Мемлекеттiк құпиялар туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы N 349-I Заңы

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 4, 102-құжат; "Егемен Қазақстан" 1999 жылғы 19 наурыз, N 54


 

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде мемлекеттiк құпияларды қорғаудың құқықтық негiздерi мен бiрыңғай жүйесiн айқындайды, мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызуға, оларды құпияландыруға, оларға билiк етуге, оларды қорғау мен құпиясыздандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      мемлекеттiк құпиялар - таратылуын мемлекет жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтiн әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-iздестiрушiлiк және өзге де қызметтi тиiмдi жүзеге асыру мақсатымен шектейтiн, мемлекет қорғайтын мемлекеттiк және қызметтiк құпияларды құрайтын мәлiметтер;
      мемлекеттiк құпия - жарияланған немесе жоғалған жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн немесе нұқсан келтiруi мүмкiн әскери, экономикалық, саяси және өзге де сипаттағы мәлiметтер;
      қызметтiк құпия - мемлекеттiк құпияның құрамына кiруi мүмкiн, жарияланған немесе жоғалған жағдайда мемлекеттiң ұлттық мүдделерiне, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн жекелеген деректер сипаты бар мәлiметтер;
      құпиялылық белгiсi - беру көзiнiң өзiнде және (немесе) оған iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, беру көздерiнде қамтылған мәлiметтердiң құпиялылық дәрежесiн куәландыратын деректемелер;
      мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат ету - өкiлеттi лауазымды адамның рұқсатымен нақты адамды мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтермен таныстыру;
      мемлекеттiк құпияларға рұқсат ету - азаматтарға мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат етiлу, ал ұйымдарға - осындай мәлiметтердi пайдалану арқылы жұмыс жүргiзу құқығын ресiмдеу рәсiмi;
      мәлiметтер мен олардың көздерiн құпияландыру - мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүдделерiн көздеп, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер таратуды және олардың көздерiне рұқсат етудi шектеу жөнiндегi шаралардың жиынтығы;
      мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер көздерi - мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiмет нышандар, үлгiлер, белгiлер, техникалық шешiмдер және процестер түрiнде өз көрiнiсiн табатын материалдық объектiлер, оның iшiнде физикалық өрiстер;
      мәлiметтердi құпиясыздандыру - мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгi мүдделерiн көздеп, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi таратуға және олардың көздерiне рұқсат етуге белгiленген шектеулердi алып тастау жөнiндегi шаралардың жиынтығы;
      мемлекеттiк құпияларды қорғау жүйесi - мемлекеттiк құпияларды қорғау органдарының, олардың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi және солардың көздерiн қорғауда пайдаланатын құралдары мен әдiстерiнiң, сондай-ақ осы мақсатта жүргiзiлетiн шаралардың жиынтығы;
      мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау құралдары - мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғауға арналған техникалық, криптографиялық, бағдарламалық және басқа да құралдар, олар iске асырылған құралдар, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғаудың тиiмдiлiгiне бақылау жасау құралдары;
      мемлекеттiк құпияларды жария ету - мемлекеттiк құпияларды олармен танысуға құқық берiлмеген заңды және жеке тұлғаларға хабарлау, беру, табыс ету, жiберу, жариялау немесе кез-келген басқа әдiстермен жеткiзу;
      мемлекеттiк құпияларды жоғалту - мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң жоғалтылуы не ұрлануы салдарынан заңды иеленуден немесе пайдаланудан шығып қалуы, соның iшiнде уақытша да шығып қалуы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар
              туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары
              мен олардың көздерiне меншiк құқығы

      Мемлекеттiк құпиялар мен мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтердiң көздерi Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылады.

      4-бап. Мемлекеттiк құпияларды қорғау органдары

      1. Мемлекеттiк құпияларды қорғау органдарына:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органы;
      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен оның органдары;
      мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерi жатады.
      2. Мемлекеттiк құпияларды қорғау органдары өздерiне жүктелген мiндеттерге сәйкес және өз құзыреттерi шегiнде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң қорғалуын ұйымдастыру үшiн жауапкершiлiк олардың басшыларына жүктеледi. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшылары мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер пайдаланылатын жұмыстардың көлемiне қарай мiндеттерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес және олар жүргiзетiн жұмыстардың ерекшелiктерiн ескере отырып, аталған басшылар белгiлейтiн мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiнде құрылымдық бөлiмшелер құрады.
      3. Мемлекеттiк құпияларды қорғау мемлекеттiк орган мен ұйымның негiзгi қызметiнiң бiр түрi болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан
Республикасы Парламентiнiң, Үкiметiнiң, мемлекеттiк органдары
мен ұйымдарының мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы
өкiлеттiгi

      5-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Президентi:
      1) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы бiрыңғай саясатты белгiлеп, мемлекеттiк бағдарламаны бекiтедi;
      2) мемлекеттiк құпияларды қорғау жүйесiнiң қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      3) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады;
      4) Мемлекеттiк органдардың мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген лауазымды адамдарының тiзбесiн бекiтедi;
      5) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстанның бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе әскери жағдай енгiзген жағдайларда лауазымды адамдар мен азаматтарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат ету тәртiбi осы кезеңге өзгертiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Парламентi өз өкiлеттiгi шегiнде:
      1) мемлекеттiк құпиялар саласындағы заңдарды қабылдайды, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
      2) мемлекеттiк құпияларды қамтамасыз ету мәселелерi бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;
      3) Үкiмет мүшесiнiң мемлекеттiк құпияларды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi есебiн тыңдау нәтижелерi бойынша оны қызметiнен босату туралы Қазақстан Республикасының Президентiне өтiнiш қабылдайды.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi;
      2) Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның құрамы, құрылымы туралы ұсыныстарды табыс етедi;
      3) Қазақстан Республикасында құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi нұсқаулықты бекiтедi;
      4) құпияландырылуға тиiстi мәлiметтердiң ведомостволық тiзбелерiн әзiрлеу тәртiбiн белгiлейдi;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаны әзiрлеу мен орындауды ұйымдастырады;
      6) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаны iске асыруға бағытталатын бюджеттiк қаржыны көздейдi, мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi жұмыстарды материалдық-техникалық жағынан және қаржымен қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi;
      7) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарды Қазақстан Республикасының айрықша режимдi, режимдi және ерекше қорғалатын объектiлерi санатына жатқызу тәртiбiн бекiтедi, сондай-ақ шетелдiктердiң болуы үшiн уақытша жабық аумақтардың тiзбесiн бекiтедi;
      8) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшелердi ұйымдастыру, олардың жұмыс iстеу және таратылу тәртiбiн белгiлейдi;
      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi бiрлесiп пайдалану мен қорғау туралы үкiметаралық келiсiмдерiн жасайды, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi, шет мемлекеттерге мемлекеттiк құпиялар мен олардың көздерiн беру туралы шешiм қабылдайды және оларды беру тәртiбiн белгiлейдi;
      10) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның, сондай-ақ мәлiметтердiң құпияландырылуы салдарынан олардың көздерi иесiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындау тәртiбiн белгiлейдi;
      11) Қазақстан Республикасының азаматтарына оларға мемлекеттiк құпияларға рұқсат етуге байланысты арнаулы тексеру жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;
      12) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      8-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын
              қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның
              құзыретi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы бiрыңғай саясатты жүзеге асырады және мынадай негiзгi мiндеттердi атқарады:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды үйлестiредi;
      2) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi құқықтық, әкiмшiлiк, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесiн әзiрлейдi, олардың Қазақстан Республикасы аумағында орындалуын бақылайды;
      3) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаны, нормативтiк және әдiстемелiк актiлердi әзiрлеу мен орындау мүдделерiн көздеп мемлекеттiк құпияларды қорғау органдарының қызметiн үйлестiрiп отырады;
      4) Мемлекеттiк органдардың мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген лауазымды адамдарының тiзбесiн әзiрлеп, оны бекiтуге бередi;
      5) Қазақстан Республикасында құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiнде нұсқаулық әзiрлейдi;
      6) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғаудың техникалық құралдарын сертификаттау тәртiбiн әзiрлейдi;
      7) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жария етудiң немесе жоғалтудың салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның, сондай-ақ мәлiметтердiң құпияландырылуы салдарынан олардың көздерi иесiне келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындау тәртiбiн әзiрлейдi;
      8) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарды Қазақстан Республикасының айрықша режимдi, режимдi және ерекше қорғалатын объектiлерiнiң санатына жатқызу тәртiбiн әзiрлейдi;
      9) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарлама мен мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi жұмыстарды материалдық-техникалық және қаржы жағынан қамтамасыз ету тәртiбiн әзiрлейдi;
      10) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшелердiң кадрларын даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;
      11) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау мәселелерi жөнiнде практикалық және әдiстемелiк көмек көрсетедi;
      12) Қазақстан Республикасының азаматтарына оларға мемлекеттiк құпияларға рұқсат етуге байланысты арнаулы тексеру жүргiзу тәртiбiн әзiрлеп, оны бекiтуге табыс етедi;
      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      9-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк
              комитетi мен оның органдарының құзыретi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен оның органдары:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қарсы барлаудан қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметiн бақылап отырады;
      2) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат етуге ресiмделетiн (қайта ресiмделетiн) Қазақстан Республикасының азаматтарына арнайы тексеру жүргiзедi;
      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес қызмет түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
      4) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғаудың техникалық, оның iшiнде криптографиялық құралдарын сертификаттауды ұйымдастырады;
      5) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдаланып жұмыс жүргiзуге белгiленген тәртiппен рұқсат бередi;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарын бұзуға байланысты қылмыстарды анықтайды, оларды тыяды, ашады және тергеу жүргiзедi;
      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.15 N 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      10-бап. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың өкiлеттiгi

      Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар мемлекеттiк құпияларды қорғау органдарымен өзара iс-қимылда:
      1) құпияландырылуға тиiстi мәлiметтердiң ведомостволық тiзбесiн әзiрлейдi;
      2) олар әзiрлеген мемлекеттiк құпиялардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оның iшiнде ведомостволық бағынысты ұйымдарда да қорғалуын қамтамасыз етедi;
      3) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жария етудiң немесе жоғалтудың салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның мөлшерiн анықтау тәртiбiн әзiрлеуге қатысады;
      4) өздерiне басқа мемлекеттiк органдар мен ұйымдар берген мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң, сондай-ақ өздерi құпияландырған мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi;
      5) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жұмыс жүргiзуге белгiленген тәртiппен рұқсат алады;
      6) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау құралдарына сертификаттар алады;
      7) мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi бөлiмшелердiң жұмыс iстеуi мен олардың уақтылы таратылуын ұйымдастырады;
      8) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен орындауға, мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi жұмыстарды материалдық-техникалық және қаржы жағынан қамтамасыз етуге қатысады;
      9) айрықша режимдi, режимдi және ерекше қорғалатын объектiлердiң санаттарын және оларды уақтылы қайта қарауды белгiлейдi;
      10) мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер алуға рұқсат етiлетiн азаматтарға қатысты тексеру шараларын жүргiзудi өз құзыретi шегiнде қамтамасыз етедi;
      11) мемлекеттiк құпияларды қорғау жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      12) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау саласындағы басқа да мәселелердi шешедi.

3-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына
жатқызылатын мәлiметтер

      11-бап. Қазақстан Республикасының әскери саладағы
               мемлекеттiк құпияларына жатқызылатын мәлiметтер

      Әскери салада мемлекеттiк құпияларға мына мәлiметтер жатқызылады:
      1) әскерлердi қолданудың жоспарларын, жедел жоспарларды, жауынгерлiк басқару құжаттарын, әскерлердi жауынгерлiк даярлықтың әртүрлi дәрежесiне келтiру жөнiндегi құжаттарды ашатын мәлiметтер;
      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң стратегиялық өрiстетiлуi туралы мәлiметтер;
      3) әскерлердiң дамуы, саны, жауынгерлiк құрамы немесе мөлшерi, олардың жауынгерлiк даярлығы, сондай-ақ әскери-саяси және (немесе) жедел жағдайлары туралы мәлiметтер;
      4) әскерлердiң жедел (жауынгерлiк) даярлығының, қызметiнiң қамтамасыз етiлуiнiң жай-күйiн, әскерлердi басқару жүйесiнiң құрамын және (немесе) жай-күйiн ашатын мәлiметтер;
      5) әскерлердiң жұмылдырушылық өрiстетiлуi, адам және көлiк ресурстарын жұмылдыруды жүргiзу, жұмылдырушылық өрiстетiлудi басқару жүйесi туралы және (немесе) әскерлердi жеке құраммен жасақтаудың, қару-жарақпен, әскери техникамен және басқа да материалдық, қаржы қаражатымен, сондай-ақ әскери тасымалдаумен қамтамасыз етудiң мүмкiндiктерi туралы мәлiметтер;
      6) қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың бағыттарын, ұзақ мерзiмдi болжамдарын немесе жоспарларын, қару-жарақ пен әскери техниканың үлгiлерiн жасау немесе жаңғырту жөнiндегi мақсатты бағдарламаларды зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды орындаудың мазмұнын немесе нәтижелерiн, олардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын ашып көрсететiн мәлiметтер;
      7) қару-жарақ пен әскери техниканы әзiрлеудiң бағыттарын, оларды даярлаудың конструкциясын, технологиясын, изотоптық құрамын, жауынгерлiк, физикалық, химиялық, немесе ядролық қасиеттерiн қолдану немесе пайдалану тәртiбiн ашып көрсететiн мәлiметтер;
      8) бактериялық немесе медициналық қорғау құралдарын (заттай түрде) шығару және (немесе) жеткiзу жөнiндегi өндiрiстiк қуаттарды, жоспарлы немесе iс жүзiндегi деректердi ашатын мәлiметтер;
      9) қорғаныстық және экономикалық маңызы зор атом ғылымы мен техникасының немесе қару-жарақ пен әскери техниканың және (немесе) принципiнде жаңа бұйымдар мен технологиялар жасау мүмкiндiктерiнiң сапасы жөнiнен жаңа деңгейiн анықтайтын жетiстiктерiн ашатын мәлiметтер;
      10) ракеталық отын, баллистикалық оқ-дәрi, әскери мақсаттағы жарылғыш заттар немесе жару құралдары, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техникаға арналған жаңа құймалар, арнайы сұйықтар, отын өндiрудiң қасиеттерiн, рецептурасын немесе технологиясын ашатын мәлiметтер;
      11) Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес ашық жариялауға жататын объектiлердiң тiзбесiне кiргiзiлмеген әскерлердiң орналасқан жерiн, шынайы атауын, ұйымдық құрылымын, қару-жарағын, санын ашатын мәлiметтер;
      12) Қазақстан Республикасының инфрақұрылымын оның қорғаныс қабiлетi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде пайдалану туралы мәлiметтер;
      13) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар бойынша мiндеттемелерiне кiрмейтiн режимдi объектiлердiң орналасқан жерi, мақсаты, даярлық дәрежесi немесе қорғалуы туралы, аталған объектiлердi салу үшiн жер учаскелерiн, жер қойнауларын немесе айдындарды таңдау, бөлу туралы, сондай-ақ бұл объектiлердi жасау жөнiнде жоспарланып немесе жүргiзiлiп отырған iздестiру, жобалау және өзге де жұмыстар туралы мәлiметтер. Мемлекеттiк өкiмет органдарының арнаулы объектiлерiне қатысты нақ сондай мәлiметтер;
      14) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде Қазақстан Республикасының өзара ұштастырылған байланыс желiлерiн пайдалану немесе оларды дамытудың болашағы туралы мәлiметтер;
      15) магистралды қалааралық байланыс желiлерiнiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қорғаныс Министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi және Iшкi iстер министрлiгi жалға алатын запастағы байланыс тораптарының географиялық координаттарын қамтитын схемалары мен сипаттаулары бар олардың қуаттары туралы деректер көрсетiлген жиынтық мәлiметтер;
      16) әскери немесе арнаулы мақсаттағы радиоэлектронды құралдармен радиожиiлiктерi белдеулерiнiң бөлiнуiн немесе пайдаланылуын ашатын мәлiметтер;
      17) байланыстың барлық түрлерiнiң, әскерлердi радиолокациялық, радиотехникалық қамтамасыз етудiң ұйымдастырылуын немесе олардың жұмыс iстеуiн ашатын мәлiметтер;
      18) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң негiзгi қызмет түрлерiн ұстауды, ұйымдастыруды немесе олардың нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      19) қос мақсаттағы құралдарды, технологияларды дамытудың бағыттарын, бұл құралдарды, технологияларды жасау немесе жаңғырту жөнiндегi нысаналы бағдарламаларды, ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды орындаудың мазмұнын, нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      20) қос мақсаттағы құралдарды, технологияларды әскери мақсаттарда қолдану туралы мәлiметтер;
      21) Қазақстан Республикасының ғарыштық инфрақұрылымдарын оның қорғаныс қабiлетi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде дамытудың перспективалары туралы және (немесе) оларды пайдалану туралы мәлiметтер;
      22) мемлекеттiң қорғанысы мен оның қауiпсiздiгi мүдделерiнде гидронавтиканы дамытудың жай-күйiн және (немесе) бағыттарын ашып көрсететiн мәлiметтер.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2002.07.10 N 338 Заңымен.

      12-бап. Экономика, бiлiм, ғылым және техника саласында
               Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
               құпияларына жатқызылатын мәлiметтер

      Экономика, бiлiм, ғылым және техника саласында мыналар мемлекеттiк құпияларға жатқызылады:
      1) Қазақстан Республикасының экономикасын соғыс уақытында орнықты жұмыс iстеуге дайындауды айқындайтын көрсеткiштер туралы мәлiметтер;
      2) ғылым мен техника саласында принциптi жаңа бұйымдарды жасауға пайдаланылуы мүмкiн ең жаңа жетiстiктердiң, экономиканың түрлi салаларындағы технологиялық процестердiң мәнiн ашатын, сондай-ақ жария болуы мемлекет мүддесiне залал келтiруi мүмкiн қару-жарақтар мен әскери техника мүмкiндiктерiнiң, олардың жауынгерлiк тиiмдiлiгiн арттырудың сапалық жаңа деңгейiн анықтайтын мәлiметтер;
      3) мемлекеттiң қорғанысы мен қауiпсiздiгi мүдделерiнде жүргiзiлетiн ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық немесе жобалық жұмыстардың мазмұнын және (немесе) бағыттарын ашатын мәлiметтер;
      4) мемлекеттiң қауiпсiздiгi мүддесiнде жүргiзiлетiн шараларды ашатын кадрларды даярлау немесе бөлу туралы мәлiметтер;
      5) гидрометеорология немесе гелиогеофизика саласындағы жұмыстардың нәтижелерiн, сондай-ақ мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде жүргiзiлетiн арнаулы геологиялық-геофизикалық зерттеулердiң нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      6) мемлекеттiк қорғаныс тапсырысының жоспарын (тапсырмасын), қару-жарақ пен әскери техниканы беру көлемiн, оларды шығару жөнiндегi өндiрiстiк құжаттарды ашатын мәлiметтер;
      7) кәсiпорындардың кооперация жөнiндегi байланыстары, қару-жарақ пен әскери техниканы әзiрлеушiлер немесе дайындаушылар туралы мәлiметтер, егер бұл мәлiметтер оларды шығару жөнiндегi өндiрiстiк қуаттар және (немесе) қару-жарақ пен әскери техниканың негiзгi тактикалық-техникалық сипаттамасы туралы деректердi ашатын болса;
      8) қару-жарақ пен әскери техниканы метрологиялық жағынан қамтамасыз етудiң жай-күйiн, әскери эталондардың техникалық немесе метрологиялық сипаттамаларын немесе қару-жарақ пен әскери техниканың сапалық жағынан жаңа деңгейiн айқындайтын метрологиялық қамтамасыз ету құралдарын ашатын мәлiметтер. Стандарттауды дамытудың негiзгi бағыттарын немесе бағдарламаларын, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника саласындағы стандарттардың мазмұнын ашатын мәлiметтер;
      9) Қазақстан Республикасындағы ғылыми-техникалық прогрестiң болжамды бағалануын және оның мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн айқындайтын бағыттар бойынша әлеуметтiк-экономикалық салдарларын ашатын мәлiметтер;
      10) металлургия өнеркәсiбiнiң сирек кездесетiн металдарды немесе стратегиялық маңызы бар басқа да материалдарды өндiруi туралы мәлiметтер;
      11) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда жер қойнауларындағы ресурстық әлеуеттi, баланстық қорларын ашатын мәлiметтер немесе пайдалы қазбалардың жекелеген түрлерiн өндiру туралы деректер;
      12) республикалық бюджеттiң Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi (қорытылған көрсеткiштерден басқа) ашатын шығыстары туралы мәлiметтер;
      13) қару-жарақ пен әскери техниканы жасау жөнiндегi ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындарды ашатын мәлiметтер. Арнаулы объектiлердiң мүдделерiнде жүргiзiлетiн жұмыстарға қатысты нақ сондай мәлiметтер;
      14) қару-жарақ пен әскери техниканы, режимдiк объектiлердi әзiрлеу, өндiру немесе жөндеу тапсырыстарына арналған қаржыны немесе нақты шығындарды ашатын мәлiметтер. Арнаулы объектiлерге де қатысты нақ сондай мәлiметтер;
      15) сыртқы берешектер бойынша жинақталған көрсеткiштердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен реттелмеген есеп айырысулары жөнiндегi мәлiметтер;
      16) мемлекеттiк органдар сметаларының жекелеген баптары бойынша әскерлердi ұстауға арналған ақша қаражатының шығыстарын ашатын мәлiметтер;
      17) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының жаңа банкноттары мен монетттерiн шығару және (немесе) оларды ауыстыру туралы мәлiметтер, егер оларды ауыстыру шешiм қабылданған күннен бастап және бұл мәлiметтердi оларды айналысқа шығару туралы жариялау үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына берген кезге дейiн банкноттар мен монеттердi (мерейтойлық және атаулы күндерге арналғандардан басқа) айналыстан алып тастауға әкеп соқтыратын болса;
      18) мемлекеттiк бағалы қағаздарды, құжаттарды қолдан жасаудан қорғаудың әдiстерi, сондай-ақ олардың түпнұсқалылығын айқындаудың әдiстерi туралы мәлiметтер;
      19) қару-жарақ пен әскери техниканы дайындау (жөндеу) жөнiндегi жұмылдыру қуаттары, бұл қуаттарды жасау және (немесе) дамыту (сақтау) туралы мәлiметтер;
      20) жаппай қолданылатын өнiмдердi, шикiзаттың, материалдардың стратегиялық түрлерiн өндiру жөнiндегi жұмылдырушылық қуаттар, осы қуаттарды жасау және (немесе) дамыту (сақтау) туралы мәлiметтер;
      21) индикациялау, газсыздандыру, халықты жаппай қырып-жою қаруларынан химиялық қорғау құралдарын немесе олар үшiн жаңа сорбционды және басқа да материалдар жасау мақсатында жүргiзiлген жұмыстарды ашатын мәлiметтер;
      22) қорғаныстық немесе экономикалық маңызы зор топографиялық, геодезиялық немесе картографиялық қызметтердiң нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      23) көлiк желiлерiнiң, көлiк құралдарының жай-күйiн, оларды әскери мақсаттар үшiн жабдықтауды, дайындауды, әскери тасымалдардың көлемiн және қару-жарақ пен әскери техниканы тасымалдау бағыттарын ашатын мәлiметтер;
      24) темiр жолдардың жүктердi темiр жолмен тасымалдауды қамтамасыз ету жөнiндегi мүмкiндiктерiн және (немесе) жұмылдыру резервтерiн, әскери тасымалдауды ұйымдастыру мен олардың көлемiн, энергетикалық, минералдық, ауыл шаруашылығы шикiзаттарының, отындардың, материалдардың стратегиялық түрлерiн, қару-жарақтың немесе әскери техниканың жекелеген түрлерiн тасымалдаудың көлемi мен тасымалдау бағыттарын, байланыс немесе басқару жүйелерiн ұйымдастыруды және (немесе) олардың жұмыс iстеуiн, сондай-ақ темiр жол қозғалысының қауiпсiздiгi мен жүктердiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi арнаулы шараларды ашатын мәлiметтер;
      25) әскерлердi тиеу немесе түсiру пункттерiнiң орналасқан жерiн, мамандануын, қуатын және (немесе) өткiзу қабiлетiн, оларға азық-түлiк, медициналық-санитариялық жағынан қызмет көрсету туралы деректердi ашатын мәлiметтер;
      26) көлiк құралдарына, оның iшiнде көлiктiң жекелеген түрлерi бойынша жұмылдырушылық қажеттiлiктерiн және (немесе) олармен жұмылдырушылық жөнiнен қамтамасыз етiлудi ашатын мәлiметтер;
      27) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда азаматтық қорғаныс күштерiнiң немесе құралдарының жай-күйiн ашатын мәлiметтер;
      28) Қазақстан Республикасы экономикасының жұмылдырушылық жоспарын құрылымдық жағынан ұйымдастыруды немесе олардың көрсеткiштерiн, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың немесе жекелеген ұйымдардың жұмылдырушылық дайындығының жай-күйiн ашатын мәлiметтер;
      29) мемлекеттiк материалдық резервтiң нақты запастарын ашатын мәлiметтер;
      30) қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнiмге арналған құжаттаманың, сондай-ақ қатерi жоғары, халықтың тiршiлiк ету жүйелерiн қамтамасыз ететiн объектiлерге және ұлттық игiлiк болып табылатын объектiлерге арналған жобалық құжаттаманың сақтандыру қорының жасалуы мен сақталуын сипаттайтын мәлiметтер, тұтас алғанда Қазақстан Республикасы бойынша құжаттаманың сақтандыру қорын сақтау объектiлерiн (базаларын) орналастыру туралы мәлiметтер;
      31) Қазақстан Республикасының өнеркәсiбiн жұмылдыруға дайындау және жұмылдыру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларын, мазмұнын немесе нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      32) Қазақстан Республикасының соғыс уақыты кезiндегi шет елдермен төлем балансын ашатын мәлiметтер;
      33) елдi қорғау мүдделерiнде пайдаланылуы мүмкiн кен қазу орындары, табиғи үңгiрлер, метрополитендер немесе басқа да ғимараттар туралы мәлiметтер, сондай-ақ 300 мың адамнан астам тұрғындары бар қалаларды сумен жабдықтаудың, темiр жол тораптарының, стратегиялық және қорғаныстық маңызы бар объектiлердiң және (немесе) оларды сумен жабдықтайтын су құбырларының бас ғимараттарының орналасу схемаларын ашатын мәлiметтер;
      34) қару-жарақты, әскери техниканы жасауға, өндiруге және (немесе) пайдалануға жағдай туғызатын, олардың күзетiлетiн параметрлерiн ашатын физикалық-химиялық құбылыстар (өрiстер) туралы мәлiметтер;
      35) атом-энергетикалық кешенi объектiлерiн жобалау, салу, пайдалану немесе олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы мәлiметтер;
      36) бюджет қаражаттары есебiнен өткiзiлетiн ұлттық бiрыңғай тестiлеудi, кешендi тестiлеу мен тестiлеудiң басқа да түрлерiн өткiзу кезiнде пайдаланылатын тестiлердiң мазмұнын және олардың дұрыс жауаптарының кодтарын ашатын мәлiметтер.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.02 N 541, 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2010.02.03 № 248-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.

      13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
               құпияларына жатқызылатын сыртқы саяси және
               сыртқы экономикалық салалардағы мәлiметтер

      Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық салалардағы мемлекеттiк құпияларға мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының стратегиясы мен тактикасын ашып беретiн сыртқы саясат, сыртқы сауда, ғылыми-техникалық байланыстар мәселелерi жөнiндегi, күнi бұрын таратылуы мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн мәлiметтер;
      2) егер жария еткен жағдайда олардың көзiн анықтауға әкеп соғуы мүмкiн бiр немесе бiрқатар шет мемлекеттерге қатысты сенiм бiлдiру тәртiбiмен алынған саяси, әскери, ғылыми-техникалық немесе экономикалық мәселелер жөнiндегi мәлiметтер;
      3) егер келiссөзге қатысушылардың пiкiрi бойынша бұл мәлiметтердi жария ету тараптардың бiреуi үшiн дипломатиялық шиеленiстерге әкеп соқтыруы мүмкiн болса, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi мен басқа мемлекеттердiң өкiлдерi арасындағы халықаралық қатынастарда бiрыңғай принциптi көзқарас тұжырымдау жөнiндегi келiссөздер туралы мәлiметтер;
      4) күнi бұрын тарату Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне, қауiпсiздiгiне, саяси немесе экономикалық мүдделерiне зиян келтiру мүмкiн халықаралық шарттарды әзiрлеу, жасасу, олардың күшiн жоюға дайындау, мазмұны немесе орындалуы туралы мәлiметтер;
      5) егер бұл мәлiметтердi жария ету тараптардың бiреуi үшiн дипломатиялық шиеленiстерге әкеп соқтыруы мүмкiн болса, алушы елдерi көрсетiлетiн қару-жарақтың, әскери техниканың немесе керек-жарақтардың экспорты мен импорты туралы мәлiметтер, сондай-ақ шет мемлекеттерге қару-жарақты, әскери техника мен әскери объектiлердi жасауға техникалық жәрдем, оның iшiнде тегiн көрсету туралы мәлiметтер;
      6) шет мемлекеттермен ерекше кезеңдегi экономикалық ынтымақтастықтың мәнiн немесе көлемiн, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң осы мәселелер жөнiндегi сыртқы экономикалық ұйымдары әскери-жұмылдыру органдарының өзара iс-қимылын ашатын мәлiметтер;
      7) Қазақстан Республикасы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң арасындағы есептiк жылға арналған шикiзатты, материалдарды, отынды, жабдықтарды, дәрi-дәрмектердi өзара берудi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың немесе соңғыларына тұтас алғанда Қазақстан Республикасы бойынша есептiк жылға арналған кәсiпорындар мен объектiлердi салуға техникалық жәрдем көрсету жөнiндегi шаралардың мазмұнын ашатын мәлiметтер;
      8) Қазақстан Республикасы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң арасындағы жалпы Қазақстан Республикасы бойынша есептiк жылға арналған экспорттық-импорттық жүктердi тасымалдау көлемiн ашатын мәлiметтер.

      14-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
               құпияларына жатқызылатын барлау, қарсы барлау,
               жедел-iздестiру қызметi мен өзге де қызмет
               саласындағы мәлiметтер

      Барлау, қарсы барлау, жедел-iздестiру қызметi мен өзге де қызметтер саласындағы мемлекеттiк құпияларға мыналар жатады:
      1) барлау, қарсы барлау қызметiнiң күштерiн, құралдарын, көздерiн, әдiстерiн, жоспарларын, жай-күйiн, ұйымдастырылуын, нәтижелерiн, сондай-ақ жедел-iздестiру қызметiнiң қылмыстық процесте пайдаланылмаған қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар нақты деректер ретiндегi нәтижелерiн ашып көрсететiн мәлiметтер. Барлау, қарсы барлау, жедел-iздестiру қызметiн қаржыландыру туралы деректер, егер олар аталған мәлiметтердi ашып көрсететiн болса;
      2) нақты адамдардың Қазақстан Республикасының барлау, қарсы барлау органдарының кадрлар құрамына қатыстылығын ашатын мәлiметтер;
      3) барлау қызметiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының органдарына құпия көмек көрсететiн (көрсеткен) адамдар туралы мәлiметтер;
      4) сыртқы барлау саласында жүргiзiлетiн жедел жұмылдыру жұмыстарының жай-күйi мен нәтижелерiн ашатын мәлiметтер;
      5) Қазақстан Республикасының қарсы барлау немесе жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарымен құпиялық негiзде жұмыс iстейтiн (жұмыс iстеген) адамдар туралы мәлiметтер;
      6) жедел жұмылдыру жұмысының жай-күйiн, нәтижелерiн, сондай-ақ шараларын ашатын мәлiметтер;
      7) радиоэлектрондық барлау, байланыс құралдары органдарының күштерiн, құралдарын, әдiстерiн, жоспарларын, жай-күйi мен қызметiнiң нәтижелерiн ашатын мәлiметтер, сондай-ақ осы қызметтi қаржыландыру туралы деректер, егер бұл деректер аталған мәлiметтердi ашатын болса;
      8) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң барлау, қарсы барлау, жедел iздестiру қызметiнiң күштерiн, құралдарын, әдiстерiн, жоспарларын немесе нәтижелерiн ашатын мәлiметтер, сондай-ақ осы қызметтi қаржыландыру туралы деректер, егер бұл деректер аталған мәлiметтердi ашатын болса;
      9) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң барлау, қарсы барлау немесе жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын бөлiмшелерiмен құпиялық негiзде жұмыс iстейтiн (жұмыс iстеген) адамдар туралы мәлiметтер;
      10) үкiметтiк байланыс, шифрланған, құпияландырылған, кодталған немесе арнаулы байланыстың өзге де түрлерiнiң жүйесi туралы мәлiметтер және мемлекеттiк шифрлар, кодтар, оларды талдаудың әдiстерi немесе құралдары, шифрлау, құпияландыру, кодтау құралдары туралы ақпарат;
      11) Қазақстан Республикасының Президентi мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi ұйымдастыру, күштерi, құралдары және әдiстерi туралы, Қазақстан Республикасының Президентi мен оның отбасы мүшелерiнiң денсаулық жағдайы және жеке өмiрi туралы мәлiметтер;
      12) жоғары өкiмет және басқару органдарының басқа да күзетiлетiн адамдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi ұйымдастыруды, күштерiн, құралдарын немесе әдiстерiн ашатын мәлiметтер;
      13) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi бөлiмшелердiң күштерiн, құралдарын және әдiстерiн, сондай-ақ олар жүргiзген жедел-iздестiру және жедел-техникалық шараларды ашатын мәлiметтер;
      14) нақты адамдардың қылмыстық-атқару жүйесiнiң, кеден және салық органдары, сондай-ақ iшкi iстер органдары жедел бөлiмшелерiнiң кадрлық құрамына қатыстылығын ашатын мәлiметтер;
      15) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мүдделерiн қозғайтын қылмыстық iстер бойынша тергеу жүргiзудiң күштерiн, құралдары мен әдiстерiн ашатын мәлiметтер;
      16) мемлекеттiк құпияларды қорғауды ұйымдастыруды немесе оның iс жүзiндегi жай-күйiн ашатын мәлiметтер;
      17) ақпараттарды рұқсат етiлмей алудан, шетелдiк техникалық барлаудан және техникалық арналар арқылы өтiп кетуден қорғау жөнiнде жоспарланатын және (немесе) жүргiзiлетiн шараларды ашатын мәлiметтер;
      18) арнайы мақсаттағы бөлiмшелердiң қызметкерлерi, терроризмге қарсы операцияны жүргiзуге, терроризм актiсiн анықтауға, оның алдын алуға, жолын кесуге және ашуға қатысатын және (немесе) жәрдемдесетiн адамдар туралы және аталған адамдардың отбасы мүшелерi туралы мәлiметтер.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.03.16 N 163, 2002.07.10 N 338, 2009.12.10 N 228-IV (қолданысқа енгiзу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2010.04.08 № 266-IV, 2012.04.23 N 14-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Мәлiметтердi Қазақстан Республикасының
               мемлекеттiк құпияларына жатқызу тәртiбi

      1. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызуды мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тiзбесiне сәйкес мемлекеттiк органдардың басшылары жүзеге асырады.
      Аталған лауазымды адамдар басқаратын мемлекеттiк органдарға өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәлiметтерге билiк ету жөнiнде өкiлеттiк берiледi.
      2. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу олардың салалық, ведомостволық немесе бағдарламалық-нысаналық тиiстiлiгiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Басшыларына осы Заңның 11, 12, 13 және 14-баптары негiзiнде мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен құпияландыруға жататын мәлiметтердiң ведомостволық (салалық) тiзбелерiн әзiрлейдi. Аталған органдардың билiк етуi жөнiнде өкiлеттiк берiлген мәлiметтер осы тiзбелерге енгiзiледi және олардың құпиялылық дәрежесi белгiленедi. Қару-жарақтар мен әскери техниканың үлгiлерiн әзiрлеу мен жаңғырту, ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар жөнiндегi нысаналы бағдарламалар шеңберiнде аталған үлгiлер мен жұмыстарға тапсырыс берушiлердiң шешiмi бойынша құпияландыруға жататын мәлiметтердiң жекелеген тiзбелерi әзiрленуi мүмкiн. Бұл тiзбелердi тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшылары бекiтедi. Мұндай тiзбелердi құпияландырудың орындылығы олардың мазмұнымен айқындалады.
      3. Мәлiметтердi құпияландырудың принциптерiне сәйкес мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу қажеттiлiгiнiң негiздемесi осы мәлiметтер алынған (әзiрленген) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға жүктеледi.
      4. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызудың негiздiлiгiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. Сот мәлiметтердi құпияландырудың негiзсiздiгi туралы шешiм шығарған жағдайда бұл мәлiметтер осы Заңда белгiленген тәртiппен құпиясыздандырылуға тиiс.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

4-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары
болып табылатын мәлiметтер мен олардың көздерiн құпияландыру

      16-бап. Мәлiметтер мен олардың көздерiн құпияландырудың
               принциптерi

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәлiметтердi және олардың көздерiн құпияландыру заңдылық, негiздiлiк және уақтылығы принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Заңдылық - құпияландырудың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкестiгiн бiлдiредi.
      Негiздiлiк-қоғамның, азаматтар мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерiнiң тепе-теңдiгiн негiзге ала отырып, нақты мәлiметтердi құпияландырудың орындылығын, сол актiнiң болуы ықтимал экономикалық және өзге де салдарларын сараптамалық бағалау арқылы анықтау болып табылады.
      Уақтылығы - осы мәлiметтер алынған (әзiрленген) кезден бастап немесе алдын ала олардың таратылуына шек қоюды көздейдi.

      17-бап. Құпияландыруға жатпайтын мәлiметтер

      1. Мына мәлiметтер:
      1) азаматтардың қауiпсiздiгi мен денсаулығына қауiп төндiретiн төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың зардаптары туралы, сондай-ақ табиғи зiлзалалар, олардың ресми болжамдары мен зардаптары туралы;
      2) экологияның, денсаулық сақтаудың, санитарияның, демографияның, бiлiм берудiң, мәдениеттiң, ауыл шаруашылығының жай-күйi туралы, сондай-ақ қылмыстылықтың жай-күйi туралы;
      3) мемлекет азаматтарға, лауазымды адамдарға және ұйымдарға беретiн артықшылықтар, өтемақылар және жеңiлдiктер туралы;
      4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi алтын-валюта активтерiнiң және бағалы металдар мен асыл тастардың үкiметтiк (бюджеттiк) резервiнiң мөлшерi туралы;
      6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының заңдарды бұзу фактiлерi туралы;
      7) осы Заңның 14-бабында көзделген мәлiметтердi қоспағанда, саяси, әлеуметтiк және басқа себептер бойынша жаппай қуғын-сүргiндер туралы, соның iшiнде мұрағаттарда жатқан мәлiметтер құпияландырылмауға тиiс.
      2. Аталған мәлiметтердi құпияландыру туралы не оларды осы мақсатта мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерiне енгiзу туралы шешiм қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Азаматтар мұндай шешiмдерге сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

      18-бап. Мәлiметтердiң құпиялылық дәрежелерi мен бұл
               мәлiметтер көздерiнiң құпиялылық белгiлерi

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң құпиялылық дәрежесi аталған мәлiметтердi тарату салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мен мемлекеттiң, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн залалдың ауырлық дәрежесiне сәйкес келуге тиiс.
      2. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң құпиялылық үш дәрежесi және осы дәрежелерге сәйкес көрсетiлген мәлiметтердiң көздерiне арналған: "аса маңызды", "өте құпия" және "құпия" деген құпиялылық белгiлерi белгiленедi.
      Мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтерге "аса маңызды", "өте құпия" деген құпиялылық белгiлерi берiледi.
      Қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтерге "құпия" деген құпиялылық белгiсi берiледi.
      Аталған құпиялылық белгiлерiн мемлекеттiк құпияға жатқызылмаған мәлiметтердi құпияландыру үшiн пайдалануға, сондай-ақ көрсетiлген мәлiметтерге өзге де шектеу белгiлерiн беруге жол берiлмейдi.

      19-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының,
               мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының мәлiмет
               көздерiнiң құпияландырылуына байланысты оларға
               меншiк құқығы

      1. Мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген лауазымды адамдар, егер бұл мәлiметтер осы Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында немесе құпияландыруға жататын мәлiметтердiң ведомостволық (салалық) тiзбесiнде аталған болса, мәлiметтердi және азаматтар мен ұйымдардың (бұдан әрi - мәлiметтер көздерiнiң меншiк иесi) иелiгiндегi олардың көздерiн құпияландыру туралы шешiм қабылдауға құқылы. Аталған мәлiмет көздерiн құпияландыру мәлiметтер көздерi иесiнiң және осы мәлiметтер мен олардың көздерi қарауына көшетiн мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың арасындағы осы мәлiметтердi иелiктен айыру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Шартта:
      мәлiмет көздерiнiң құпияландырылуына байланысты оның иесiнiң құқықтарын шектеуге төленетiн өтемақының мөлшерi;
      мәлiмет көздерi иесiнiң аталған мәлiметтердi жария етпеу жөнiндегi мiндеттемесi айтылады.
      Мәлiмет көздерiнiң иесi иелiктен айырылудан бас тартқан жағдайда бұл мәлiметтер соттың шешiмi бойынша, иесiне иелiктен шығарылған мәлiметтердiң құны оларды иелiктен шығару жөнiндегi шығындар шегерiле отырып өтелiп, ерiксiз иелiктен шығарылуға жатады, сөйтiп оған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауаптылығы ескертiледi.
      3. Мәлiмет көздерiнiң иесi лауазымды адамдардың оның құқықтарына нұқсан келтiретiн iс-әрекеттерiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы. Сот лауазымды адамдардың iс-әрекетiн заңсыз деп таныған жағдайда мәлiмет көздерiнiң иесiне келтiрiлген зиянды өтеу тәртiбi заңдарға сәйкес сот шешiмiмен белгiленедi.
      4. Егер мәлiметтер Қазақстан Республикасының заңдары бұзылмай алынса (әзiрленсе), шетелдiк азаматтар мен ұйымдарға тиесiлi мәлiметтер мен олардың көздерiне меншiк құқығын шектеуге болмайды.

      20-бап. Мәлiметтер мен олардың көздерiн құпияландырудың
               тәртiбi мен мерзiмдерi

      1. Мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен азаматтардың қызметтерiнiң басқару, өндiрiстiк, ғылыми және өзге де түрлерiнiң нәтижесiнде алынған (әзiрленген) мәлiметтердi құпияландыру үшiн олардың мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген құпияландырылуға тиiстi мәлiметтер тiзбесiне сәйкес келуi негiз болып табылады. Бұл мәлiметтердi құпияландыру кезiнде олардың көздерiне құпиялылықтың тиiстi белгiсi берiледi.
      2. Алынған (әзiрленген) мәлiметтердi қолданылып жүрген тiзбелердегi мәлiметтермен бiрдей ету мүмкiн болмаған жағдайда, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары, азаматтар алынған (әзiрленген) мәлiметтердi құпиялылықтың жорамалды дәрежесiне сәйкес алдын ала құпияландыруды қамтамасыз етуге және бiр ай мерзiмде тиiстi тiзбенi бекiткен лауазымды адамның мекен-жайына оны толықтыру (өзгерту) жөнiнде ұсыныс жiберуге мiндеттi.
      Тiзбенi бекiткен лауазымды адамдар келiп түскен ұсыныстарға үш айдың iшiнде сараптамалық баға берудi ұйымдастыруға және қолданылып жүрген тiзбенi толықтыру (өзгерту) немесе мәлiметтерге алдын ала берiлген құпиялылық белгiсiн алып тастау жөнiнде шешiм қабылдауға мiндеттi. Мәлiметтер мен олардың көздерiн құпияландыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi құпияландыру мерзiмi отыз жылдан аспауға тиiс. Ерекше жағдайларда бұл мерзiм мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның қорытындысы бойынша ұзартылуы мүмкiн.
      Осы Заңның 12-бабының 36) тармақшасында көзделген мәлiметтердi құпияландыру мерзiмi жыл сайын тестiлердiң мазмұнын және оларға дұрыс жауаптардың кодтарын қалыптастыру сәтiнен бастап тестiлеу рәсiмi аяқталғанға дейiн белгiленедi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер
               көздерiнiң деректемелерi

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерiне:
      белгiлi бiр мемлекеттiк органда немесе ұйымда қолданылып жүрген, құпияландырылуға жататын мәлiметтер тiзбесiнiң тиiстi тармағына сiлтеме жасай отырып, көзде қамтылған мәлiметтердiң құпиялылық дәрежесi туралы;
      көздi құпияландыруды жүзеге асырған мемлекеттiк орган немесе ұйым туралы;
      тiркеу нөмiрi туралы;
      мәлiметтердi құпиясыздандырудың күнi немесе шарттары туралы не мәлiметтер қандай оқиға болғаннан кейiн құпиясыздандырылатыны туралы деректердi қамтитын деректемелер енгiзiледi.
      Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер көздерiне мұндай деректемелердi енгiзу мүмкiн болмаған жағдайда, бұл деректер осы көздерге iлеспе құжаттарда көрсетiледi.
      2. Егер көз құпиялылықтың әртүрлi дәрежесi бар құрамдас бөлiктердi қамтитын болса, бұл құрамдас бөлiктердiң әрқайсысына тиiстi құпиялылық белгiсi берiледi, ал тұтас алғанда көзге аталған көз үшiн мәлiметтердiң құпиялылығының жоғары дәрежесi бар оның құрамдас бөлiгiне берiлетiн құпиялылық белгiсiне сәйкес құпиялылық белгiсi берiледi.
      3. Көзге және (немесе) iлеспе құжаттамаға осы бапта келтiрiлген деректемелерден басқа лауазымды адамдардың осы көзде қамтылған мәлiметтермен танысу жөнiндегi өкiлеттiгiн айқындайтын қосымша белгiлер қойылуы мүмкiн.

5-тарау. Мәлiметтер мен олардың көздерiн құпиясыздандыру

      22-бап. Мәлiметтердi құпиясыздандырудың негiздерi

      1. Мәлiметтердi құпиясыздандыру үшiн: 
      Қазақстан Республикасында мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi ашық алмасу жөнiнде Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелер қабылдауы;
      объективтi мән-жайлар өзгерiп, соның салдарынан мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi одан әрi қорғаудың мәнi болмауы;
      осы Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында белгiленген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын Мәлiметтер тiзбесiнiң өзгеруi;
      мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi құпияландыру мерзiмiнiң аяқталуы;
      жедел-iздестiру қызметi нәтижелерiн қылмыстық процесте пайдалану қажеттiгi негiз болады.
      2. Басшыларына мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар мен ұйымдар дүркiн-дүркiн, бiрақ кемiнде әрбiр бес жылда осы органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген, құпияландыруға жататын мәлiметтер тiзбесiнiң мазмұнын мәлiметтердi құпияландырудың негiздiлiгi мен олардың бұрын белгiленген құпиялық дәрежесiне сәйкес келуi бөлiгiнде қайта қарауға мiндеттi.
      3. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда қолданылып жүрген құпияландыруға жататын мәлiметтер тiзбесiн өзгерту құқығы оларды бекiткен, мәлiметтердi құпиясыздандыру жөнiнде өздерi қабылдаған шешiмдердiң негiздiлiгi үшiн дербес жауап беретiн басшыларға берiледi. Аталған басшылардың құпияландырылуға жататын мәлiметтердiң тiзбесiн өзгертуге байланысты шешiмдерi мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiлуге тиiс.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.03.16 N 163 Заңымен.

      23-бап. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердiң көздерiн құпиясыздандырудың
               тәртiбi

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерi оларды құпияландыру кезiнде белгiленген мерзiмдерден кешiктiрмей құпиясыздандырылады. Егер мемлекеттiк органда немесе ұйымда олар құпияландырылған кезде негiзге алынған, қолданылып жүрген ережелер өзгерсе, көздер бұл мерзiмдер бiткенге дейiн құпиясыздандырылуға тиiс.
      Ерекше жағдайларда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерiн құпияландырудың бастапқыда белгiленген мерзiмдерiн ұзарту құқығы белгiленген тәртiппен өздерi тағайындаған сараптама комиссиясы қорытындысының негiзiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың тиiстi мәлiметтердi мемлекеттiк құпияларға жатқызу жөнiнде өкiлеттiк берiлген басшыларына берiледi.
      2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшыларына өздерiне бағынатын лауазымды адамдар негiзсiз құпияландырған мәлiметтердiң көздерiн құпиясыздандыру жөнiнде өкiлеттiк берiледi.
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк мұрағаттарының басшыларына қорды құрушы ұйым немесе оның құқықтық мұрагерi оларға мұндай өкiлеттiк берген жағдайда, бұл мұрағаттардың жабық қорларында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәлiметтердiң көздерiн құпиясыздандыру жөнiнде өкiлеттiк берiледi. Қорды құрушы ұйым таратылған және оның құқықтық мұрагерi болмаған жағдайда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерiн құпиясыздандыру тәртiбi туралы мәселенi мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган қарайды.
      3. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерiн құпиясыздандыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      24-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, мемлекеттiк
               органдары мен ұйымдарының мәлiметтердi
               құпиясыздандыру туралы сауалдарын орындау

      1. Азаматтар, мемлекеттiк органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына жатқызылған мәлiметтердi құпиясыздандыру туралы сауал салуға құқылы.
      2. Мұндай сауал алған мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, оның iшiнде мемлекеттiк мұрағаттар да оны бiр айға дейiнгi мерзiмде қарап, салынған сауалдың мәнi бойынша дәлелдi жауап қайтаруға мiндеттi. Егер олардың сауал салынған мәлiметтердi құпиясыздандыру туралы мәселенi шешуге құқығы болмаса, сауал осындай өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органға не мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға берiледi, ол туралы сауал салған азаматтарға, мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға хабарланады.
      3. Азаматтардың, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың салған сауалдарын орындау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

6-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары
болып табылатын мәлiметтерге билiк ету

      25-бап. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мемлекеттiк
               құпиялар болып табылатын мәлiметтердi беруi

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер берудi осы Заңның 15-бабына сәйкес осы мәлiметтерге билiк ететiн мемлекеттiк органның рұқсатымен, бағыныстылық қатынаста тұрмайтын және бiрлескен жұмыстар атқармайтын мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге сауал салушы мемлекеттiк органдар мен ұйымдар бұл мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз ететiн жағдай жасауға мiндеттi. Олардың басшылары мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтермен танысу жөнiнде белгiленген тәртiптiң сақталуы үшiн дербес жауап бередi.
      Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға беруге арналған мiндеттi шарт олардың осы Заңның талаптарын орындауы болып табылады.
      3. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      26-бап. Бiрлескен және басқа да жұмыстарды орындауға
               байланысты мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердi беру

      1. Ұйымдарға немесе азаматтарға бiрлескен және басқа да жұмыстарды орындауына байланысты мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер берудi осы Заңның 15-бабына сәйкес тиiстi мәлiметтерге билiк ететiн мемлекеттiк органның рұқсатымен және осы жұмыстарды орындау үшiн қажеттi көлемде ғана осы жұмыстарға тапсырысшы жүзеге асырады. Бұл орайда тапсырысшы мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер берiлгенге дейiн ұйымда тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi мәлiметтердi пайдалану арқылы жұмыстар жүргiзуге арналған рұқсаттың, ал азаматтарда - тиiстi рұқсаттың болуына көз жеткiзуге мiндеттi.
      2. Ұйымдар бiрлескен және басқа да жұмыстарды жүргiзуi (мемлекеттiк тапсырыстар алуы) және осыған байланысты мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдаланудың қажеттiгi туындаған кезiнде басқа ұйымдармен олардың мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметтерiн пайдалану туралы шарттар жасаса алады, ол туралы екi уағдаласушы тараптың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалана отырып жұмыс жүргiзуге рұқсаттарына тиiстi белгi қойылады.
      Бiрлескен және басқа да жұмыстарды жүргiзуге арнап белгiленген тәртiппен жасалған шартта тараптардың жұмыстарды жүргiзу процесiнде де, олар аяқталғаннан кейiн де мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi өзара мiндеттемелерi, сондай-ақ мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау жөнiндегi жұмыстарды (қызмет көрсетулердi) қаржыландыру шарттары көзделедi.
      3. Бiрлескен және басқа да жұмыстарды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк құпиялардың қорғалуын бақылауды ұйымдастыру тараптар жасасқан шарттың ережелерiне сәйкес осы жұмыстардың тапсырысшысына жүктеледi.
      Бiрлескен және басқа да жұмыстардың барысында атқарушы өзiне алған мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi мiндеттемелерiн бұзған жағдайда тапсырысшы жолсыздықтар жойылғанға дейiн тапсырысты орындауды тоқтата тұруға, ал мiндеттеме қайталап бұзылған жағдайда - мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалана отырып жұмыстар жүргiзуге арналған тапсырыс пен рұқсаттың күшiн жою туралы және кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл орайда атқарушының тапсырысшы арқылы мемлекетке келтiрген материалдық зияны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiлiп алынуға тиiс.
      4. Бiрлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      27-бап. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердi шет мемлекеттерге беру тәртiбi

      1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк құпиялар болып табылатын нақты мәлiметтердi шет мемлекетке беру туралы шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға осы Заңның 15-бабына сәйкес мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтерге билiк ету жөнiнде өкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органмен келiсiп, дәлелдi ұсыныс енгiзедi.
      2. Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган бұл мәлiметтердi берудiң мүмкiндiктерi мен орындылығы туралы сараптамалық қорытынды шығарады.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәлiметтердi шет мемлекеттерге беру туралы шешiмдi, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
      4. Қабылдаушы тараптың өзiне берiлетiн мәлiметтердi қорғау жөнiндегi мiндеттемесi онымен жасалатын шартта көзделедi.
      5. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi шет мемлекеттерге беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

7-тарау. Мемлекеттiк құпияларды қорғау

      28-бап. Құқық қатынастары субъектiлерiнiң меншiк
               нысандары мен мiндеттерi өзгерген кезде
               мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердi қорғау

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге билiк ететiн мемлекеттiк органдар мен ұйымдар өздерiнiң мiндеттерi, меншiк нысандары өзгерген, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтер пайдаланылатын жұмыстар таратылған немесе тоқтатылған жағдайларда, бұл мәлiметтер мен олардың көздерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. Бұл орайда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң көздерi жойылады, мұрағатқа сақтауға тапсырылады не белгiленген тәртiппен:
      егер бұл құқықтық мұрагердiң аталған мәлiметтердi пайдалану арқылы жұмыстар жүргiзуге өкiлеттiгi болса, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге билiк ететiн мемлекеттiк органның немесе ұйымның құқықтық мұрагерiне;
      осы Заңның 15-бабына сәйкес билiгiнде тиiстi мәлiметтер бар мемлекеттiк органға;
      мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi бойынша басқа мемлекеттiк органға немесе ұйымға берiледi.
      2. Құқық қатынастары субъектiлерiнiң меншiк нысандары мен атқаратын қызметтерi өзгерген кезде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      29-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарына,
               азаматтарына және шетелдiктерге мемлекеттiк
               құпияларға рұқсат ету

      1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен азаматтарына мемлекеттiк құпияларға рұқсат ету:
      мемлекеттiң алдында өздерiне сенiп тапсырылған, мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жарияламау жөнiнде жазбаша мiндеттеме қабылдауын;
      осы Заңның 32-бабына сәйкес өз құқықтарының iшiнара, уақытша шектелуiне келiсiмiн;
      өкiлеттi органдардың оларға қатысты тексеру шараларын жүргiзуiне жазбаша келiсiмiн;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары туралы оны бұзғаны үшiн жауаптылық көзделетiн заңдармен таныстыруды;
      мемлекеттiк орган немесе ұйым басшысының ресiмделушi адамға мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат ету туралы шешiм қабылдауын көздейдi.
      Тексеру шараларының көлемi ресiмделушi адамға рұқсат етiлетiн мәлiметтiң құпиялық дәрежесiне байланысты болады.
      Әкiмшiлiк пен ресiмделушi адамның өзара мiндеттемелерi еңбек шартында көрсетiледi. Құзыреттi органдар тексеру шараларын аяқтағанға дейiн еңбек шартын жасасуға жол берiлмейдi.
      2. Лауазымды адамдар мен азаматтарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудiң мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердiң үш құпиялық: ерекше маңызды, өте құпия немесе құпия дәрежелерiне сәйкес келетiн үш нысаны белгiленедi. Лауазымды адамдар мен азаматтардың неғұрлым жоғары дәрежедегi мәлiметтерге рұқсатының болуы құпиялық дәрежесi одан төменiрек мәлiметтерге рұқсат етуге негiз болып табылады.
      3. Лауазымды адамдар мен азаматтарға мемлекеттiк құпияларға рұқсат етiлуiн ресiмдеудiң немесе қайта ресiмдеудiң мерзiмдерiн, мән-жайларын және тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      4. Шетелдiктерге мемлекеттiк құпияларға Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын iске асыру шеңберiнде ғана рұқсат етiледi. Шетелдiктерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына рұқсат ету тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253 Заңымен.

      30-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
               немесе азаматына мемлекеттiк құпияларға рұқсат
               етуден бас тарту үшiн негiздер

      1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттiк құпияларға рұқсат етуден бас тартуға:
      оны соттың әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi деп тануы, онда заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған қасақана қылмыс жасағаны үшiн соттылығының болуы;
      денсаулық сақтау саласындағы өкiлеттiктi жүзеге асырушы мемлекеттiк орган бекiткен тiзбеге сәйкес онда мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жұмыстар жүргiзу үшiн медициналық тұрғыдан қарсы дәлелдемелердiң болуы;
      оның өзiнiң шетелде тұрақты тұруы және оның басқа мемлекетте тұрақты тұруға кету үшiн құжаттарды ресiмдеуi;
      тексеру шараларының нәтижесiнде ресiмделушi адамның Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн iс-әрекеттерiнiң анықталуы;
      оның тексеру шараларынан жалтаруы және (немесе) оның өзi және жақын туыстары туралы көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлауы негiз болып табылуы мүмкiн.
      2. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттiк құпияларға рұқсат етуден бас тарту туралы шешiмдi жеке тәртiппен тексеру шараларының нәтижелерiн ескере отырып, мемлекеттiк органның немесе ұйымның басшысы қабылдайды.
      3. Лауазымды адамның немесе азаматтың бұл шешiмге жоғары тұрған ұйымға немесе сотқа шағымдануына құқығы бар.

      31-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
               немесе азаматына мемлекеттiк құпияларға рұқсат
               етудi тоқтату шарттары

      1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттiк құпияларға рұқсат ету мемлекеттiк орган немесе ұйым басшысының шешiмi бойынша:
      оның өзiне алған мемлекеттiк құпияларды қорғауға байланысты еңбек шартында көзделген мiндеттемелердi бұзуы;
      осы Заңның 30-бабына сәйкес лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттiк құпияларға рұқсат етуден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың пайда болуы жағдайларында тоқтатылады.
      2. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудi тоқтату, онымен еңбек шартын әкiмшiлiктiң бастамасы бойынша бұзу үшiн қосымша негiздеме болып табылады.
      3. Мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудiң тоқтатылуы лауазымды адамды немесе азаматты мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi жарияламау жөнiндегi олар алған мiндеттемелерден босатпайды.
      4. Ұйым басшысының лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудi тоқтату және осының негiзiнде онымен жасалған еңбек шартын бұзу туралы шешiмiне жоғары тұрған ұйымға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.

      32-бап. Рұқсат етудi ресiмдеу кезеңiнде Қазақстан
               Республикасының мемлекеттiк құпияларға рұқсат
               етiлген немесе бұрын рұқсат етiлген лауазымды
               адамның немесе азаматының құқықтарын шектеу

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларға рұқсат етiлген немесе бұрын рұқсат етiлген лауазымды адамы немесе азаматы өзiнiң құқықтары жөнiнен уақытша шектелуi мүмкiн.
      Шектеу:
      мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудi ресiмдеу кезiнде еңбек
шартында көзделген мерзiмге республикадан тыс жерлерге шығу құқығына;
      мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар жаңалықтар мен өнертабыстарын пайдалану және мұндай мәлiметтердi тарату құқығына;
      мемлекеттiк құпияларға рұқсат етудi ресiмдеу кезеңiнде тексеру шаралары жүргiзiлген кезде жеке өмiрiне қол сұғылмаушылық құқығына қатысты болуы мүмкiн.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253 Заңымен.

      33-бап. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына
               немесе азаматына мемлекеттiк құпиялар болып
               табылатын мәлiметтерге рұқсат ету

      1. Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат етудi ұйымдастыру мемлекеттiк органның немесе ұйымның басшысына, сондай-ақ олардың мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерiне жүктеледi. Лауазымды адамға немесе азаматқа мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат ету тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшылары лауазымды адам немесе азамат мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтермен өздерiнiң лауазымдық (қызметтiк) мiндеттерiн орындауы үшiн қажет болатын және сондай көлемде ғана танысатын жағдай жасау үшiн дербес жауапты болады.
      3. Еңбек шарты бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының лауазымды адамына немесе азаматына мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат ету тоқтатылады.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253 Заңымен.

      34-бап. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердi пайдалану арқылы
               жүргiзiлетiн жұмыстарға рұқсат беру

      Ұйымдардың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалануға, мемлекеттiк құпияларды қорғау құралдарын жасауға, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiнде шаралар өткiзумен және (немесе) қызмет көрсетумен байланысты қызметi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен оның органдары беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
      Рұқсат ұйымдарға арнаулы сараптама жасаудың және олардың басшыларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылатын аттестаттаудың нәтижелерi негiзiнде берiледi.

      35-бап. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын
               мәлiметтердi қорғау құралдарын сертификаттау

      Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қорғау құралдарының Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берiлетiн, олардың тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi мәлiметтердi қорғау жөнiндегi талаптарға сәйкес келетiндiгiн куәландыратын сертификаты болуға тиiс.

      36-бап. Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi
               шараларды қаржыландыру

      1. Мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен бюджеттiк ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi қызметiн қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен, ал қалған ұйымдарда - мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалануға байланысты жұмыстарды орындау кезiнде олардың негiзгi қызметiнен алынатын қаражаттың есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi шараларды жүргiзуге бөлiнетiн қаржы қаражатының жұмсалуына бақылау жасауды мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшылары, жұмыстардың тапсырысшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң арнайы уәкiлдiк берiлген өкiлдерi жүзеге асырады. Егер бұл бақылауды жүзеге асыру мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерге рұқсат етiлуге байланысты болса, аталған адамдардың тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi мәлiметтерге рұқсаты болуға тиiс.

      37-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
               құпиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн
               жауапкершiлiк

      1. Мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары, азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
      2. Азаматтардың, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың осы Заңның қолданылу аясындағы құқықтары мен мүдделерiн қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253 Заңымен.

      38-бап. Халықаралық шарттар және Қазақстан
               Республикасының мемлекеттiк құпияларын
               қорғау

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

astana 20

ЛОГО ПРОМРЕВОЛЮЦИЯ КАЗ

egovkz kz

   
   
Разработка сайтов - SEOPRO