бюджет қаражаты есебiнен жасалатын және (немесе) сатып алынатын мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң, аппараттық-бағдарламалық кешеннiң техникалық құжаттама (техникалық тапсырма, техникалық-экономикалық негiздеме, техникалық ерекшелiк) талаптарына сәйкестiгiне бақылауды жүзеге асыру;
      20) орталық мемлекеттiк органдар және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдiктерiнiң интернет-ресурстарының жұмыс iстеуiн, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс iстеуiн және мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң автоматтандырылуын бақылауды жүзеге асыру;
      21) мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттiк ақпараттық және мемлекеттiк емес жүйелердi олардың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына және стандарттарға сәйкестiгiне аттестаттау;
      22) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi пайдалануға (өнеркәсiптiк пайдалануға) қабылдау жөнiндегi iс-шараларға қатысу;
      23) ақпараттық жүйелердi құруға, дамытуға және сүйемелдеуге арналатын шығындар нормативтерiн әзiрлеу және бекiту;
      24) электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң үлгiлiк регламентiн әзiрлеу;
      25) бюджет қаражаты есебiнен жасалатын және (немесе) сатып алынатын ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң, оның iшiнде оларға енгiзiлетiн өзгерiстердiң техникалық-экономикалық негiздемесiне, техникалық ерекшелiгiне және техникалық тапсырмасына сараптама жүргiзу;
      26) Интернет желiсiнiң қазақстандық сегментiнiң домендiк кеңiстiгiн тiркеудi айқындау, оны тiркеу, пайдалану және тарату тәртiбiн әзiрлеу және бекiту;
      27) ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық желiлердi «электрондық үкiмет» инфрақұрылымына интеграциялау үшiн оларды пайдалануда бiрыңғай технологиялық стандарттардың талаптарын орындау және компьютерлiк инциденттерге ден қою жөнiндегi қызметтi үйлестiру;
      28) алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      29) мемлекеттiк органдардың өз құзыретiне кiретiн электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету мерзiмдерi жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      30) ақпаратты алу, көшiрмесiн түсiру, тарату, бұрмалау, жою немесе бұғаттау бойынша заңсыз iс-әрекеттердi болғызбауды қоса алғанда, ақпараттық технологияларды қауiпсiз пайдалану мәселелерi бойынша ақпараттық жүйелердiң, ақпараттық-коммуникациялық желiлер мен электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иелерiне, иемденушiлерi мен пайдаланушыларына жәрдем көрсету;
      30-1) бақылау-кассалық машиналардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу үшiн компьютерлiк жүйенiң техникалық талаптарға сәйкестiгi туралы қорытындыны беру қағидаларын әзiрлеу;
      30-1) халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметiн «жалғыз терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру;
      30-2) халыққа қызмет көрсету орталықтарының және мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерiнiң өзара iс-қимылын үйлестiру;
      30-3) халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметiнiң мәселелерi бойынша әдiснамалық қамтамасыз етудi жүзеге асыру;
      31) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
       Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      7-бап. Орталық атқарушы органдардың ақпараттандыру
              саласындағы құзыретi

      Орталық атқарушы органдардың ақпараттандыру саласындағы құзыретiне: 

      1) мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстармен өзара iс-қимыл жасайтын мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi құру және пайдалану тәртiбiн, сондай-ақ осы ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсету тәртiбiн уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша айқындау; 

      2) ақпараттандыру және "электрондық үкiмет" саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды әзiрлеу және уәкiлеттi органмен келiсу; 

      3) орталық атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерi мен жергiлiктi атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерi арасындағы ақпараттық өзара iс-қимыл жасау тәртiбiн жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп айқындау;

      4) "электрондық үкiметтi" қалыптастыру, мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi, мемлекеттiк органдардың ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн дамыту, олардың ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн дамыту, олардың Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiндегi үйлесiмдiлiгi мен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету; 

      5) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелерге қол жеткiзуiн ұйымдастыру; 

      6) мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң есепке алынуы мен тiркелуiн, сондай-ақ депозитке берiлуiн қамтамасыз ету;
      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
              ақпараттандыру саласындағы құзыретi

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ақпараттандыру саласындағы құзыретiне: 

      1) жергiлiктi атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарымен өзара iс-қимыл жасайтын ақпараттық жүйелердi құру және пайдалану тәртiбiн, сондай-ақ осы ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсету тәртiбiн уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша айқындау; 

      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте iске асырылатын "электрондық үкiмет" және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды әзiрлеу және уәкiлеттi органмен келiсу; 

      3) "электрондық әкiмдiктi" қалыптастыру және жергiлiктi атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiн, ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн дамыту, олардың Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiндегi үйлесiмдiлiгi мен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету; 

      4) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелерге қол жеткiзуiн, оның iшiнде осы қол жеткiзудi ұйымдастыру үшiн адамдар тұрмайтын үй-жайлар бөлу арқылы ұйымдастыру; 

      5) мемлекеттiк электрондық ақпараттық жүйелердiң есепке алынуы мен тiркелуiн, сондай-ақ депозитке берiлуiн қамтамасыз ету жатады. 

      2. Төмен тұрған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жергiлiктi атқарушы органдары облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте электрондық қызметтер көрсетудi ұйымдастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

      9-бап. Ақпараттандыру саласындағы оператордың құзыретi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi -2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      Ақпараттандыру саласындағы оператор:

      1) ақпараттандыру саласындағы бiртұтас техникалық саясатты iске асыру мақсатында мемлекеттiк органдардың инвестициялық жобалары мен бағдарламаларын жоспарлауға, қалыптастыруға және талдауға қатысады, сондай-ақ оларды дамытуға қатысуға құқылы; 

      2) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң өзара iс-қимылын, олардың әлемдiк ақпараттық жүйелерге интеграциялануын қамтамасыз етедi; 

      3) Қазақстан Республикасының "электрондық үкiметi" инфрақұрылымының жобалық интеграторы қызметiн жүзеге асырады; 

      4) бағдарламалық-аппараттық құралдарға жүйелiк-техникалық қызмет көрсетудi, ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелер енгiзудi және (немесе) және оларды сүйемелдеудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы мақсаттар үшiн персоналды оқытуға құқылы; 

      5) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелерге қол жеткiзуiне техникалық жағдай жасалуын қамтамасыз етедi; 

      6) алып тасталды - ҚР 2009.07.10. N 178-IV Заңымен

      7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң интернет-ресурсы мен Қазақстан Республикасы "электрондық үкiметiнiң" веб-порталын құру мен техникалық жағынан сүйемелдеудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары интернет-ресурстарының мониторингiн қамтамасыз етедi; 

      8) алып тасталды - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      9) "электрондық үкiметтi" қалыптастыру кезiнде мемлекеттiк органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетедi; 

      10) алып тасталды - ҚР 2009.07.10. N 178-IV Заңымен;  

      11) Қазақстан Республикасының "электрондық үкiметiн" қалыптастыру кезiнде жобаларды басқару және техникалық жағынан сүйемелдеу функцияларын жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 178-IV Заңымен, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       9-1-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк монополия

      1. Мемлекеттiк техникалық қызмет мемлекеттiк монополияға жататын қызметтiң мынадай түрлерiн:
      1) ақпараттық жүйелердi олардың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестiгiне аттестаттық зерттеудi;
      2) мемлекеттiк органдардың электрондық ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерiн, ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн, сондай-ақ мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен ықпалдасатын мемлекеттiк емес жүйелердi қорғауды қамтамасыз етудiң мониторингiн;
      3) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң бағдарламалық өнiмдерiн, бағдарламалық кодтарын сынақтан өткiзудi және олардың нормативтiк-техникалық құжаттамасына сараптама жүргiзудi;
      4) мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiн құруға, енгiзуге және дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiне сараптама жүргiзудi;
      5) Интернет желiсiне қол жеткiзудiң бiрыңғай шлюзiн және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының электрондық почтасының бiрыңғай шлюзiн техникалық сүйемелдеудi;
      6) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық жүйелер депозитарийiнiң, бағдарламалық өнiмдердiң, бағдарламалық кодтар мен нормативтiк-техникалық құжаттаманың мемлекеттiк тiркелiмiн жүргiзудi;
      7) ақпараттық-коммуникациялық желiлер мониторингi жүйесiн ұйымдастырушылық және техникалық сүйемелдеудi;
      8) жоғарғы деңгейдегi қазақстандық домендiк атауға қызмет көрсететiн домендiк атаулар серверлерiнiң үзiлiссiз орнықты жұмыс iстеу мониторингiн;
      9) өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын байланыс операторларының ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн адрестеу және нөмiрлеу жоспарларын сүйемелдеудi жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.07.10 N 178-IV Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      9-2-бап. Мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк
                ортасы операторының өкiлеттiктерi

      Мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының операторы:
      1) мемлекеттiк органдардың және олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң ақпараттық-коммуникациялық желiлерiн интеграциялауды жүзеге асырады;
      2) мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасын жобалауды, құруды және дамытуды басқарады;
      3) мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасына әкiмшiлiк етудi және сервистiк қолдауды, аппараттық-бағдарламалық құралдарға жүйелiк-техникалық қызмет көрсетудi және мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған техникалық iс-шараларды жүзеге асырады;
      4) ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын, мемлекеттiк органдарды және олардың аумақтық бөлiмшелерiн мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасына және әлемдiк ақпараттық ресурстарға қосуды жүзеге асырады;
      5) ведомствоаралық ақпараттық жүйелердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасына қосылған жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекеттiк органдарға және олардың аумақтық бөлiмшелерiне байланыс қызметтерiн көрсетедi;
      6) мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасының байланыс арналарының қорғалуын ұйымдастыруды жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тарау 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      9-3-бап. «Электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi операторының
               өкiлеттiктерi

      «Электрондық үкiметтiң» төлем шлюзiнiң операторы:
      1) «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      2) мемлекеттiк органдармен төлемақы талап ететiн электрондық қызметтер көрсетудiң тiзбесiн кеңейту мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;
      3) екiншi деңгейдегi банктер мен ұйымдардың клиенттерiне «электрондық үкiметтiң» транзакциялық сервистерiн ұсыну мәселелерi бойынша екiншi деңгейдегi банктермен, ұйымдармен өзара iс-қимыл жасайды;
      4) «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi шеңберiнде жүргiзiлетiн операцияларға кепiлдiк берiлуiн қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      5) аударым операцияларын лицензиясыз жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi операторының Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңнамасын орындауын бақылауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тарау 9-3-баппен толықтырылды - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР, ОЛАРДЫ
ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТIБI

      10-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлерi

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар меншiк құқығына қарай: 

      1) мемлекеттiк; 

      2) мемлекеттiк емес болып бөлiнедi. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстар қолжетiмдiлiк санатына қарай: 

      1) жалпыға ортақ қолжетiмдi; 

      2) қолжетiмдiлiгi шектелген болып бөлiнедi. 

      3. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын, сатып алынатын және жинақталатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк болып табылады.
      Мемлекеттiң экономикасы мен қауiпсiздiгi үшiн стратегиялық маңызы бар мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар ұлттық болып табылады.

      4. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алынған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк емес болып табылады. 

      5. Меншiк иесi немесе иемденушiсi пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстар, сондай-ақ өзiне қол жеткiзу еркiн болып табылатын және оларды беру және тарату тәсiлiнiң нысанына байланысты болмайтын мәлiметтер жалпыға ортақ қолжетiмдi болып табылады.

      6. Оларға қолжетiмдiлiктi Қазақстан Республикасының заңдары немесе олардың меншiк иесi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда иеленушiсi шектейтiн мәлiметтердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      11-бап. Мүлiк құрамының элементi және меншiк құқығының
               объектiсi ретiндегi электрондық ақпараттық
               ресурстар

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар мүлiк құрамының элементi ретiнде мемлекеттiк және жеке меншiкте болуы мүмкiн. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығы мен өзге де құқықтардың туындау, өзгеру және тоқтатылу негiздерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi. 

      3. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады, оның iшiнде:

      1) электрондық ақпараттық ресурстарды шаруашылық жүргiзуге немесе оралымды басқаруға беруге; 

      2) өз құзыретi шегiнде электрондық ақпараттық ресурстарға өңдеу, қорғау және қол жеткiзу режимi мен ережелерiн белгiлеуге; 

      3) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, көшiру және тарату кезiнде оларға билiк ету шарттарын айқындауға құқылы. 

      4. Заңды тұлғалардың меншiгi болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес олардың мүлкiнiң құрамына енгiзiледi. 

      5. Мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес олардың қарауындағы мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк мүлiк құрамында есепке алынуға және қорғалуға тиiс. 

      6. Субъектiлер мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн мiндеттi тәртiппен өздерi ұсынған электрондық ақпараттық ресурстарға өз құқықтарын жоғалтпайды. 

      7. Мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында айқындалатын тәртiппен билiк етуге құқылы. 

      8. Электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк құпияларға жатқызылған жағдайда, мемлекет оларды жеке және заңды тұлғалардан сатып алуға мiндеттi. Меншiк құқығы тоқтатылған кезде электрондық ақпараттық ресурстар олардың нарықтық бағасы негiзге алына отырып бағаланады. 

      9. Ақпараттық жүйелерге және өзге де электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу құралдарына меншiк құқығы басқа меншiк иелерiне тиесiлi электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығын туындатпайды. 

      10. Ақпараттық жүйелер құрамына енгiзiлген электрондық ақпараттық ресурстарға құқықтар электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң меншiк иелерi арасындағы келiсiммен айқындалады. 

      11. Қызмет көрсетулердi ұсыну тәртiбiмен немесе ақпараттық жүйелер мен өзге де өңдеу құралдарын бiрлесiп пайдалану кезiнде өңделетiн электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстардың иеленушiсiне тиесiлi болады. Бұл ретте жасалып, шығарылған өнiмнiң тиесiлiгi және оны пайдалану шартпен реттеледi.

      12-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру
               және пайдалану

      1. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi және (немесе) иесi оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, еркiн пайдалануға және таратуға құқылы. 

      2. Ақпараттық жүйелер арасындағы ақпараттық алмасу нысанасы болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану мен тарату осы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi және (немесе) иеленушiсi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. 

      3. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн қалыптастырылады. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi қалыптастыру үшiн сатып алынатын немесе жасалатын бағдарламалық өнiмдердiң қазақ тiлiнде интерфейсi болуға тиiс.

      4. Ұлттық электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мен пайдалануды мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. 

      5. Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану, оларға қол жеткiзу мен қорғау ережелерiн олардың меншiк иесi және (немесе) иеленушiсi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындайды және қамтамасыз етедi. 

      6. Осы Заңның 14-бабында көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарды беруi мiндеттi болып табылады. 

      7. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жөнiндегi қызметi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      13-бап. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерден тұратын
               электрондық ақпараттық ресурстар

      1. Жеке тұлғалар туралы дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады, оларды алу, өңдеу және пайдалану жинақталу мақсатымен шектеледi. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн жеке тұлғалардан олардың жеке және отбасының құпиясын қамтитын жеке өмiрi, оған қоса олардың шығу тегi, денсаулығы, көзқарастары, саяси және дiни нанымдары туралы мәлiметтер берудi қоса алғанда, жеке тұлғалардың хат алысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф және өзге де хабарларының құпияларын талап етуге немесе мұндай мәлiметтердi олардың еркiнен тыс өзгеше түрде алуға ешкiмнiң құқығы жоқ. 

      3. Дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар үшiн сол деректер өзiне тиесiлi жеке тұлға оларды берген кезден бастап құпиялылықтың сақталуы мiндеттi. 

      4. Жеке тұлғалар туралы дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүлiктiк және (немесе) моральдық зиян келтiру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды iске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi.

      14-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу

      1. Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстары жалпыға ортақ қолжетiмдi болып табылады. 

      2. Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларға жатқызылған және құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар болып бөлiнедi. 

      3. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк құпияларға жатқызу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

      4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық ақпараттық ресурстарды құпиялыққа жатқызу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. 

      5. Мыналарды: 

      1) мемлекеттiк құпиялардан тұратын нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердi; 

      2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендiк апаттар, азаматтардың, елдi мекендер мен өндiрiстiк объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi ауа райы, санитарлық-эпидемиологиялық, өзге де жағдайлар туралы мәлiметтердi; 

      3) мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ресми мәлiметтердi; 

      4) мемлекеттiк органдардың, кiтапханалардың, мұрағаттар мен өзге де ұйымдардың ашық ақпараттық жүйелерiнде жинақталған мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзудi шектеуге болмайды.

4-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР, ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ

      15-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi

      1. Ақпараттық жүйелер меншiк құқығына қарай: 

      1) мемлекеттiк; 

      2) мемлекеттiк емес болып бөлiнедi. 

      2. Ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiк санатына қарай: 

      1) жалпыға ортақ қолжетiмдi; 

      2) қолжетiмдiлiгi шектелген болып бөлiнедi. 

      3. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк болып табылады.
      Мемлекеттiң экономикасы мен қауiпсiздiгi үшiн стратегиялық маңызы бар мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардан тұратын ақпараттық жүйелер ұлттық болып табылады. 

      4. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алынған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк емес болып табылады. 

      5. Олардың меншiк иесi немесе иеленушiсi оларды пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ өзiне қол жеткiзу еркiн болып табылатын және оларды беру және тарату тәсiлiнiң нысанына байланысты болмайтын электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға ортақ қолжетiмдi болып табылады. 

      6. Оларға қолжетiмдiлiктi Қазақстан Республикасының заңдары немесе олардың меншiк иесi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда иеленушiсi шектейтiн электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiгi шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.

      16-бап. Меншiк құқығының объектiсi ретiндегi ақпараттық
               жүйелер

      1. Ақпараттық жүйенiң меншiк иесiнiң ақпараттық жүйеге тұтас мүлiк кешенi ретiнде иелену, пайдалану және билiк ету құқығы болады. 

      2. Техникалық құралдардың, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң меншiк иелерi әртүрлi тұлғалар болған жағдайда, ақпараттық жүйелердi пайдалану тәртiбi осы тұлғалар арасында келiсiммен айқындалады. 

      3. Егер электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi өзгеше белгiлемесе, ақпараттық жүйенiң меншiк иесi электрондық ақпараттық ресурстардың орнын ауыстыруға және таратуға тыйым салуға немесе оған шек қоюға құқылы.

      17-бап. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi құру, қол
               жеткiзу және пайдалану

      1. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелер мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда электрондық қызметтер көрсету, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, қызметтi үйлестiру және басқару процестерiн оңтайландыру мақсатында құрылады. 

      2. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелер осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес құрылады.
      Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi құру және оларды iске асыру тәртiбi жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеудi Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы жүзеге асырады. 

      3. Мемлекеттiк ақпараттық жүйенi пайдалануға беру оның ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестiгiне аттестаттаудың нәтижелерi бойынша және сынақ зертханасында мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң бағдарламалық өнiмдерiне, бағдарламалық кодтарына сынақтардың және олардың нормативтiк-техникалық құжаттамасына сараптаманың оң нәтижесi болған кезде жүзеге асырылады . 

      4. Мемлекеттiк ақпараттық жүйеге қол жеткiзу мемлекеттiк ақпараттық жүйенiң иеленушiсi әзiрлейтiн ережелермен айқындалады.

      5. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелер қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады. Осы жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 178-IV, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      18-бап. Мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердi құру, қол
               жеткiзу және пайдалану

      1. Мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердi ақпараттық қажеттiлiктi қанағаттандыру, ақпараттық жұмыстарды орындау және электрондық қызметтер көрсету мақсатында жеке және заңды тұлғалар құрады.
      2. Мемлекеттiк емес ақпараттық жүйеге қол жеткiзу және оны пайдалану тәртiбiн оның меншiк иесi немесе иеленушiсi айқындайды.

      19-бап. Ақпараттық жүйелердiң өзара iс-қимылы

      1. Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердiң меншiк иелерi және (немесе) иеленушiлерi Қазақстан Республикасында деректер берудiң стандарттық хаттамаларын пайдалану негiзiнде әр түрлi ақпараттық жүйелер арасында ақпарат алмасуды және деректер берудi ұйымдастыру үшiн желiаралық қосу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс. 

      2. Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып жедел-iздестiру қызметi Қазақстан Республикасының жедел-iздестiру қызметi туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

       3. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелер оның ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестiгiне аттестаттауға жатады.
       Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV Заңымен.

      20-бап. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi электрондық
              ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және
              резервтiк көшiру құралдарына қойылатын мiндеттi
              талаптар

      1. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң жұмыс iстеу сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар техникалық реттеу саласындағы талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      2. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi иеленушiлер қамтамасыз етедi, олар мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуына, жоғалуына, бұрмалануына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады, ал қажет болған жағдайда оларды қалпына келтiрудi жүзеге асырады. 

      3. Мемлекеттiк ақпараттық жүйедегi мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың резервтiк көшiрмесiн дайындау мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi иеленушiлер үшiн мiндеттi болып табылады.
      Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын резервтiк көшiрменi дайындау және оны сақтау тәсiлi келесi резервтiк көшiрменi дайындаған кезге дейiн электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.

      21-бап. Ақпараттық-коммуникациялық желiлердi пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық-коммуникациялық желiлердi пайдалану Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасы мен ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      2. Ақпараттық-коммуникациялық желiлердi пайдалана отырып халықаралық ақпарат алмасу Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.

       3. Сот ақпараттық-коммуникациялық желiлер бойынша таратылатын ақпаратты осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiнiң талаптарына қайшы келедi деп таныған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк органдар, байланыс операторлары, интернет-ресурстардың меншiк иелерi бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң Қазақстан Республикасының аумағында таратылуын не бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын тоқтата тұруға не тоқтатуға мiндеттi.

      4. Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралы болып табылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру туралы сот шешiмi үш айдан аспайтын мерзiмге сол атаумен немесе қайталанатын атаумен домендiк атауды пайдалануға тыйым салуға әкеп соғады.
      Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралы болып табылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтату туралы сот шешiмi домендiк атаудың тiркелуiнiң күшiн жоюға және тiркелуiнiң сот шешiмiмен бұрын күшi жойылған сол атаумен немесе қайталанатын атаумен домендiк атауды бiр жыл бойы пайдалануға тыйым салуға әкеп соғады.
       Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV Заңымен.

5-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫ, АҚПАРАТТЫҚ
ЖҮЙЕЛЕРДI ЕСЕПКЕ АЛУ, ТIРКЕУ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДIҢ
АУДИТI

      22-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды және
               ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi
               құжаттандыру

      Электрондық ақпараттық ресурстарды және ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi құжаттандыруды Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасында белгiленген iс қағаздарын жүргiзу талаптарына сәйкес меншiк иесi және (немесе) иеленушiсi жүзеге асырады. P040165

      23-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
               жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде электрондық
               ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi
               тiркеу

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу: 

      1) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер
туралы мәлiметтердi жүйелеу; 

      2) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларын электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiндегi мәлiметтер туралы хабардар ету; 

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын ақпараттық қамтамасыз ету; 

      4) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi әзiрлеушiлерге электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi интеграциялауды ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасу үшiн ақпараттар ұсыну мақсатында жүзеге асырылады. 

      2. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк ақпараттық жүйелер осы Заңда белгiленген тәртiппен электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде мiндеттi есепке алынуға жатады.
      Бұл талапты сақтамау мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстармен және ақпараттық жүйелермен жасалған мәмiлелердiң жарамсыз болуына әкеп соқтырады. 

      3. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде мемлекеттiк емес электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелердi есепке алу осы Заңда белгiленген тәртiппен ерiктi негiзде жүзеге асырылады. 

      4. Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде олардың меншiк иесi немесе иеленушiсi белгiлеген тәртiппен оларды сақтау және пайдалану шарттары сақтала отырып тiркелуге жатады. 

      5. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 

      6. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi уәкiлеттi органға ол бекiткен нысандар бойынша жiберетiн электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу туралы өтiнiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады. 

      7. Тiркеуден өту кезiнде электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi уәкiлеттi органға электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi қол қойған және куәландырған, тiркеу өтiнiмiнiң түпнұсқасы мен қағаз және электрондық жеткiзгiштегi тиiстi көшiрмелердi ұсынады. 

      8. Уәкiлеттi орган тiркеу өтiнiмдерiн алған кезден бастап он бес жұмыс күнi iшiнде олардың толықтығы мен дұрыс толтырылуын тексередi. 

      9. Тiркеу өтiнiмдерi тиiсiнше ресiмделген жағдайда уәкiлеттi орган электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң тiркелуiн бес жұмыс күнi iшiнде жүргiзедi және тiркеу нөмiрiн меншiктеп бередi. 

      10. Уәкiлеттi орган тiркелген кезден бастап электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiне мәлiметтердi енгiзу үшiн тiркеу өтiнiмдерiнiң көшiрмелерiн мемлекеттiк техникалық қызметке үш жұмыс күнi iшiнде жiбередi. 

      11. Мемлекеттiк техникалық қызмет электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiне электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелер туралы тиiстi мәлiметтердi бес жұмыс күнi iшiнде енгiзедi. 

      12. Уәкiлеттi орган электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелер тiркелген кезден бастап он бес жұмыс күнi iшiнде тiркеу туралы куәлiктi бередi. 

      13. Тiркеу өтiнiмдерi тиiсiнше ресiмделмеген жағдайда уәкiлеттi орган оларды алған кезден бастап он бес жұмыс күнi iшiнде осы тiркеу өтiнiмдерiн қайтару себептерiн көрсете отырып, электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесiне немесе иеленушiсiне қайтарады. 

      14. Электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi қайтарылған тiркеу өтiнiмдерiн алған кезден бастап ескертпелердi түзейдi және оларды уәкiлеттi органға тiркеу үшiн қайтадан енгiзедi. 

      15. Электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесiнiң немесе иеленушiсiнiң тiркеу өтiнiшiн қайта қарау осы Заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 

      16. Уәкiлеттi орган электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесiнен немесе иеленушiсiнен электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу кезiнде тiркеу деректерiнiң құрамын немесе мазмұнын нақтылау үшiн қажеттi электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер туралы қосымша ақпарат сұрата алады. 

      17. Тiркеу үшiн қажеттi электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелер туралы қосымша ақпаратты беру туралы сауалды алған кезде, электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi тиiстi сауалды алған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде жан-жақты жауапты ұсынады.
       Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV Заңымен.

      24-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
               жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiн жүргiзу

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiн жүргiзудi уәкiлеттi орган қамтамасыз етедi және мемлекеттiк техникалық қызмет жүзеге асырады. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiн жүргiзу электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiне ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi, кейiннен осы мәлiметтердi жаңарта отырып енгiзудi қамтиды. 

      3. Тiркелген электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердiң меншiк иесi немесе иеленушiсi жыл сайын 30 наурыздан кешiктiрмей, уәкiлеттi орган бекiткен нысандар бойынша электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң жаңартылғаны туралы не жаңартудың жоқтығы туралы, не пайдаланудың тоқтатылу себебiн дәлелдi түрде жаза отырып пайдалану тоқтатылғаны туралы уәкiлеттi органға хабарлама бередi. 

      4. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiне электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер туралы жаңартылған мәлiметтердi енгiзу электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады. 

      5. Жаңартылған өтiнiм немесе электрондық ақпараттық ресурсты немесе ақпараттық жүйенi пайдаланудың тоқтатылуы туралы хабарлама белгiленген мерзiмде ұсынылмаған жағдайда, уәкiлеттi орган оның меншiк иесi немесе иеленушiсiне мәлiметтердi жаңарту қажеттiгi туралы тиiстi ресми сауал жiбередi. 

      6. Уәкiлеттi орган электрондық ақпараттық ресурсты немесе ақпараттық жүйенi пайдаланудың тоқтатылуы туралы хабарламаны алғаннан кейiн бес жұмыс күнi iшiнде осы электрондық ақпараттық ресурсты немесе ақпараттық жүйенi тiркеу туралы куәлiктi керi қайтарып алуды жүзеге асырады және мемлекеттiк техникалық қызмет электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiне тиiстi өзгерiстер енгiзудi он күн мерзiмде қамтамасыз етедi. 

      7. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер туралы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiндегi мәлiметтер, қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстары жоқ бөлiгiнде, жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылады және Интернет желiсiнде орналастырылуға тиiс.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV Заңымен.

      25-бап. Депозитке беру және депозитарийдi жүргiзу

      1. Депозитарийдегi ақпараттық жүйелердiң бағдарламалық өнiмдерiнiң, бағдарламалық кодтарының және нормативтiк-техникалық құжаттаманың даналарын сақтау оларды есепке алудың бiрыңғай жүйесiн құру, меншiк иесi немесе иеленушiсi сатып алған бағдарламалық өнiмдi жоғалтқан жағдайда оны ауыстыруды қамтамасыз ету, пайдаланушыларды бағдарламалық өнiмдер мен оларды әзiрлеушiлер туралы хабардар ету, сондай-ақ мемлекеттiк органдарды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады . 

      2. Бағдарламалық өнiмдердi, бағдарламалық кодтарды және нормативтiк-техникалық құжаттаманы жинау, жүйелеу, жинақтау мен сақтау және Қазақстан Республикасының бағдарламалық өнiмдерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу депозитарийдiң негiзгi мiндеттерi болып табылады. 

      3. Қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын бағдарламалық өнiмдер, бағдарламалық кодтар және нормативтiк-техникалық құжаттама депозитарийде мiндеттi түрде мемлекеттiк есепке алынуға, тiркелуге және сақталуға тиiс. 

      4. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк тiркелiмiнде тiркелген бағдарламалық өнiмдер мiндеттi түрде депозитке берiлуге тиiс. 

      5. Депозитарийдiң қалыптастырылуы мен жүргiзiлуiн, сондай-ақ бағдарламалық өнiмдердiң, бағдарламалық кодтардың және нормативтiк-техникалық құжаттаманың сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етудi мемлекеттiк техникалық қызмет жүзеге асырады. Мемлекеттiк техникалық қызметтiң депозитарийде сақталатын бағдарламалық өнiмдердi, бағдарламалық кодтарды және нормативтiк-техникалық құжаттаманы өзгертуге және (немесе) үшiншi тұлғаларға беруге құқығы жоқ. 

      6. Мемлекеттiк техникалық қызмет бағдарламалық өнiмнiң меншiк иесiнiң өтiнiмi бойынша депозитарийдi жүргiзген кезде бағдарламалық өнiмнiң көшiрмелерiн: 

      1) депозитке берiлген дананың электрондық жеткiзушiсiнiң жарамдылық мерзiмi өтiп кеткен жағдайда бағдарламалық өнiмдi мұрағаттау немесе оның сақталуын қамтамасыз ету; 

      2) бағдарламалық өнiм жоғалған, жойылған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда бағдарламалық өнiмнiң түпнұсқасын ауыстыру үшiн дайындауы мүмкiн. 

      7. Уәкiлеттi орган депозитарийдiң жүргiзiлуiн тексерудi жылына кемiнде бiр рет жүзеге асырады. 

      8. Ақпараттық жүйе, бағдарламалық өнiм, бағдарламалық код және нормативтiк-техникалық құжаттама депозитке берiлуге тиiс. 

      9. Ақпараттық жүйе: 

      1) авторлық құқықтармен қорғалғандарынан басқа, ақпараттық жүйенiң бастапқы бағдарламалық кодтары;

      2) ақпараттық жүйелердiң инсталляциялық пакетi;

      3) қажет болған жағдайда меншiк иесi немесе иеленушiсi айқындайтын қосымша бағдарламалық қамтамасыз ету; 

      4) ақпараттық жүйенiң аңдатпалық немесе жарнамалық сипаттамасы;

      5) нормативтiк-техникалық құжаттама - ақпараттық жүйенiң ерекшелiгi, сипаттамасы, сынақ бағдарламасы мен әдiстемесi, пайдалану құжаттамасы; 

      6) меншiк иесiнiң немесе иеленушiсiнiң қалауы бойынша басқа да бағдарламалық құралдар мен құжаттар құрамында депозитке берiлуге тиiс. 

      10. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi құруға арналған ақпараттандыру саласындағы тұжырымдамалар, бағдарламалар, нормативтiк-техникалық құжаттама уәкiлеттi органның салалық бағалауымен бiрге депозитарийге берiледi.
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 178-IV,  2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      26-бап. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестiктi растау

      1. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестiктi растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

      2. Сәйкестiгi мiндеттi растауға жататын ақпараттандыру саласындағы өнiм ақпараттандыру саласындағы техникалық регламенттермен айқындалады. 

      3. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнде халықаралық шарттарға сәйкес деп танылған жағдайда, оның Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп есептеледi.

      27-бап. Ақпараттық жүйелердiң аудитi

      1. Ақпараттық жүйелердi құру, енгiзу және пайдалану кезеңiнде осы жүйелердiң меншiк иелерiнiң және (немесе) иеленушiлерiнiң бастамасы бойынша ақпараттық жүйелердiң аудитi жүргiзiлуi мүмкiн. 

      2. Құпиялы мәлiметтердi беру шарттары аудит жүргiзуге арналған шартта айқындалады. 

      3. Ақпараттық жүйелердiң аудитiн жүргiзу жөнiндегi шығыстарды ақпараттық жүйенiң меншiк иесi және (немесе) иемденушiсi мен әзiрлеушiсi арасындағы келiсiлген шешiм бойынша айқындалған тарап көтередi.

      4. Аудиттi жүргiзудi ақпараттық технологиялар саласында арнайы бiлiмi мен жұмыс тәжiрибесi бар адамдар уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. "ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКIМЕТ" АЯСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК
АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДIҢ ӨЗАРА IС-ҚИМЫЛЫНЫҢ ТӘРТIБI

      28-бап. "Электрондық үкiметтi" қалыптастыру шарттары

      Қазақстан Республикасында "электрондық үкiметтi" қалыптастыру: 

      1) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдары негiзiнде "электрондық үкiметтi" iске асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдармен келiсiлген шешiмдер қабылдау; 

      2) мемлекеттiк органдарда ақпараттандыру жөнiндегi бөлiмшелер құру. Мемлекеттiк органдар осындай бөлiмшелер болмаған жағдайда ақпараттандыру саласындағы операторға тиiстi инфрақұрылымды құру және дамыту кезiнде ақпараттандыру саласында ақпараттандыру саласындағы оператордың шарттық негiзде қызметтер көрсетуi туралы ұсыныстарымен жүгiнуге құқылы; 

      3) уәкiлеттi орган жанынан мемлекеттiк органдардың ақпараттық қызмет жетекшiлерiнiң кеңесiн құру; 

      4) ақпараттандыру саласындағы оператордың "электрондық үкiметтiң" базалық құрамдас бөлiктерiн техникалық сүйемелдеуi сияқты шарттар орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      29-бап. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету

      1. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерi электрондық мемлекеттiк қызметтердi «электрондық үкiметтiң» веб-порталы арқылы көрсетедi.
      Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету олардың көрсетiлу түрлерi бойынша – ақпараттық, интерактивтiк және транзакциялық болып, автоматтандыру дәрежесi бойынша толық автоматтандырылған және iшiнара автоматтандырылған болып бөлiнедi. Қызмет көрсету үдерiсiнде қағаздағы құжат айналымын болғызбайтын электрондық мемлекеттiк қызмет көрсету толығымен автоматтандырылған мемлекеттiк қызмет көрсету болып табылады. Қызмет көрсету үдерiсiнде қағаздағы және электрондық құжат айналымының кезектiлiгiн қамтитын электрондық мемлекеттiк қызмет көрсету iшiнара автоматтандырылған мемлекеттiк қызмет көрсету болып табылады.
      2. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету осы Заңға, мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарына және электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету регламенттерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету регламентi мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарын сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгiлеуге және электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету жөнiндегi қызмет тәртiбiн айқындауға тиiс. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету регламенттерiн құзыретiне электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету кiретiн мемлекеттiк органдар уәкiлеттi органның келiсiмiмен бекiтедi.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудi алуға өтiнiшi пайдаланушылардың электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сауал салуы негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсетудi алушылардан анықтамалар және мемлекеттiк электрондық ресурстардан алуға болатын өзге де ақпаратты талап етуге жол берiлмейдi.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерi халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесi арқылы мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мәлiметтер алады.
      Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерi мемлекеттiк қызметтер көрсету барысында алынған қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      5. Электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету қазақ және орыс тiлдерiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      30-бап. "Электрондық үкiмет" ақпараттық жүйелерiнiң
               түрлерi

      1. "Электрондық үкiметтiң" ақпараттық жүйелерi олардың мақсаты мен тәртiбiне қарай ведомстволық және ведомствоаралық болып бөлiнедi.

      2. "Электрондық үкiметтiң" электрондық ақпараттық ресурстарын толықтыруды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк ақпараттық жүйелер ведомстволық ақпараттық жүйелер болып табылады. 

      3. "Электрондық үкiметтiң" ведомствоаралық ақпараттық жүйелерi өзара iс-қимыл жасайтын ведомстволық ақпараттық жүйелер болып табылады.

      31-бап. "Электрондық үкiметтiң" базалық құрамдас
               бөлiктерi

      "Электрондық үкiмет" инфрақұрылымының жұмыс iстеуi базалық құрамдас бөлiктердi құруға негiзделедi және оларға: 

      1) электрондық қызметтер көрсету арқылы ведомстволық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған "электрондық үкiметтiң" веб-порталы және шлюзi; 

      «2) «электрондық үкiметтiң» төлем шлюзi;

      3) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiрыңғай көлiк ортасы; 

      4) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi; 

      5) "Мекенжай тiркелiмi" ақпараттық жүйесi; 

      6) ашық кiлттердiң инфрақұрылымы;

      7) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесi жатады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      32-бап. "Электрондық үкiметтi" қалыптастыру кезiндегi
               базалық құрамдас бөлiктер мен ақпараттық
               жүйелердiң өзара iс-қимылы

      1. "Электрондық үкiметтiң" ведомствоаралық және ведомстволық ақпараттық жүйелерiнiң өзара iс-қимылының тәртiбi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша мемлекеттiк органдар қабылдайтын нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi. 

      2. "Электрондық үкiметтi" қалыптастыру үшiн мемлекеттiк органдар мен ұйымдар беретiн электрондық ақпараттық ресурстардың тiзбесi уәкiлеттi органмен келiсiледi. 

      3. Мемлекеттiк органдар ведомстволық ақпараттық жүйелердiң электрондық ақпараттық ресурстарының жұмыс iстеуi мен қорғалуын қамтамасыз етедi. 

      4. Мемлекеттiк органдар "электрондық үкiметтiң" электрондық қызметтер көрсетуi ретiнде берiлетiн ведомстволық электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды және олардың өзектiлiгiн (жаңаруын) қамтамасыз етедi.

      5. Мемлекеттiк органдардың бiрыңғай көлiк ортасына өздерiнiң ведомстволық желiлерiн қосуға мiндеттi жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, мемлекеттiк органдардың және олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      33-бап. "Электрондық үкiметтiң" мемлекеттiк электрондық
               ақпараттық ресурстарына қол жеткiзу

      "Электрондық үкiметтiң" мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарына қол жеткiзу осы Заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

7-тарау. ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ
РЕСУРСТАРҒА ҚОЛ ЖЕТКIЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БЕРУ ТӘРТIБI

      34-бап. Ақпаратты алу және тарату құқығы

      1. Жалпыға бiрдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстары бар ақпараттық жүйелердiң меншiк иелерi немесе иеленушiлерi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалған тәртiппен және шарттарда ж еке және (немесе) заңды тұлғалардың сауалы бойынша оларды қызықтыратын ақпаратты ұсынуға мiндеттi. 

      2. Жалпыға бiрдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстардағы ақпаратты беруден негiзсiз бас тартуға сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      35-бап. Сауал негiзiнде электрондық ақпараттық
               ресурстарға қол жеткiзудi қамтамасыз ету

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу мынадай тәсiлдердiң бiрiмен: 

      1) электрондық почтаны пайдалана отырып немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында сауалды беру жолымен; 

      2) пайдаланушының жалпыға бiрдей қолжетiмдi ақпараттық ресурстарға тiкелей өтiнiмi арқылы ақпараттық жүйенiң меншiк иесiне немесе иеленушiсiне сауалды жiберу жолымен жүзеге асырылады. 

      2. Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында жiберiлген сауал, қағаз жүзiнде жiберiлген және сауалды жiберген тұлғаның түпнұсқа қолы қойылған сауалға теңестiрiледi. Мұндай сауалдар ақпараттық жүйенiң меншiк иесi немесе иеленушiсi белгiлеген iс қағаздарын жүргiзу ережелерiне сәйкес тiркеуге жатады.

      36-бап. Сауалға қойылатын талаптар

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзуге рұқсат алуға арналған сауалда мынадай мәлiметтер: 

      1) ақпаратты сұратқан тұлғаның тегi, аты және әкесiнiң аты; 

      2) заңды тұлға атынан сауалмен жүгiнген кезде - заңды тұлғаның толық атауы, сауалмен жүгiнген тұлғаның лауазымы, тегi, аты және әкесiнiң аты; 

      3) сауалмен жүгiнген адамның байланыс деректерi (почталық мекенжайы немесе электрондық почта мекенжайы, не телефонның немесе телефакстiң нөмiрi), олар арқылы ақпараттық жүйенiң меншiк иесi немесе оны иеленушiсi электрондық ақпараттық ресурстарды беруi немесе ақпаратты сұратқан тұлғамен байланысуы мүмкiн; 

      4) сұратылған электрондық ақпараттық ресурстың мазмұны, құжаттың атауы мен мазмұны немесе оған белгiлi құжаттың деректемелерi; 

      5) сауалды орындау үшiн қажеттi өзге де мәлiметтер; 

      6) сауалды орындаудың тiлекке сай тәсiлi көрсетiледi. 

      2. Егер тұлға электрондық ақпараттық ресурстарды өзi туралы не заңды тұлғаның атынан сол заңды тұлға туралы электрондық ақпараттық ресурстарды беру туралы сұратса, онда ол сауалда өзiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерiн және (немесе) оған қатысты сауал жiберiлген заңды тұлғада атқаратын лауазымын көрсетуге мiндеттi.

      37-бап. Сауалды орындау мерзiмдерi

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, сауал түскен күнiнен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей орындалады. 

      2. Осы Заңда белгiленген қарау мерзiмдерi сауал тiркелгеннен кейiнгi келесi жұмыс күнiнен бастап есептеледi. 

      3. Егер ақпараттық жүйенiң меншiк иесiне немесе иеленушiсiне сауалдың мәнiн нақтылау қажет болса немесе егер сұратылған электрондық ақпараттық ресурстарды ұсыну үшiн қосымша уақыт талап етiлетiн болса, онда ол сауалды орындау мерзiмiн он бес жұмыс күнiне дейiн ұзарта алады. Бұл ретте ол дәлелдерiн көрсете отырып, мерзiмiнiң ұзартылатыны туралы сұрау салған адамды бес жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге мiндеттi.

      38-бап. Сауалды орындалды деп тану

      Электрондық ақпараттық ресурстарды беру туралы сауал, егер: 

      1) электрондық ақпараттық ресурс осы Заңда көзделген тәсiлмен сұратушы тұлғаға берiлсе; 

      2) сауал қажеттiгiне қарай берiлсе және бұл туралы электрондық ақпараттық ресурсты сұратушы тұлғаға хабарланса; 

      3) сауал жiберiлген тұлғаға ашық көздерде жарияланған ақпаратпен танысу мүмкiндiгi түсiндiрiлсе, орындалды деп есептеледi.

      39-бап. Ашық көздерде жарияланған ақпарат туралы
               хабарлама

      Егер сұратылған электрондық ақпараттық ресурстар ашық көздерде жарияланса, онда ақпараттық жүйенiң меншiк иесi немесе иеленушiсi сұратылған электрондық ақпараттық ресурсты бермей, сұратылған электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу тәсiлдерi мен орны туралы мәлiметтердi оған бiр мезгiлде жiбере отырып, сауал жiберген тұлғаны бұл туралы бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабардар етуге құқылы.

      40-бап. Сауалды орындаудан бас тарту

      1. Егер: 

      1) сұратылған электрондық ақпараттық ресурсқа қатысты қол жетiмдiлiкке шектеулер болғанда және сауал жiберген тұлғаның сұратылған электрондық ақпараттық ресурсқа қол жеткiзу құқығы болмаса; 

      2) сұратылған электрондық ақпараттық ресурс болмаса және кiмнiң иелiгiнде екенi оған белгiсiз болса; 

      3) сауалдың мәнiн нақтылау кезiнде сұрау салушы тұлғаның нақты қандай электрондық ақпараттық ресурсты беру туралы өтiнiм жасағанын анықтау мүмкiн болмағанда; 

      4) электрондық ақпараттық ресурсты сұратушы тұлға сауалды орындау шығыстарын төлемесе, егер шығыстарды төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделсе ;  

      5) сауал осы Заңның 36-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келмесе, ақпараттық жүйенiң меншiк иесi немесе иеленушiсi сауалды орындаудан бас тартады. 

      2. Ақпараттық жүйенiң меншiк иесi немесе иеленушiсi сұрау салған тұлғаны осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша сауалды орындаудан бас тартатыны туралы бес жұмыс күнi iшiнде хабардар етедi.

8-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР МЕН АҚПАРАТТЫҚ
ЖҮЙЕЛЕРДI ҚОРҒАУ

      41-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
               жүйелердi қорғаудың мақсаттары

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi қорғау: 

      1) электрондық-ақпараттық ресурстардың тұтастығын және сақталуын қамтамасыз ету, оларды рұқсатсыз өзгертуге немесе жоюға жол бермеу; 

      2) қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстардың құпиялылығын сақтау; 

      3) электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын iске асыру; 

      4) электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу және оларды беру құралдарына рұқсатсыз ықпал етуге жол бермеу мақсатында құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларды қабылдауды бiлдiредi. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi қорғау:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарды құрсаулау, яғни ақпараттық жүйеге және ол ұсынатын электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетiмдiлiктi шектеуге немесе жабуға әкелетiн iс-қимылдар жасау; 

      2) электрондық ақпараттық ресурстарды түрлендiру, яғни бағдарламаға, деректер қорына, материалдық жеткiзушiдегi мәтiндiк ақпаратқа өзгерiстер енгiзу; 

      3) электрондық ақпараттық ресурсты көшiру, яғни ақпаратты басқа материалдық жеткiзушiге ауыстыру; 

      4) құқық иесiнiң рұқсатынсыз бағдарламалық өнiмдердi пайдалану;

      5) ақпараттық жүйелердiң және (немесе) бағдарламалық өнiмдердiң жұмысын бұзу, не ақпараттық-коммуникациялық желiнiң жұмыс iстеуiн бұзу жөнiнде рұқсатсыз iс-қимылдарды болғызбауға бағытталған.

      42-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды
               ұйымдастыру

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды:

      1) жалпыға бiрдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты - электрондық ақпараттық ресурстарды тарататын тұлға;

      2) қолжетiмдiлiгi заңмен шектелген электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты - осындай электрондық ақпараттық ресурстары бар меншiк иесi, иеленушi немесе ақпараттандыру саласының операторы;

      3) қолжетiмдiлiгiн олардың меншiк иесi немесе иеленушiсi шектелген электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты - электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi немесе иеленушiсi ұйымдастырады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарға рұқсатсыз қол жеткiзудi болғызбауды;

      2) егер мұндай рұқсатсыз қол жеткiзудi болғызбау мүмкiн болмаса, электрондық ақпараттық ресурстарға рұқсатсыз қол жеткiзу фактiлерiн уақтылы анықтауды;

      3) ақпаратқа қол жеткiзу тәртiбiн бұзудың қолайсыз салдарын барынша азайтуды;

      4) электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу мен беру құралдарына ықпалды болғызбауды;

      5) рұқсатсыз қол жеткiзу салдарынан өзгертiлген не жойылған электрондық ақпараттық ресурстарды жедел қалпына келтiру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн шараларды қабылдауға мiндеттi.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      43-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
               жүйелердi қорғау шаралары

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғаудың құқықтық шараларына электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесiнiң немесе иеленушiсiнiң ақпаратты пайдаланушылармен жасасқан шарттары жатады, оларда белгiлi бiр электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу шарттары және электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу мен оларды пайдалану талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк белгiленедi. 

      2. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi қорғаудың ұйымдастыру шараларына ақпаратқа (ақпаратты материалдық жеткiзушiлерге) қол жеткiзу жүзеге асырылуы мүмкiн аумаққа (үй-жайға) кiрудiң ерекше режимiн қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткiзудi тұлғалар тобы мен ақпараттың сипаты бойынша шектеу жатады. P060484

      3. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi қорғаудың техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларына ақпараттық жүйелердi табиғи қорғау, ақпаратты қорғау құралдарын, оның iшiнде криптографиялық құралдарды пайдалану, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткiзудi бақылау және қол жеткiзу фактiлерiн тiркеу жүйелерiн табиғи қорғау жөнiндегi шаралар жатады. 

      4. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғаудың техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларын пайдалану азаматтардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрмеуге немесе қауiп төндiрмеуге тиiс.

      44-бап. Дербес сипаттағы электрондық ақпараттық
               ресурстарды қорғау

      1. Дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық ресурстардың меншiк иелерi немесе иеленушiлерi оларды жария етуден қорғау жөнiндегi шараларды қабылдауға мiндеттi. Мұндай мiндет дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған кезден бастап және олардың жойылуына не мәнiнiң жойылуына дейiн немесе осы деректер қатысты болатын тұлғадан оларды жариялауға келiсiм алғанға дейiн туындайды. 

      2. Дербес деректердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды одан әрi беруге оларға қатысты тұлғаның келiсiмiмен ғана немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де негiздер бойынша рұқсат етiледi.

9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      45-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы
               заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      46-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 28-бабының 2) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Ақпараттандыру туралы" 2003 жылғы 8 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., N 10, 52-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., 3, 22-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

astana 20

ЛОГО ПРОМРЕВОЛЮЦИЯ КАЗ

egovkz kz

   
   
Разработка сайтов - SEOPRO