Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңы

 


 

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы мұрағат iсiн мемлекеттiк басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) мұрағат iсi - мемлекеттiк ұйымдар мен заңды және жеке тұлғалар қызметiнiң Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен коллекцияларын құру, олардың сақталуы мен пайдаланылуын ұйымдастыруға байланысты саласы;
      2) мұрағаттық құжат - қоғам үшiн маңыздылығына қарай, сондай-ақ меншiк иесiне құнды, сақталынатын немесе сақталуға жататын құжат;
      3) мұрағат - мұрағат құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ мұрағат мекемесi немесе мекеменiң, ұйымның немесе кәсiпорынның пайдаланушылар мүдделерi үшiн мұрағат құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi;
      4) мұрағат қорлары - бiр-бiрiмен тарихи немесе қисынды байланысты құжаттардың жиынтығы;
      5) мұрағат коллекциясы - қор құрушылар қызметiнде құрылған және бiр немесе бiрнеше белгiлерi бойынша бiрiктiрiлген құжаттардың жиынтығы;
      6) ведомстволық мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кiрмеген құжаттарды жинақтауды, уақытша сақтау мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк заңды тұлғаның мекемесi немесе құрылымдық бөлiмшесi;
      7) мемлекеттiк мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын жинақтауға (сатып алуға), тұрақты сақтауға және пайдалануды ұйымдастыруға құқық берiлген мемлекеттiк мекеме;
      8) Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қоры - Ұлттық мұрағат қорының мемлекет үшiн бiрден-бiр маңызы бар және жойылған жағдайда орны толмайтын құжаттарының сақтандыру көшiрмелерiнiң жиынтығы;
      9) құжат - материал көзiнде дәлме-дәл жазып алынған, бiр iзге түсiруге мүмкiндiк беретiн ақпарат;
      10) алып тасталды
      11) Ұлттық мұрағат қоры - заңда белгiленген тәртiппен ұлттық құндылық деп танылған барлық мұрағаттардың, мұрағат қорлары мен коллекцияларының, деректi ескерткiштердiң, тарихи, ғылыми, әлеуметтiк, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар құжаттардың жиынтығы;
      12) ресми құжат - жеке немесе заңды тұлға жасаған, белгiленген тәртiппен ресiмделiп, куәландырылған құжат;
      13) уәкiлеттi орган - мұрағаттар мен құжаттаманы басқарудың орталық мемлекеттiк органы;
      14) жеке мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кiрмеген құжаттарды жинақтауды, сақтауды, пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк емес заңды тұлғаның мекемесi немесе құрылымдық бөлiмшесi немесе жеке адамның қызметi, құжаттарды жинақтауы (сатып алуы) нәтижесiнде пайда болған мұрағаты;
      15) арнайы мемлекеттiк мұрағат – мұрағат мекемесi немесе осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көрсетiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органының бөлiмшесi;
      16) адам құрамы жөнiндегi құжаттар - қызметкерлердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар кешенi және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның аударылуы туралы мәлiметтер;
      17) мұрағат құжаттарын пайдаланушы - пайдалану мақсатында ақпарат алу үшiн мұрағат құжаттарына жүгiнетiн жеке немесе заңды тұлға.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат
              қоры және мұрағат iсi

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры (бұдан әрi - Ұлттық мұрағат қоры) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлiгi болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игiлiгi ретiнде мемлекет қорғайды.
      2. Ұлттық мұрағат қорына Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сақтаулы және халықаралық келiсiмдерге сәйкес Қазақстанға қайтарылуға тиiстi мұрағат құжаттары да жатады.
      3. Ұлттық мұрағат қоры қоғам мен мемлекеттiң қажеттерiн қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға қызмет етедi.
      4. Мұрағат iсiн дамыту мен жетiлдiруге қамқорлық жасауды мемлекет өз мойнына алады. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтау барлық жеке және заңды тұлғалардың мiндетi болып табылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры
             және мұрағаттар туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2-тарау. Ұлттық мұрағат қоры

      4-бап. Ұлттық мұрағат қорының құрамы

      1. Ұлттық мұрағат қорының құрамына:

      1) заң актiлерi және басқа да ресми құжаттар;

      2) басқару, ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық, технологиялық, патенттiк-лицензиялық, картографиялық, геодезиялық, геологиялық, телеметриялық және басқа да арнаулы құжаттама;

      3) электрондық ақпараттық ресурстар, машинамен оқуға бағдарланған және дыбыстық-бейне құжаттама;

      4) тарих пен мәдениеттi деректi ескерткiштерi;

      5) жеке адам тегiнiң құжаттары және ұлттық құндылық болып табылатын өзге де құжаттама;

      6) Қазақстан Республикасының меншiгiне түскен өзге де құжаттар;

      7) құжаттардың сақтандыру көшiрмелерi кiредi.

      2. Құжаттарды Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызу тәртiбi, олардың есебiн жүргiзiп, сақталуын ұйымдастыру осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Ұлттық мұрағат қоры ,  Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қоры туралы ережелермен белгiленедi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-бап. Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру негiздерi,
             толықтыру көздерi

      1. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттiк мұрағаттарының, Қазақстан Республикасы Президентi Мұрағатының , республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасы мемлекеттiк мұрағаттарының, облыстар, қалалар, аудандар мемлекеттiк мұрағаттарының және олардың филиалдарының, арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардың, кiтапханалардың, мұражайлардың құжаттары Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру негiзi болып табылады.

      2. Ұлттық мұрағат қорын толықтырудың көздерi:

      1) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Парламент пен жергiлiктi өкiлдi органдардың, Конституциялық Кеңестiң, Үкiметтiң, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, соттардың, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттiк заңды тұлғаларының, оның iшiнде шет елдегiлердiң де ведомстволық мұрағаттары;

      2) жеке мұрағаттар болып табылады.

      3. Ұлттық мұрағат қоры Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының меншiгiндегi мұрағат құжаттарын сыйға тарту, өсиет етiп қалдыру, сатып алу жолымен де толықтырылуы мүмкiн.

      4. Мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын қайтаруға шаралар қолданады, жинақталған және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды iздестiру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отырады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Құжаттарды, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен
             коллекцияларын Ұлттық мұрағат қорының құрамына
             жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерiн
             белгiлеу тәртiбi

       Ескерту. Тақырыбына өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      1. Құжаттарды, мұрағаттарды , мұрағат қорлары мен коллекцияларын Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерiн белгiлеу, сондай-ақ оларды Ұлттық мұрағат қоры құрамынан шығарып тастау құжаттардың құндылығына мемлекеттiк сараптама жасау негiзiнде жүргiзiледi. Құжаттардың жасалған жерi, мазмұны, сыртқы ерекшелiктерi олардың құндылығының өлшемдерi болып табылады. P030593

      2. Құжаттардың құндылығына мемлекеттiк сараптаманы уәкiлеттi орган құратын Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және (немесе) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құратын сараптау-тексеру комиссиялары жүргiзедi.

      3. Уәкiлеттi орган сараптау-тексеру комиссиясының қорытындысы негiзiнде:

      1) Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру мен толықтыру көздерiнiң тиiстi атқарушы органдармен келiсiлген тiзiмдерiн бекiтедi;

      2) құжаттарды, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен коллекцияларын Ұлттық мұрағат қоры құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығарып тастау туралы шешiмдер қабылдайды. Саяси және идеологиялық пiкiрлер бойынша Ұлттық мұрағат қоры құрамынан шығарып тастауға тыйым салынады;

      3) тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзiмi мен жою тәртiбiн белгiлейдi.

      4. Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру және толықтыру көздерi болып табылатын:

      1) республикалық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз;

      2) коммуналдық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының келiсiмiнсiз;

      3) жеке меншiктегi ұйымдардың құжаттарын мұрағаттың орналасқан жерiне қарай уәкiлеттi органның не облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының келiсiмiнсiз жоюға рұқсат етiлмейдi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын меншiктену
             құқықтарына кепiлдiк беру мен оларды қорғау

      1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мемлекеттiк және жеке меншiкте болады.

      2. Мемлекеттiк меншiктегi құжаттарға:

      1) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттi мұрағаттарындағы және олардың филиалдарында сақтаулы тұрған, соның iшiнде 1917 жылға дейiн жасалған, арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардағы, мемлекеттiк кiтапханалардағы және мұражайлардағы республикалық меншiктегi құжаттар, Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қоры, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламентiнiң, Үкiметiнiң, орталық атқарушы органдарының, Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Ұлттық Банкiнiң және басқа да республикалық мемлекеттiк заңды тұлғалардың қызметi нәтижесiнде жасалған және жасалып жатқан құжаттар;

      2) коммуналдық меншiктегi, облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық), қалалық, аудандық мемлекеттiк мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақтаулы, жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, соттардың, прокуратураның, коммуналдық кәсiпорындар мен басқа да мемлекеттiк заңды тұлғалардың қызметi нәтижесiнде жасалған және жасалып жатқан құжаттар жатады.

      3. Жеке, мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң қызметi немесе жинауы (сатып алуы) нәтижесiнде жасалған құжаттары жеке меншiкке жатады.

      4. Уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шекте Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын иелену және пайдалану құқықтары берiледi.

      5. Мұрағат құжаты меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз сот шешiмi негiзiнде ғана алып қойылуы мүмкiн. Мұрағат құжаттарының түпнұсқалары сот-тергеу iстерi үшiн алып қойылған жағдайда құжат иесiне олардың дубликаттары немесе көшiрмелерi қалдырылады. Сот (тергеу) процесi бiткеннен кейiн құжаттардың түпнұсқалары меншiк иелерiне қайтарылады.

      6. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншiк құқығын беруге байланысты мәмiлелер жасау объектiсi бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшiн басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды.

      7. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншiктегi құжаттары, меншiк иесiнiң уәкiлеттi органмен алдын ала жазбаша келiсiмiмен кейiн ғана және аталған құжаттардың дубликаттарын немесе көшiрмелерiн мемлекеттiк мұрағатқа тұрақты сақтауға тапсырған жағдайда сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi бола алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тыс жерлерге әкетуге болады.

      8. Жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың құжаттарын меншiктену құқығын мемлекетке беру тараптардың келiсiмi бойынша жасалады. Жеке адамдар құжаттарын пайдалануға шектеу мерзiмiн мұрағатқа берiлген кезден бастап 70 жылдан аспайтын уақытқа белгiлей алады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      8-бап. Заңды тұлғалар қайта құрылған не таратылған
             жағдайда мұрағат құжаттарына меншiк құқығы

      1. Мемлекеттiк ұйымдар жекешелендiрiлгенде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жекешелендiрiлгенге дейiн жасалған Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мемлекеттiк меншiк мәртебесiн сақтап қалады.

      2. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың шетел компаниясының немесе жеке адамның басқаруына берiлген мұрағаттары мемлекеттiк меншiк мәртебесiн сақтап қалады және мемлекетке қайтарылуға тиiс.

      3. Заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған кезде Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттар өңделген күйде құқық мұрагерлерiне берiледi.

      4. Заңды тұлғалар таратылған кезде Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттардың одан әрi сақталатын орны туралы шешiмдi, уәкiлеттi органмен келiсе отырып, тарату комиссиясы немесе конкурстық басқарушы қабылдайды.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.11.10. N 256 Заңымен.

3-тарау. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының мемлекеттiк
есебiн жүргiзу, оларды сақтау, сақталуын қамтамасыз
ету, тұрақты сақтауға беру

      9-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының мемлекеттiк
             есебiн жүргiзу

      1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары, олардың меншiк нысандарына қарамастан, орталықтандырылған мемлекеттiк есепке алынуға тиiс.

      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар құжаттардың құрамы туралы деректер есебiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзедi және осы деректердi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына ұсынады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       10-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының құрамы мен
              мазмұны және оны толықтыру көздерi туралы
              деректер жиыны (каталогы)

      1. Уәкiлеттi орган Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздерi туралы деректер жиынын (каталогын) жүргiзiп отырады.

      2. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың сауалдарын қанағаттандыру үшiн Ұлттық мұрағат қоры Құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынының (Каталогының) ақпаратына қол жеткiзiлуiн және пайдаланылуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұған осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      11-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтау

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары ведомстволық мұрағаттарда уақытша сақталу сатысынан өтедi, содан соң Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты сақтауға ерекше құқық берiлетiн Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк мұрағаттары мен олардың филиалдарына берiледi.
      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттiк мұрағаттар мен олардың филиалдары желiсiн Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдар бекiтедi.
      3. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын жинақтау, сақтау мен пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғалар ведомстволық және жеке мұрағаттар құрады.
      4. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншiктегi құжаттарын сақтау мен пайдалану жөнiндегi мiндеттемелер олардың меншiк иелерi мен уәкiлеттi орган қол қоятын шарттарда көрсетiледi.
      5. Мемлекет меншiгi болып табылатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының ресми түпнұсқаларымен жеке мұрағаттарды толықтыруға тыйым салынады.
      6. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
 

      12-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының сақталуын
              қамтамасыз ету

      1. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының меншiк иелерi олардың сақталуын қамтамасыз етуге және құжаттардың сақтандыру көшiрмелерiн жасауға мiндеттi.

      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары (мемлекеттiк меншiктегi), сондай-ақ мемлекеттiк мұрағаттар мен олардың филиалдарының үйлерi, үй-жайлары мен жабдықтары иелiктен шығаруға жатпайды.

      3. Мұрағат қорлары, мұрағат коллекциялары, олардың бөлiктерi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының объектiлерiне жатқызылуы және тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiне енгiзiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.11.10 N 256, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      13-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты
              сақтауға беру

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары ведомстволық мұрағаттарда сақтау мерзiмi өткен соң мемлекеттiк мұрағаттарға тұрақты сақтауға берiлуге тиiс.
      1-1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын өңдеу мен беру құжаттарды мұрағаттарға беретiн заңды тұлғалардың күшi мен қаражаты есебiнен, уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
      2. алып тасталды
      3. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге берудi ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-тарау. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдалану

      14-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдалану
               тәртiбi

      1. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      2. Ведомстволық және жеке мұрағаттарда сақталатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын пайдалану тәртiбiн уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жеке және заңды тұлғалар белгiлейдi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын пайдаланудағы
              жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен
                мүдделерiне кепiлдiктер

      1. Мемлекеттiк меншiк болып табылатын мұрағат құжаттарындағы ақпараттар мемлекеттiк интеллектуалдық меншiгi ретiнде Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мұрағаттары мен олардың филиалдарындағы құжаттар, сондай-ақ оларға арналған ақпарат жүйесi олар мемлекеттiк мұрағаттар мен филиалдарға келiп түскен соң бiр жыл өткеннен кейiн жұртшылықтың пайдалануы үшiн ашылады.

      3. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншiктегi құжаттарын пайдалану меншiк иесiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттiк және ведомстволық мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақталатын, пайдалану үшiн ашылған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тегiн пайдалануға құқығы бар. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына құжаттарды пайдалануды шектеу осы Заңның 16-бабында белгiленiп отыр.

      5. Мемлекеттiк, ведомстволық және жеке мұрағаттар жеке және заңды тұлғаларға өздерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн құжаттар негiзiнде тиiстi мұрағаттық анықтамалар берiп отыруға мiндеттi. Заңды және жеке тұлғалардың мұрағаттық құжаттан куәландырылған мұрағаттық көшiрмелер мен үзiндiлер алуға құқығы бар. Мемлекеттiк мұрағаттар мен олардың филиалдары, ведомстволық және жеке меншiк мұрағаттар берген көшiрмелер мен үзiндiлер түпнұсқалық заңды күшi бар ресми құжаттар болып табылады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 Заңымен.

      16-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын
              пайдаланудағы шектеулер

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құпиялары бар құжаттарын пайдаланудағы шектеулер, оларды құпиясыздандыру және жалпы пайдалануға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      2. Құжаттарды кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдардың пайдалануына тыйым салынады.

      3. Пайдалануға шектеу қоюға құқығы бар меншiк иелерiнiң мұрағат құжаттарын олардың өздерi немесе құқық мұрагерлерi (мұрагерлерi) келiсiм бергенде ғана пайдалануға болады.

     16-1-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын
               пайдаланушылардың мiндеттерi

      Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдаланушылар:

      1) пайдаланылатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      2) пайдаланылған құжаттар мәтiнiнiң өңiн айналдыруға және оны бұрмалауға жол бермеуге;

      3) құжаттарды жариялаған кезде олардың сақталу орнын және оның иесiн көрсетуге мiндеттi.
      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 Заңымен.

      17-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын коммерциялық
              мақсатта пайдалану

      1. Мемлекеттiк мұрағаттар ақылы негiзде жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге құқылы. P020183
      Мемлекеттiк мұрағаттардың ақылы жұмыстары мен қызметтерiне тек қана:

      1) ұйымдар мұрағаттарының және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерiнiң жұмысын жетiлдiру жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды әзiрлеу және енгiзу;

      2) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу;

      3) жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтiнiмдерi) бойынша құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың қазiргi заманғы негiздерiн оқыту жөнiндегi курстар мен семинарларды өткiзу;

      4) мұрағат iстерi мен құжаттарды реставрациялау, түптеу, мұрағаттық қораптар дайындау;

      5) мұрағат құжаттарының сақтандыру көшiрмелерiн дайындау, мәтiндерiн қалпына келтiру, микрофильмдердiң, кино құжаттарының, фото негативтерiнiң, құжаттардың түрлi-түстi слайдтарының, сондай-ақ қағаздағы және электрондық негiздегi құжаттардың көшiрмелерiн түсiрiп алу;

      6) мұрағат қорларына ғылыми-анықтамалық аппарат жасауда және оны жетiлдiруде әдiстемелiк және практикалық көмек көрсету;

      7) тапсырыстар (өтiнiмдер) бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттағы ақпаратты анықтауды жүргiзу және мұрағат құжаттарының көшiрмесiн алу жатады.

      2. Құжаттарды коммерциялық жолмен пайдалану кезiнде оларға меншiк құқығы олардың меншiк иесiнде сақталады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05 N 165 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.05.08 N 247 Заңдарымен.

5-тарау. Мұрағат iсiн мемлекеттiк реттеу мен басқару

      18-бап. Мұрағат iсiн мемлекеттiк реттеу

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асыратын мұрағат iсiн мемлекеттiк реттеу мәселелерiне:
      1) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, басқа да мұрағат құжаттарын мемлекеттiк және арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардың толықтыруы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларын бекiту;
      2) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгiлiк қағидаларын бекiту;
      3) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың қызметiнде жасалатын үлгiлiк құжаттар тiзбесiн олардың сақталу мерзiмдерiн көрсете отырып бекiту;
      4) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын және басқа да мұрағат құжаттарын ведомстволық және жеке мұрағаттардың қабылдауы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларын бекiту;
      5) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
      2. Уәкiлеттi орган жүзеге асыратын мұрағат iсiн мемлекеттiк реттеу мәселелерiне:
      1) мұрағат iсi мен құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекiту;
      3) Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттiк және арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардың сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелердi бекiту;
      4) Қазақстан Республикасында мұрағат iсiн дамыту және құжаттама жүргiзу бағдарламаларының жобаларын әзiрлеу және оларды iске асыру;
      5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мiндеттi ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерiн, тексерулер жүргiзудiң жартыжылдық жоспарларын әзiрлеу және бекiту;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мұрағаттарынан шығатын мұрағат анықтамаларына және мұрағат құжаттарының көшiрмелерiне апостиль қою;
      7) Ұлттық мұрағат қорының құжаттары бойынша ақпараттық желi және деректер қорын құру;
      8) мемлекеттiк мұрағаттардың қызметi үшiн оңтайлы жағдайлар жасау;
      9) автоматтандырылған мұрағаттық технологиялар әзiрлеу мен енгiзудi ұйымдастыру;
      10) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын басып шығаруды ұйымдастыру, сондай-ақ құжаттарды мемлекеттiң, қоғамның және азаматтардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
      11) Ұлттық мұрағат қорын және Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қорын қалыптастыру мен олардың жұмыс iстеуi, Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету;
      12) республикалық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткiштердi қорғау, оларды сақтау және пайдалану;
      13) Қазақстан Республикасының тарихы жөнiндегi шет елдердегi мұрағат құжаттарын жинау мен оларды елге қайтару;
      14) мұрағаттану, құжаттану және қосымша тарихи пәндер саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдiстемелiк қызметтi дамыту, ғылыми-техникалық прогресс жетiстiктерiн пайдалану;
      15) мұрағат iсiн басқару және жүргiзу органдарының қызметiне әдiстемелiк басшылық жасау және оны үйлестiру;
      16) iс жүргiзу мәселелерiне салааралық ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және iс жүргiзудiң жай-күйi мен құжаттардың сақталуын бақылау;
      17) осы Заңның, Қазақстан Республикасы Үкiметi қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан мұрағат iсi саласындағы бақылау;
      18) мұрағат iсi жөнiндегi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн қамтамасыз ету;
      19) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асыратын қатынастарды мемлекеттiк реттеу және мұрағат iсiн басқару мәселелерiне:
      1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мұрағат iсiнде және құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк мұрағаттарының сақтауына қабылданған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк мұрағаттарында сақталатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
      4) коммуналдық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткiштердi қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;
      5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мұрағат iсiн дамыту және құжаттама жүргiзудiң өңiрлiк мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыру;
      6) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
      7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк мұрағаттарында сақталатын Ұлттық мұрағат қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;
      8) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында орналасқан, Ұлттық мұрағат қорын толықтыру көздерi болып табылатын ұйымдарда iс жүргiзудiң жай-күйiне, құжаттардың сақталуына ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және бақылау жасау;
      9) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;
      10) сараптау-тексеру комиссиясы туралы ереженi бекiту;
      11) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
      12) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тарихы бойынша мұрағат құжаттарын жинау және қайтару;
      13) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18-1-бап. Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған
                және жеке меншiк мұрағаттарда сақталатын
                құжаттардың сақталуын мемлекеттiк бақылау

      1. Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке меншiк мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      19-бап. Мұрағат iсiн мемлекеттiк басқару

      1. Мұрағат iсiн мемлекеттiк басқаруды уәкiлеттi орган мен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Уәкiлеттi органның нұсқаулары жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
      3. алып тасталды
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасындағы мұрағат iсiн
              басқару мен жүргiзу органдарының жүйесi

      Мұрағат iсiн басқару мен жүргiзу органдарының жүйесiне:

      1) уәкiлеттi орган, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары);

      2) мұрағат мекемелерi: Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк мұрағаттары, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының орталық мемлекеттiк мұрағаттары, облыстардың, қалалардың, аудандардың мемлекеттiк мұрағаттары мен олардың филиалдары кiредi.

      21-бап. Мұрағат iсiн басқару мен жүргiзу органдарын
              қаржыландыру және материалдық-техникалық
              жағынан қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасы уәкiлеттi органын, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары, олардың жүйесiндегi мұрағат мекемелерiн қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы
               мемлекеттiк мұрағаттары

      1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органда, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнде және Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгiне (қаржы полициясы) арнаулы мемлекеттiк мұрағаттар құрылуы мүмкiн.
      2. Арнайы мемлекеттiк мұрағаттар құру Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсiмен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының осы Заңда белгiленген тәртiппен арнаулы мемлекеттiк мұрағаттар құрылған мемлекеттiк органдарына өздерiнiң қызметiне қатысты мұрағат құжаттарын жинақтау (сатып алу), тұрақты сақтау және пайдалану құқығы берiледi.
      4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк мұрағаттары қызметiнiң тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерic енгiзiлдi - ҚР 2003.05.08 N 413, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.05.27 № 279-IV, 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

      23-бап. Халықаралық байланыстар мен қарым-қатынастар

      1. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының меншiк иелерi - жеке және заңды тұлғалар халықаралық байланыстар мен тiкелей қарым-қатынастар орнатып, жасап отыруға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасының мүдделерiне нұқсан келтiрмесе, мемлекет мұрағат құжаттарын бiрлесiп пайдалану жөнiнде Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң мұрағат мекемелерi арасындағы қарым-қатынастардың кеңейтiлуiне жәрдемдеседi.

      24-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының мұрағат iсi жөнiндегi заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

      25-бап. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың
              мұрағатты пайдалану құқығы

      1. Мұрағат құжаттарын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын негiздерде пайдаланады.

      2. Өз мұрағаттарына Қазақстан азаматтарына кiруге шектеу көзделген мемлекеттердiң азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында сондай шектеу белгiленуi мүмкiн.

      26-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын Қазақстан
              Республикасынан тыс жерлерге әкету

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

      2. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органы Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тәртiпке сәйкес рұқсат беруге құқылы.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      27-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры
              және мұрағаттар туралы заңдарын бұзғаны үшiн
              жауапкершiлiк

      1. Мұрағат iсi жөнiндегi заңдарды бұзуға кiнәлi болған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      2. Ұлттық мұрағат қорына келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтелуге тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

astana 20

ЛОГО ПРОМРЕВОЛЮЦИЯ КАЗ

egovkz kz

   
   
Разработка сайтов - SEOPRO